Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірден өзінің орнын табуға ұмтылып жүрген адамдар аз емес. Алға қойған мақсатына жету үшін тынбай еңбектеніп жүргендердің бірі – жеңіл атлетикадан спорт шебері Иван Залезняк.
Ол 1980 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында дүниеге келіпті. 1992 жылдан бері Петропавлда тұрып жатыр. Спортшы бала кезінен сал ауруына шалдыққан. Олимпиада ойындарының бастамашысы Пьер де Кубертенің спорт туралы айтқан сөздері рас екен-ау. Саламатты өмір салтын ұстану мүгедек жандардың оңалуына зор септігін тигізіп отыр. Көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спортқа ден қойып, нәтижесінде ауыр сырқатынан айыққан жандар аз емес. Иван да жастайынан спортқа құштар. “Қарасай” стадионында жеңіл атлетикамен айналысуды әдетке айналдырған ол күніне бір рет жаттықпаса, жаны жай таппайды. Жігерлі жас ең алғашқы жаттықтырушысын 2009 жылдың жазында кездестірген екен. Әдеттегідей стадионға келген Иван өзіне алыстан қарап тұрған ер адамды байқайды. Күнделікті өмірде жұртшылықтың көзқарасына еті үйренген ол бұған мән бере қоймайды. Алайда, біраздан кейін оған жақындаған әлгі азамат жеңіл атлетикамен кәсіби тұрғыда айналысуға кеңес береді. Ол бейтаныс азаматтың сол кезде облысқа танымал бапкер, бүгіндері мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған “Үміт” спорттық клубының директоры Вячеслав Латышев екенін білген жоқ.
– Мен он жылдан бері спортпен шұғылданып келемін. Бұл жылдары маған облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарда өңір және ел намысын қорғау мүмкіндігі бұйырды. Бапкерлерімнің сенімін ақтауға ұмтылдым. Ел қоржынына салған медальдарым да аз емес. Бұл орайда, әрине, клуб директоры Вячеслав Леонидовичке, ұжым мүшелеріне, әрдайым қолдау көрсететін әріптестеріме деген алғысым шексіз, – дейді Иван Залезняк.
Бүгінгі таңда “Үміт” клубындағы 212 мүгедек спортшыны 22 жаттықтырушы спорттың 11 түрі бойынша жарыстарға дайындайды. Клуб мүшелігіне алынғаннан кейін Иван бірнеше спортта бағын сынап көреді. Бастапқыда суда жүзумен айналысса, кейін ядро лақтыруға ден қойды. Жаттығу залдарында үздіксіз төккен тердің өтеуі – бүгінгі күні Иван өңірімізге танымал спортшылардың бірі.
Жерлесіміз соңғы төрт жылда түрлі деңгейдегі додаларда үздіктердің қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, 2015 жылы Павлодар қаласында ядро лақтырудан өткен ел біріншілігінде топ жарды. Жыл өткен сайын тәжірибесі толысқан ол былтыр Атырау қаласында өткен ел біріншілігі мен Өскеменде ұйымдастырылған “Үміт” спартакиадасында жеңіске жетті.
Жерлесіміз үшін 2018 жыл да табысты болды. Былтырғы жылдың тамыз айында Қытай елінде жеңіл атлетикадан өткен халықаралық турнирде үздіктер қатарынан көрініп, Джакарта қаласында ұйымдастырылған Пара Азия ойындарына жолдама алғанын айта кету қажет. Бәсі биік додада жерлес спортшы ядроны 11,69 метр қашықтыққа лақтырып, Азияның қола жүлдегері атанды. Сөйтіп, ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Өңірімізге белгілі жаттықтырушы Вячеслав Латышевтың айтуынша, солтүстікқазақстандықтар әрдайым сенім үдесінен көрініп жүр.
– Облысымыздың тарихында жерлестеріміз тұңғыш рет Пара Азия ойындарына қатысып, жеңіске жетті. Клуб ұжымы үшін бұдан асқан қуаныш жоқ деп ойлаймын. Қазіргі уақытта жеңіл атлеттеріміз Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы – Дубай қаласында өтетін әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде, – дейді жаттықтырушы.
Бапкерлері Иван Залезняктың әлі талай бәсі биік додаларда топ жарарына сенімді. Ендеше, тағдырдың сынына мойымаған жерлесімізге сәттілік тілейік!
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltustik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.