Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жан-жақты сапалы қарау, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокурорлар жұмысының басты бағытының бірі болып табылады. 2018 жылы Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасына азаматтар мен заңды тұлғалардан 22 өтініш келіп түсті. Ал бір жыл ішінде тоғыз азамат прокурорлардың жеке қабылдауында болды.
Прокуратураға келіп түскен өтініштердің жартысы қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысына, тоғызы – әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты, екеуі – әкімшілік істің сот актілерімен келіспеуіне байланысты болды, төрт өтініш қанағаттандырылмады, екі өтінішке түсініктеме берілді. Он алты өтініш басқа органдар мен ведомстволарға жолданды.
Өздерінің мәселелерін прокуратура органдарына жіберген кезде арызданушылар көп жағдайда өткен жылдан бастап қолданысқа енгізілген прокурорлардың өтініштерді қарауының жаңа тәртібінен хабарсыз екені байқалады.
“Прокуратура туралы” Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес прокуратура органдары бұдан былай өтініштерді Президенттің тапсырмасы болған; адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамның және мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігіне орны толмас салдарға алып келетін қатер төнген; денсаулығының физикалық немесе психикалық бұзылуына және өзге де мән-жайларға байланысты адам өзін-өзі қорғай алмаған; шектелмеген адамдар қатарының құқығын бұзған, яғни объективті түрде адамдар қатарын анықтау мүмкін болмаған жағдайларда қарайды.
Бұл ретте, өтініштердің аталған санатын прокурорлар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықтың бұзылуы немесе оның болу қатері, сондай-ақ, бақылаушы яки қадағалаушы органның мүдделер қақтығысы болған немесе олардың шешіміне шағымданған жағдайларда ғана қарайды.
Сондықтан егер өтініштер аталған өлшемдерге сәйкес келмесе, онда азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінулері қажет.
Бұл талаптар, қарау тәртібі қылмыстық процестік, азаматтық процестік, әкімшілік құқық бұзушылық заңнамаларында, сондай-ақ, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы заңнамаларда белгіленген өтініштерге қолданылмайды. 2017 жылдан бастап азаматтық істер бойынша соттар шешімдеріне наразылық келтіру туралы прокурорлардың өтініш хаттарын қарау тәртібі өзгергеніне де назар аудару қажет.
Азаматтық процестік кодекстің 435-бабының жаңа редакциясына сәйкес процеске қатысушылардың өтініш хаттары бойынша Бас прокурор прокурорлардың қатысуларымен қаралған азаматтық істер бойынша ғана наразылық келтіруге құқылы. Осы кодекстің 54-бабының 2-бөлігі прокурорды үш жағдайда, егер дау мемлекеттің, қоғамның немесе өзін-өзі қорғай алмайтын азаматтардың мүдделерін қозғайтын болса ғана қатысуға міндеттейді.
Бұл Бас прокуратура бұдан былай басқа даулар бойынша сот актілеріне Жоғарғы сотқа наразылық келтіру туралы өтініш хатты қарай алмайды дегенді білдіреді. Азаматтар мен заңды тұлғалар заңды күшіне енген шешімдерге Жоғарғы сотқа шағымдануы тиіс.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды білу арыз берушілерге бірден тиісті мекемеге жүгінуге мүмкіндік береді, бұл олар көтеріп отырған проблеманың шешілуін жылдамдатады.
“100 нақты қадам” жоспарын іске асыру шеңберінде Бас прокуратураның және облыс прокуратураларының жанынан құрылған құқық қорғау қызметі орталықтары азаматтарға олардың құқықтық дауларын шешу кезінде елеулі көмек көрсетіп отырғанын атап өту қажет.
Орталықтардың негізгі міндеттері қолжетімді қызмет көрсету, шағымдарды жедел шешу, құқық қорғау органдарына азаматтардың сенімдерін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою болып табылады. Оларда күн сайын тәжірибелі прокурорлар қабылдауды жүзеге асырады, адвокаттар, медиаторлар, сот орындаушылары, пробация қызметінің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері білікті және тегін құқықтық қызмет көрсетеді. Былтыр еліміздің аумағындағы осындай орталықтарда 27 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсетілді.
Гүлдана БЕКМҰХАМБЕТОВА, Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасының прокуроры.