«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТТЫ ҚОНЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкімет қаулысына сәйкес еңбек күші көп өңірлердің тұрғындарын солтүстік өңірлерге көшіру жалғасуда. Өткен жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан 414 отбасы (1396 адам) көшіп келіп, 126 елді мекен мен облыс орталығына орналастырылды.

Еңбек нарығын нығайту, кадр тапшылығын жою мақсатында жүргізіліп отырған ауқымды жоба нәтижесін беруде. Оңтүстіктен көшіп келіп жатқан ағайындарымыздың бойында ертеңгі күнге деген сенімнің нық екенін байқауға болады. Әрқайсысы кәсіп қылып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы төлеу көзделген. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық төлемдерді өтеу бойынша шығындар мемлекет есебінен жүргізілуде. Бұл орайда берілетін қаржы көлемі отбасы құрамы мен қоныс аудару жеріне байланысты белгіленеді. Бұдан басқа, өңірімізді таңдағандардың ішінде 238 отбасы тұрғын үйлерін толықтай сатып алды, қалғаны берешектерін жалға алу жоспары бойынша өтеуде. Бүгінде қоныс аударған 600-ден астам адам жұмыспен қамтылған. 45 студент өзге қатарластарымен бірге оқу орындарында білім нәрінен сусындауда. Жергілікті атқарушы билік өкілдері көшіп келушілерге жұмыс беру мәселесін оңтайлы шешуде.

Еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бойынша жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден тұрғындарды тарту биыл да жалғасын табады. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау саласындағы мамандар қатарын толықтыруға оң ықпал етеді деген үмітіміз бар. Оңтүстіктен көшіп келгендердің қатарында дәрігерлер мен басқа да медицина қызметкерлерінің болуын қадағалаймыз. Мәселен, соңғы екі жылда өзге өңірлерден Аққайың аудандық ауруханасына жоғары санатты 4 дәрігер шақыртылды. Солардың қатарында Шымкент қаласынан көшіп келген ерлі-зайыпты Құлдашевтар бар. Отағасы Ергеш Юлдашұлы аудандық ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып қызмет етеді. Зайыбы Гүлчехра Дехкамбайқызының да мамандығы дәрігер. Ол біліктілікті жетілдіру курсын тамамдаған соң аталмыш мекемеге дерматолог-венеролог болып жұмысқа қабылданды. Аудан тұрғындары түйткілді мәселенің шешімін таба бастағанына дән риза. Аталмыш отбасы аудандық аурухана берген қызметтік үйге жайғасып, балалары жергілікті білім ордаларына барып жүр.

2017 жылы жалпы тәжірибедегі дәрігер Жанзада Әділова Смирново ауылына көшіп келген еді. Жас маманға жаңа тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер берілді. Аққайыңдық қыз-келіншектер оңтүстіктен келген дәрігер Жанар Алтынбековаға да дән риза. Бұған дейін акушер-гинеколог маманға зәру ауыл тұрғындары енді ұзынсонар кезекке тұрмайды. Жанар Сейдәзімқызы өзіне жүктелген істі абыроймен атқаруға тырысуда. Сонымен бірге қоныс аударғандардың қатарында Балнұр Әбуова мен Гүлмира Мырзаева да бар. Олар да тиісті мамандығы бойынша ауруханада қызмет етіп келеді. Осылай денсаулық сақтау саласы бойынша аудандағы кадр тапшылығы толығымен шешілді.

Өзге облыстардан көшіп келген отбасыларды жаңа ортаға бейімдеу, олардың тұрмыстық жағдайын шешуге жәрдемдесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, елді мекендерге тұрақтаған азаматтарға жер учаскелері бөлініп, егіншілікпен айналысуға ден қойғандардың қатары көбейіп келеді.

“Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облысымыз қоныс аударушыларға 302 елді мекенде тұрғын үй салу және сатып алу бойынша кешенді жоспар әзірледі. Осыған орай, биыл 600 баспана тұрғызу көзделген. Ал 2020 жылы – 1 мың, 2021-де 1400 тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Алма МАХМЕТОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp