Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте ведомство бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Селекторлық режімде жүргізілген жиында департаменттің былтырғы жылғы жұмысы қорытындыланды.
Кеңес барысында департаменттің өрт қауіпсіздігін бақылау мен алдын алу қызметі басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Денис Шуваев есеп берді.
– Оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған жұмыстар үзбей жүргізіліп келеді. Былтыр осы мақсатта 97 мың аулаға рейд жасалды. Нәтижесінде 16 мыңнан астам тұрғынға 129 мың жадынама таратылды. Бұл жұмыстарға “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалы мен өңірлік жастар ресурстық орталығының еріктілері де белсенді қатысты, – деді Денис Валентинович.
Ведомствоның өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Николай Белоусовтың айтуынша, былтыр өртсөндірушілер тілсіз жаумен күресуге 698 рет шыққан. Төтенше жағдай орнына жедел жеткен олар 37 адамды құтқарып, мыңнан астам азаматты қауіпсіз жерге жеткізген.
Жиында департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасы, жедел құтқару жасағы, кадр жұмысы бөлімі және аудандық бөлімшелердің бастықтары да өз жұмыстары жөнінде баяндады.
Мәселен, Сергеевка қалалық №20-өрт сөндіру бөлімінің бастығы Болат Әбішев былтыр Шал ақын ауданында өрт оқиғаларының 5 пайызға азайғанын хабарлады. Өткен жылы ауданда 2 млн. теңгенің шығыны келген 18 өрт оқиғасы тіркеліп, тілсіз жау үш адамның өмірін қиған. Қаза тапқандардың біреуі – бүлдіршін. От 5 автокөлік және 7 құрылыс нысанына зақым келтірсе, оның төртеуі – тұрғын үй.
Евгений ЖУРАВЛЕВ, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі.