2015 жылы облысымызда АИТВ (ВИЧ) инфекциясына шалдыққан 500-ден астам адам есепте тұрса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш екі есеге дейін артқан. Өкінішке қарай, өңіріміз айықпас дертке шалдығу жағдайы бойынша республикада алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр.
Мамандар мұндай жағдайға облысымызда соңғы екі-үш жылда есірткінің жаңа түрлері – синтетикалық психобелсенді заттардың кең таралуы әсер еткенін айтады. Өйткені, еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда облысымызда АИТВ инфекциясын негізінен парентеральды жолмен, яғни, инъекциялық есірткі және психобелсенді заттарды қабылдау кезінде жұқтырғандар көп. Биыл нашақорлықтың кесірінен айықпас дертке шалдыққандардың үлесі 60 пайызды құраған.
Айықпас дертке шалдыққандардың 80 пайызы – 30 бен 49 жас аралығындағы азаматтар. Олардың ішінде отбасының арқа сүйері боларлықтай ерлер басым. Науқастардың дені жұмыссыздар.
Облыстық ЖИТС-тің (СПИД) алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары АИТВ инфекциясына шалдығушылар өсімі өткен жылы сәл де болса азайғанын айтады.
– Былтырғы жылдың алғашқы он айында 170 адамда АИТВ инфекциясы анықталды. 2017 жылдың сәйкес мерзімінде осындай 230 жағдай тіркелген болатын. Соған қарап бүгінде облысымызда АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланып, қадағалауға алынып отыр, – дейді аталмыш орталықтың бас дәрігері Айман Сыздықова.
Жуырда өңірімізде халықаралық ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған айлық акция тамамдалды. Осы уақыт ішінде мамандар жұртшылық назарын дерттің таралу мәселесіне аудартып қана қоймай, тұрғындарды тексерілуге шақырды. Орталық жүргізген есеп бойынша АИТВ-мен өмір сүретін солтүстікқазақстандықтардың 80 пайызы ғана ауруының қаншалықты ауыр екенін біледі. Сондай-ақ, өз жағдайынан беймәлім науқастар, қауіпті сезсе де, тексерілуге жүрексініп жүрген жандар баршылық. Мәселен, акция барысында ерікті түрде тексеруден өткен 8 мыңға жуық тұрғын ішіндегі тоғыз адамның бойынан АИТВ инфекциясы анықталған.
– Адамның иммун тапшылығы вирусы туралы алғаш рет белгілі бола бастаған кезде, ол жыныстық қызмет көрсетушілер мен нашақорларға ғана тән ауру ретінде қабылданып, мұндай көзқарас көпке дейін сақталып келді. Шындығын айтсақ, бұл стереотип әлі де түпкілікті жойылған жоқ. Және ол АИТВ анықталған адамдардың өміріне айтарлықтай кедергі келтіруде. Қоғамның науқас адамдарды шеттетуі АИТВ инфекциясының таралуын тежеуге кері әсерін тигізеді. Өйткені, ондай адамдардың тексеруден өтуге батылы жетпейді немесе емделуден мүлдем бас тартады. Әлі күнге дейін АИТВ инфекциясына шалдыққан адамдар үшін ең ауыры – дертін мойындау. Дегенмен, соңғы жылдары халықтың ақпараттандырылу деңгейінің өсуінің арқасында бойында қауіпті вирусы бар адамдарға көзқарас өзгерді. Иә, біздің емделушілеріміздің көбі нашақорлар. Қазіргі күні дертке шалдыққандар психологиялық қолдауға ие. Әлеуметтік желі арқылы өзара байланыс орнатып, бір-біріне демеу болуы да дертпен өмір сүрушілер үшін үлкен көмек, – дейді орталықтың бас дәрігері.
Иммундық жүйе жасушаларын зақымдайтын вирусқа қарсы ем қабылдамаған науқас жиі ауырады, денесінде көк дақтар пайда болып, тоқтаусыз өрши береді. Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласады. АИТВ індетінің осы соңғы кезеңінде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Осылайша, емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.
Елімізде АИТВ инфекциясына шалдыққан әрбір адамның тегін ретровируске қарсы ем қабылдау мүмкіндігі бар. Мұндай ем қандағы вирус көлемін азайта алады. Емнің арқасында кейде вирус көлемі өте аз деңгейге жетіп, оны сараптама арқылы анықтау қиынға соғады. Бұл жағдайда адам өзін жақсырақ сезініп, өмір сүру жасы ұзарады. Сондай-ақ, бұл вирустың өзгелерге жұғу қаупін төмендетеді. ЖИТС-тен айығу мүмкін емес. Алайда, АИТВ инфекциясының таралуын тоқтатуға болады. Сондықтан да дәрігерлер адамдарға саламатты өмір салтын ұстану, денсаулықты күту қажеттілігі туралы айтудан еш жалықпайды.
Бүгінде АИТВ инфекциясына шалдыққан солтүстікқазақстандықтардың 75 пайызы ғана тұрақты түрде ем қабылдауда. Облыстық ЖИТС орталығы емделушілер санын 90 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Жалпы бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы 2030 жылға дейін ЖИТС эпидемиясын тоқтату бойынша алға қойған міндеттердің бірі болып табылады. ЖИТС-ке қарсы күрес жүргізуші жергілікті дәрігер, психолог, эпидемиолог, инфекционистер де осы міндеттерді іске асыруға талпынуда. АИТВ-ның алдын алу шараларын қарқынды түрде жүргізу үшін орталық мамандары денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының, полиция департаментінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Өңірімізде есірткі қолданушылардың есебінен АИТВ инфекциясына шалдығу жағдайлары жиілегенін жоғарыда атап өттік. Бұл ретте, әрине, күресті есірткі таратушылардан бастап жүргізу қажет екендігі түсінікті. Қазір есірткі саудалаушылар мен іздеушілердің тоғысатын орны – әлеуметтік желі. Соңғы уақытта белең алған синтетикалық психотропты заттардың саудасына дем беріп тұрған да – осы интернет. “Спайс”, “тұз” деп аталатын заттар есірткіге тәуелділікті қалыптастыратындығымен қауіпті. Облыс полицейлері жыл бойына синтетикалық есірткілерді сатумен айналысатын алпыс шақты сайтты анықтаған. Олардың барлығы бұғатталды. Алайда, бұл жаңа интернет арналардың ашылуына кедергі келтірмейді.
Бүгінде көпшілігіміз қаладағы тұрғын үй нысандары немесе өзге де ғимараттар сыртында ашықтан-ашық есірткі сайттарының жарнамаланып тұрғанын байқаймыз. Бірақ мұндай граффитилерге тиісті органдар мән бергенге дейін қаншама жас көрсетілген сілтемелерге кіріп, есірткі таратушылармен байланысып үлгереді?! Полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзиди бүгіндері мұндай заттарды таратушылармен күрес әзірге жұртшылықтың, белсенді азаматтардың көмегімен жарнамаларды дер кезінде өшіру арқылы ғана жүргізіліп жатқанын айтады.
Бүгінде облыстық наркология орталығында 800-ге жуық есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Олардың қатарын бірнеше сағаттық жан ләззатын іздеп жүріп, есірткінің қармауына түскендер толтырмасына кім кепіл? Ал мұның соңы қорқынышты дертке әкеліп жатқанын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.