“Жаңа буын мектебі: келешегі мен мүмкіндіктері қандай?”. Облыстық білім басқармасының Оқушылар сарайында өткізген кеңейтілген алқа кеңесінде осы тақырып жан-жақты талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, заманауи білім беру ордаларының өкілдері қатысты.
Өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, жаңа міндеттерді саралаған кеңейтілген алқа кеңесі өңір педагогтарынан басқа білім саласын бақылау департаментінің, педагогикалық шығармашылық орталығының, “Өрлеу” БАҰО” АҚФ, “Назарбаев зияткерлік мектебі” ДББҰ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, кәсіподақ, қоғамдық бірлестіктер мен атқарушы билік өкілдерінің басын қосты. Ұйымдастырушылардың шараға түпкілікті дайындалғаны байқалды.
Мектепке дейінгі, жалпы және орта білім беру, тәрбие жұмысы, техникалық және кәсіптік білім беру бағыттары бойынша педагогтардың мақалалары енгізілген жинақ шығарылып, залдарда мұғалімдердің авторлық бағдарламалары, озық тәжірибелері ұсынылған инновациялық көрме ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, алқа мәжілісі аясында 500-ден астам білім саласы маманына арналған бес секциялық отырыс ұйымдастырылды. Олардың алғашқысына “Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова, “EDTECH” халықаралық білім беру орталығының бас директоры, Қазақстан Ұлттық “ЮНЕСКО” клубтары федерациясының вице-президенті, РһD докторы Ғани Бейсенбаев, “САGarden School” атқарушы компанияcының бас директоры, “Astana Garden School” негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаев пен өзге де жеке мектеп басшылары шақырылыпты. Қазақстанның заманауи білім ордаларының өкілдері қазіргі мектептерді басқару формалары, топ-менеджерлер резервін құру және сапасын арттыру мәселелері бойынша баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Ал “Қазинтерсервис” компаниясының робототехника бөлімінің менеджері Ұлан Жамлиханов 3D принтинг және виртуалды шынайылық инновациялық білім беру технологияларын, интерактивтік оқыту жүйесін таныстырды. Секциялық отырыстар екі күнге жоспарланған.
Кеңейтілген алқа мәжілісінің екінші кезеңін ашқан облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова еліміз бен шетелдік білім беру жүйелерінің негізгі айырмашылықтарын сөз ете отырып, соңғы жылдары қазақстандық жүйе елеулі өзгерістерге ұшырағанын айтты.
– 2018 жылы өңіріміздің білім саласына құйылған инвестиция көлемі 2017 жылмен салыстырғанда, 3,5 есеге артып, 6,5 млрд. теңгеге жетті. Ал биыл материалдық-техникалық базаны нығайтып, білім алушылардың сауаттылығын арттыруға жағдай жасау үшін 60 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Алдағы уақыттары орын алатын елеулі өзгеріс мектептердің біртіндеп жан басына қаржыландыру жүйесіне көшуі болмақ. Сондықтан осы тұрғыда бізге өзге мектептердің тәжірибесі маңызды болып отыр, – деді ол.
Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық академиясының орта білім мазмұнын әдіснамалық қамтамасыз етуді үйлестіру орталығының директоры Қарлығаш Құдабаева “Педагог мәртебесі туралы” Заң жобасымен таныстырды. Ол заң жобасы әлі де талдауды қажет ететінін айта отырып, жергілікті ұстаздарды бұл процеске белсенді қатысуға шақырды. Қазіргі мектептердегі ақпараттандырудан бастап, білім беру техносферасына дейінгі үдеріс жайында “EDTECH” Халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсенбаев айтып берді.
Алқа мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қорытындылап, өңіріміздің білім беру жүйесінің кадрлық әлеуеті еліміздің білім саласын дамытуға, күрделі мемлекеттік міндеттерді шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Ол өңірімізде сұранысқа ие мамандықтарға назар аударып, ауыл жастарының жоғары оқу орындарына түсуі үшін аудан әкімдеріне арнайы грант бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Мадияр Қожахмет еңбегімен ерекшеленген бір топ ұстазға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.