«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОПЫҚ ЖЕГІЗГЕН ОНЛАЙН НЕСИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұмыс кабинетінің тыныштығын шыр еткен қоңырау үні бұзды. Телефонның арғы жағындағы бойжеткен өзін шағын қаржы ұйымының қызметкерімін деп таныстырып, “Арман деген азаматты білесіз бе?” деп сұрады. Сөйтсем, ғаламтор арқылы онлайн несие рәсімдеп, қарыз алған сыныптасым байланысу үшін менің нөмірімді көрсеткен екен. Қаржы ұйымының өкілі берешек өтелмеген жағдайда сотқа шағымданатынын айтып, тұтқаны қойды. Соңғы кездері пайыздық үстемақысы көп онлайн несие алып, қарызға белшесінен батқандар біздің арамызда көбейе түспесе, азаяр емес.

Бір себептермен ақша қажет болып, жаны қысылған пенденің бір ғана жанашыры бар ма дерсің. Ол – қаржы институттары. Бүгінде күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешу үйреншікті жағдайға айналған. Кейбiр адамдар несиені “материалдық көмек” деп қателеседі. Оны далада жатқан батпан құйрықтай көреді, пайыздық үстемесіне де қарамайды. Ал қарызды қайтаруға келгенде, шарасыздыққа тап болады. Осылайша, екінші деңгейлі банктің “қара тізіміне” іліккендер “Жылдам ақша”, “Деньги до зарплаты”, “Оңай ақша” сияқты шағын қаржы ұйымдарының есігін қағады. Ал бүгінде олардың қатарына “MoneyMan”, “ТурбоМани”, “Деньги клик”, “Честное слово” сияқты онлайн несие беру ұйымдары да қосылған.

Ғаламторға кірсеңіз, бұл қызметтің қолжетімділігін жарнамалаған хабарлар жетіп артылады. Тіпті, электронды поштаңызға спам хаттар келіп жатады. Оңай несие рәсімдеуге артық құжаттың қажеті жоқ, көп уақытты да алмайды. Жеке куәліктің нөмірі мен төлем картаңыздың көшірмесін жіберсеңіз жеткілікті. Компанияға жұмысыңның бар-жоғы маңызды емес, тіпті, несиелік тарихыңызда төлемақыны талай рет кешіктіргеніңіз жазылып тұрғаны да ескерілмейді.

Бірақ басты мәселе сол компаниялардың пайыздық мөлшерінде болып отыр. Онлайн несие – банктер беретін қарыз емес. Ең алдымен, “күндік мөлшерлеме” ұғымын ескеру қажет. Бұл несиенің күндік мөлшерлемесі орташа есеппен – 1,5-2 пайызды құрайды. Қарыз уақытында өтелмеген жағдайда кешіктірілген әр күннің пайызы еселенеді. Тұтынушылардың тығырыққа тіреліп, артынан бармақ тістеп жататыны да сондықтан. Есептеп көрейік. Мысалы, 100 мың теңгелік онлайн несиені күніне 2 пайызбен бір айға рәсімдедіңіз. Сіз бір айдан кейін компанияға 160 мың теңге қайтарады екенсіз. Яғни, 50 пайыздан артық өсім бар. Сондықтан қымбат несиені рәсімдемес бұрын дұрыстап ойланған жөн.

“Береген қолым алаған”

Онлайн несиеге жүгініп, енді оны төлей алмай жүрген азаматтардың саны күн санап артпаса, кемір емес. Солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Асқар Қажыбаев. (есімі өзгертілген – Қ.А.) Бір айға 20 мың теңге онлайн несие алған екен. Онда да банктен алған негізгі несиесінің төлем уақыты өтіп бара жатқан соң амалсыз қаржы қызметінің осы түріне жүгінуіне тура келген. “Алғашқы қарызды уақытында қайтардым. Жарты жылдан кейін тағы да қарыз алдым. Алайда, отбасылық жағдайға байланысты уақытында өтей алмадым. Сөйтіп, өсiмнiң мөлшерi еселеніп, одан құтылудың жолын табудың өзi қиынға соқты. Коллекторлар үйге күндіз-түні қоңырау шалып, сотпен қорқытты. Осыдан кейiн отбасымнан береке кетті. Амал жоқ, қарызды артығымен төлеп, енді қайта жоламастай болдым”, – дейді ол.

Жалпы мұндай мысалдарды өмiрде көптеп кездестiруге болады. Ай сайын алқымынан алатын несие төлемі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратыны шындық. Осы орайда шағын қаржы ұйымдарының жұмысын бақылап, қадағалайтын “Қазақстан ұлттық банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Диас Мэлс қарызын қайтара алмай жүрген жерлестеріміздің қатары жыл санап қалыңдай түскенін жоққа шығармайды. Атап айтқанда, 2018 жылдың 11 айында солтүстікқазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден 126 млрд. теңгенің несиесін рәсімдеп, берешек қаржы 7 млрд. теңгені құраған.

– Халық арасында сұранысқа ие бұл ұйымдар шағын қаржы ұйымы, онлайн-несие және несиелік серіктестіктер болып үшке бөлінеді. Өткен жылы бұл компаниялардың қаржы портфелі 212 млрд. теңгені құраса, былтыр 570 жеке және заңды тұлғаға 209 млрд. теңгенің несиесін берген. Ұлттық банк қаржы ұйымдарының тек 156-сына бақылау жүргізеді. Бүгіндері Петропавл қаласында “Экспресс Займ”, “KMF”, “SATOR”, “Кредит СК”, “Қамқор”, “Finbox” және “АккордКапитал” шағын қаржы ұйымдары бар, олардың үшеуі бізден тіркеуден өткен. Өткен жылы бұл үш мекеме өңір тұрғындарына 1,1 млн. теңгенің қарызын берді. Ал жерлестеріміздің онлайн несие беретін компанияларға қанша қарызы бар екенін дөп басып айту мүмкін емес, – дейді Дияс Мэлс.

Былтыр “Қазақстан Ұлттық банкі” АҚ-ы шағын қаржы ұйымдарының қызметін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделері қандай жағдайда жиі бұзылатынын сараптаған екен. Нәтижесінде қаржы ұйымдарының заң шеңберінде бекітілген сомадан асып кететін микрокредиттер және шағын несие беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды, өзге де төлемдерді заңсыз түрде өндіріп алу, кредиттік бюроға дәйексіз мәліметтер беру сияқты заңсыздықтарға жол беретіні анықталған.

Арнайы заң жоқ

Экономист мамандардың айтуынша, әлем бойынша мұндай қарыздар – “PayDay Loans” (PDL) деп аталады. Біз хабарласқан “Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы” Заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң орталық директоры Сергей Чикиннің айтуынша, Қазақстанда ең алғашқы онлайн несие 2014 жылы берілген екен. Өткен жылы тұтынушыларға 30 млрд. теңгенің қаржысы үлестірілген.

– Бүгінде елімізде 24 компания онлайн несие беру қызметін көрсетеді. Өткен жылдың өзінде онлайн несие беру жөнінде 1 миллионға жуық келісімшарт жасалып, 248 мың тұтынушы осы қызмет түріне қол жеткізген. Еліміз бойынша онлайн несие рәсімдеген 76 адам ғана тұтынушылар құқығын қорғау қызметіне шағымданды. Өкінішке қарай, мемлекет бұл компанияларды қажетті деңгейде қадағаламайды. Сондықтан қарыз беруші компания негізгі қарыздың пайыздық үстемесін, айыппұл мен өсімді өсіру мәселесін өзі шешеді, – дейді Сергей Чикин.

Онлайн несие қолжетімді болғанымен, қарыз алушы мен оны берушінің міндеттерін айқындайтын арнайы заң жоқ. Сол себепті, Ұлттық банк те мұндай ұйымдарды бақылауына алып, олардың жұмысына мониторинг жүргізе алмайды. Бүгінде еліміздегі интернет қарыз беру нарығында қызмет көрсететін тек 15 компания ерікті түрде Қазақстан қаржы техникалық қауымдастығы қабылдаған салалық стандарттарға бағынып отыр.

Тапқан табысы ішкен-жегенінен артылмай жүргендер көп жағдайда банк, шағын несие ұйымдарын және онлайн несие беретін компанияларды жағалайды да, соңында сорлап қалады.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp