Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық Қазақстанда да өршіп тұр. Жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту үдерісін тежейді, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің дамуына елеулі қауіп төндіреді. Міне, сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күрес Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналып отыр.
Әлемде бұл кеселмен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Қоғам дертімен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей тәсілі жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган жұмысының негізгі бағытының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады.
Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Департамент басшысы Аман Төрегелдин былтыр Елбасымыздың Жолдауын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны тұрғындарға түсіндіру үшін облыстық ақпараттық топтың құрамында Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болды. Ұжымдағы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру үшін жүйелі негізде ақпараттық сағаттар, әдеп жөніндегі уәкіл Ерлан Мұстафиннің қатысуымен әртүрлі қоғамдық іс-шаралар, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылды. Тоқсан сайын мемлекеттік қызметшілер арасында бұл бағытта мониторинг жасалады.
Біз өз жұмысымызда азаматтардың өтініштерін сапалы қарауға және қызметімізді цифрландыруға баса назар аударамыз. Соның нәтижесінде жекешелендіру нысандарын сату, жалға, сенімді басқаруға беру www.gosreestr. kz сайты арқылы жүргізіледі. Бұл арқылы нысанды ықтимал сатып немесе жалға алушылармен мемлекеттік қызметшілердің тікелей байланысы анағұрлым азаяды. Былтыр департаменттегі жұмыс орындарына он рет конкурс өтті. Оған тәуелсіз байқаушылар қатысып, бейнежазба жүргізушілер арқылы лайықты үміткерлер таңдалды. Осындай жүйелі жұмыстар арқылы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге болатынына күнделікті қызмет барысында көзіміз жетуде.
Самал СЕМБИНА, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы.