«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСТЫ ЖОБА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен былтыр елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың табыс көлемі екі есеге артты. Атап айтқанда, тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері жұмыспен қамтылып, көптеген азаматтар жаңа мамандыққа ие болды.

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек беру механизмі реформаланғаннан бері салада бірқатар өзгерістер орын алды. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрі аз қамтылған тұрғындарға үш төлем жүргізуді жолға қойды, яғни аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға және көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы болып үш түрге бөлінді.

Өздеріңізге белгілі, бұл көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен мөлшерде табыс табатын азаматтарға көрсетіледі. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек: шартты және шартсыз ақшалай көмек болып екіге бөлініп отыр. Алғашқысы тұрмыс деңгейі төмен, бірақ еңбек етуге жарамды отбасы мүшелеріне тиесілі. Олар кәсіби қайта даярлаудан өткен, әлеуметтік жұмыс орындарына тұрған және жұмысқа орналасқан жағдайда ақшалай қаражатқа ие болады. Шартсыз ақшалай көмек жасына, денсаулық жағдайына, мүгедектігіне, сонымен қатар 7 жасқа дейінгі баланы және мүмкіндігі шектеулі жанды күтуіне байланысты өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға беріледі.

Бағдарламаның осындай жаңашылдықтары “Өрлеу” жобасы аясында тәжірибеге енгізіліп, өзінің тиімділігі мен оң нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, былтыр өңіріміздегі 668 тұрмысы төмен отбасына қолдау көрсетіліп, үш мыңға жуық адам ақшалай көмекке ие болды. Сонымен қатар еңбек қабілеті аз қамтылған азаматтардың саны облыс бойынша 19,8 пайызға қысқарды, жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы табысы 4,1 есеге артты.

Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін, әсіресе, ауыл тұрғындары көруде. Тұрақты жұмыс орны бар, алайда, аз қамтылғандар қатарына жататын 230 отбасы жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылықтарын өрбіту мақсатында біржолғы әлеуметтік көмекке ие болды. Мемлекет берген қаражатқа олар ірі қара, қой, жылқы, шошқа және құс сатып алды.

Табысы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету әдісі өзгертілген бір жылдан астам уақыт ішінде көптеген отбасылар тұрмысын түзеп алды десек, қателесе қоймаспыз. Атап айтқанда, бірегей жәрдемақы тағайындалып, нақты отбасыларға кедейліктен шығу жоспары әзірленді. Атаулы көмек алушылардың жауапкершілігін нығайту жұмыстары да жолға қойылды. Шарт бойынша міндеттемелерін орындаудан бас тартқан жағдайда отбасы мүшелеріне берілетін ақшалай көмек беру бірден тоқтатылмайды, ал 7 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған аналарға әлеуметтік қолдау көрсету толық көлемде сақталған. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2115 отбасына (8723 адам) 313,4 миллион теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Төрт және одан да көп баласы бар отбасылар да ұдайы назарда. Бүгінгі күнге дейін осындай 452 отбасы мемлекеттен қаржылай көмек алып, материалдық жағдайларын біршама жақсартты.

Атаулы әлеуметтік көмек кәсіп ашуға, жеке үй шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, бірреттік әлеуметтік көмекке 352 отбасы ие болды. Соның ішінде Айыртау, Аққайың, Жамбыл, Қызылжар және Уәлиханов аудандарында тұратын 15 ерлі-зайыпты жеке кәсібін ашса, екі отбасы техникалық қызмет көрсету орталығына иелік етеді. Тағы екеуі жиһаз жасауға кірісті. Екі қолға бір күрек тапқандардың ішінде ара шаруашылығына ден қойғандар да бар. Шал ақын ауданында тұратын Сергеевтер отбасы бүгінде бал өндірумен айналысуда. Дәмі тіл үйіретін бал өнімі Жалтыр ауылы мен Сергеевка қаласының дүкен сөрелеріне жеткізілуде. Жамбыл ауданында тұратын тағы бір отбасы арнайы қаражатқа 400 үйрек балапанын сатып алды. Бүгінгі таңда 352 отбасы жеке қосалқы шаруашылықты өрбітіп отыр. Мал және құс өсіру бойынша өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болғандар мемлекет берген мүмкіндікке дән риза.

Марина МАРТЫНОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp