«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ ҚОНҒАН БЕКСЕЙІТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы “Ауыл – ел бесігі” жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек” – деп айтқан болатын. Атақоныс – ауылымыздың көркейіп, гүлдене түсуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, әрине, нұр үстіне нұр емес пе?!

Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылы – 1929 жылы құрылған елді мекен. Ауылдың атауы Бек пен Сейіт деген аталарымыздың құрметіне орай таңдалған екен. Соғыс кезінде ауыл тұрғындары тылда жұмыс істеп, майдан даласындағы жауынгерлерге қолдан келген көмегін аямаған. Солардың ішінде Бикамал Құсайынова, Қайнипа Жүсіпова апаларымыз да бар. Ауыл азаматтары екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Ноғай Жүнісов, Шаяхмет Құжымов, Сейіт Қонтаев, Көпей Бәжімов пен басқа да батыр аталарымызға қарап бой түзеді.

Бүгіндері Новомихайловка ауылдық округінің құрамына енетін Бексейіт елді мекенінде бір жүзден астам үй бар. Біздің ауылдың ырысы молайып, табысы еселенуіне “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің көмегі зор. Ауылдың жанашырына айналған Еркебұлан Мәмбетовтің көпшілік бүгіндері егіншілікпен бірге мал шаруашылығымен де айналысатынын жақсы біледі. Жергілікті тұрғындарды, әсіресе, жастарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық ауылдың дамуына үлесін қосуда. Екі қолға бір күрек табылғандықтан елді мекеннің іргесі сөгілмей, қайта жыл санап тұрмысы түзеліп келеді. Бү-гінгі таңда серіктестікте 235 адам жұмыс істейді. Жаңа үйлер бой көтеріп, ауыл ажарлана түсуде. Сондықтан да ата-баба қонысын тастап кетіп жатқандар жоқ.

Осы жылдар ішінде серіктестіктің күшімен Бексейіт ауылындағы орта мектепке спорт залы салынып, білім беру мекемесінің екіқабатты ғимаратына жаңа пластикалық терезелер орнатылды. Іскер басшы, білікті ұйымдастырушы Еркебұлан Мәмбетов ауыл бүлдіршіндері үшін заманауи шағын орталық салып бергенін неге мақтанышпен айтпасқа! Кейін бұл орталықты аудандық білім беру бөлімінің балансына өткізді. Бексейіт ауылындағы балаларға арналған жазғы ойын-сауық алаңы, Жастар үйі де кәсіпкердің қолдауымен бой көтерді. Серіктестіктің жұмысшылары ауыл жолдарын, көшелерін уақтылы тазартып, таза ауызсу жеткізіп беріп, қоқыс қалдықтарын шығарып тұрады. Елді мекеннің көшелері жарықтандырылған. Үстіміздегі жылы ауылға су тарату желілерін салу жоспарланған. Әлбетте, бұл игі бастама Бексейіт ауылының ахуалын жақсарта түсері анық.

“Ауылына қарап, азаматын таны” дегендей, қазақылықтың қайнар бұлағы – қасиетті ортаның қаймағы бұзылмай сақталып қалуына қол ұшын беріп, көмек көрсетіп отырған кәсіпкерге біз шынайы ризамыз. Береке-бірлігіміз ауылдың ажарынан-ақ аңғарылады. Бой көтерген үйлерде мін жоқ. Ауыл тұрғындарының қорасы малға толған. Елді мекендегі қойдың саны бір мыңға жетті. Бүгінде ол үш отарға бөлініп бағылады. Жылқы да аз емес, қара мал санының өзі 400-ден асады.

Бексейіт ауылында кәсібін дөңгелетіп отырған басқа да шаруашылықтар бар. Мысалы, “Бексейіт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Тастанбеков” шаруа қожалығы егіншілікпен айналысады. “Сұңғат” ірі қара мал өсіруді қолға алса, “Қабдолина” жеке кәсіпкерлігінің “Болашақ” атты дүкенінде азық-түлік өнімдері сатылады.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының көңіліне қаяу түсіретін жайттар да жоқ емес. Атап айтқанда, бізді жол мәселесі алаңдатады. Егер ауылға дейінгі және елді мекеннің ішкі жолдары жөнделсе, тұрғындардың да төрт құбыласы теңелер еді.

Ауылды қамқорлығына алып, қолдан келген көмегін аямаған алақаны ашық азаматтарға тұрғындардың алғысы шексіз. Болашақта ауыл жастары осындай іскер азаматтардың жолын жалғастырып, ағаларының ізімен жүреді деп сенеміз.

Құралай КЕНЖЕТАЕВА, Бексейіт ауылының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp