Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында: “Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз”, – дей келе, төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеру туралы бастама көтеріп, ірі компанияларды соны қолдауға шақырған болатын. Алдағы уақытта ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономикадағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналмақ.
Нәтижесінде Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру міндеті қойылды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын қамтымақ. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, ел бойынша 130 мыңға жуық жұмыс беруші қызметкерлерінің жалақысын көтеруге әзір. Кәсіпорындарда ең төменгі еңбекақы алатын жұмыскерлердің орташа жалақысы 18 пайызға өседі, яғни 41,5 мыңнан 55,2 мың теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өңірде ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру бойынша мекемелерде, ұйымдарда, кәсіпкерлер арасында мониторинг және түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Тексеріс нәтижесінде кейбір жұмыс берушілердің 28-30 мың теңге ғана айлық төлеп отырғаны белгілі болды. Басқарма мамандары облысымызда жұмысшыларының жалақысын көтеруі тиіс 13852 кәсіпорынды анықтады. Олардың 84,5 пайызы 38 мыңнан астам жұмысшының жалақысын көтеруге ниет танытып отыр. Бұл бастаманы, әсіресе, Уәлиханов, Ақжар, Тимирязев пен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар белсенді қолдауда. Өткен жылдың 10 желтоқсанына дейін жұмыс берушілермен 3327 меморандум жасалып, 928 ұжымдық келісімшартқа өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар жыл басында бюджеттік саланың 43 мыңнан астам қызметкерінің еңбекақысы өспек. Қалғандарының жалақысы орташа есеппен 8 ден 15 пайызға артатын болады.
Облыс басшысы Құмар Ақсақалов бюджет саласында 43 мың, нақты секторда 101 мың адамның жалақысын көтеру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігін атап айтып, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Еңбекақыны көтеруге байланысты тиісті шаралар қолдануды, ішкі мүмкіндіктерді іздестіруді жалғастыру қажет. Еңбекақыны еселеуге ниеттілердің бірі – “Изолит” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыт электр оқшаулағыш материалдар шығарумен айналысады. Онда тұрақты жұмыспен 97 адам қамтылған. Орташа жалақы 100 мың теңгені құрайды. Былтыр серіктестікте жұмысшылардың жалақысы 13 пайызға артса, биылдан бастап тағы 10 пайызға көбейіп, 110 мың теңгеге жететін болады.
“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де Елбасының тапсырмасын екі етпек емес. Серіктестіктің “ЖБИ Единство” жəне “Альянс жолы” сияқты еншілес кәсіпорындарында 350-ге жуық адам еңбек етсе, олардың үштен бірі ең төменгі жалақы алады. Негізінен ауылды жерде тұратын жұмысшылар үшін жағдай жасалмаған. Кәсіпорын басшылығы Елбасының төменгі жалақыны өсіру жөніндегі тапсырмасына орай ең төменгі жалақыны 58-62, ал орташа жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сол сияқты “Блок” ЖШС-і де өз қызметкерлерінің тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында еңбекақыны арттыру туралы шешім қабылдағанын атап айтуға болады. Ел нарығында жоғары сұранысқа ие “Ризолин” атты электр оқшаулағыш материалдарымен танымал кәсіпорында қазіргі уақытта жүзден астам адам жұмыс істейді. Ширек ғасырлық тарихы бар кәсіпорында соңғы үш жылда еңбеккерлерінің жалақысы 30 пайызға артқан. Қазіргі таңда мұндағы орташа айлық жалақы 120 мың теңгені құрайды. Серіктестік алдағы уақытта жалақыны тағы 10-15 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Алдағы бес жылда денсаулық сақтауға бөлінген қаржы елдің жалпы ішкі өнімінің 10 пайызына дейін жетуі тиіс. Учаскелік дәрігерлердің жалақысы кемінде 20 пайызға өсуі қажет. Елбасы Жолдауда медициналық қызметтің сапасын нығайтуды тапсырды. Ол үшін халықтың дәрігерлерге деген сенімін арттыру маңызды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде біздің облысымызда денсаулық сақтау саласының жекеменшік секторында 300 маманның еңбекақысы кезең-кезеңімен ұлғаяды. Яғни, ақ халатты абзал жандар өз еңбектеріне қарай лайықты жалақы алатын болады. Төмен жалақы алатындар білім беру саласында да бар. Президент тапсырмасына сәйкес орта буын мамандардың жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл шамамен 20 мың адамға жуық.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушілерді, еңбеккерлерді, кәсіподақтар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерін қатыстыра отырып, облыс орталығы мен аудандарда семинар-кеңестер ұйымдастыруда. Бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жолдауда айтылған мәселелер оң шешімін тауып, игілікті іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асатын болса, халықтың табысы мен тұрмыс сапасы да арта түсері сөзсіз.
Қайрат ПІШЕНБАЕВ, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.