Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тау-тасы, өзені мен көлі тарихтан сыр шертеді емес пе? Әрбір жер атауының түп төркіні туралы аңыз-әңгімелер де жетіп артылады. Оны жас құрақтай өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Туған жердің перзенті ретінде Уәлиханов ауданындағы Теке теңізінің тарихы жайлы сыр шерту – менің міндетім деп санаймын.
Қазақ тарихында XVIII ғасыр небір оқиғаларға толы болған. Осы кезеңде отырықшыландыру саясаты жүріп, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты бұзылды. Сол тұста біртіндеп Теке теңізінің маңына ел қоныстанады. Жеріне түрен тимеген қазақ даласының шөбі шүйгін, жері құнарлы, суы мол болған ғой. Көлдің маңы жазда құс базарына айналып, суында балығы ойнапты. Маңында биші қайыңдар қаулап өсіп, ну орманда түз тағылары мекен еткен екен. Текеге құятын өзендердің суы тұнық, дәмі балдай болған деседі. Ендеше, қазір неге тұзды деген орынды сауал көңілде қылаң береді. Табиғаттың бұлай күрт өзгеруіне не себеп?
Столыпиндік реформа басталып, теңізді жағалай ел қоныстана бастағанда шаруашылыққа су қажеттілігі туындап, әр өзеннің бастауында тоған тұрғызылады. Сөйтіп, өзен сулары көлге құюды тоқтатады. Одан кейінгі ұжымдастыру науқаны мен тың игеру кезінде жерді есепсіз жыртудың салдарынан су ағатын сайлар тегістеліп, оның суын егін алқаптарына сіңіру жұмыстары жүргізілді. Міне, осындай қиянаттың кесірінен көл суы тартылып, тұзды сорға айналды. Ал айдындағы бар су буға айналып, бетін тұз басқан. Әсем табиғат аясы қиқу салған құстан, жүгірген аңнан, қаулап өскен орманнан айырылып, иен далада құлазып қалды.
Ғалымдардың зерттеуінше, Теке теңізі геологиялық құрылымында қилы тарихи кезеңнен өткен. Мезазой мен кайнозой дәуірлері аралығында бұл аймақ бір көтеріліп, бір төмен түскен. Ерте кезеңде бұл жерді тегіс су басқан. Осы кезде климат ылғалды болып, субтропиктік, тропиктік өсімдіктер қаулаған. Олигоценнің дәуірінің орта тұсында біздің жер қайта көтерілуге ұшыраған. Бұл өзгеріс жердің гидрографиясына әсер еткен. Осы уақытта Кіші Қарой, Үлкен Қарой, Теке, Сілеті су айдындары пайда болыпты.
Біздің жерді басқан су Торғай қолаты арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа өтеді. Неогендік шөгінділерден осы кезде өмір сүрген алып денелі жануарлардың да сүйектері табылды. Олардың биіктігі 2,5 метр болса, мүйіздері 4 метрге жетіпті. Негізінен көл маңдары мен өзен аңғарларында өсіп тұрған құнарлы өсімдіктермен қоректенеді. Соңғы кезеңде біз өмір сүріп отырған Батыс Сібір жазығының оңтүстігінде үлкен өзгерістер болды, тау түзілісі аяқталып, бірнеше рет ауа райы салқындап, мұз басты. Салқын климат жылы климатпен алмасып отырды. Осындай климаттағы құбылыс өсімдіктер мен жануарлардың өзгерісіне алып келді. Осы кезге дейін өмір сүрген алып денелі сүтқоректілер жойылды. Соңғы плейстоценде жоғарыдағы алып денелілерді мамонттар, жүнді мүйізтұмсық, алып мүйізді бұғылар алмастырды. Міне, осы жануарлардан мамонттардың Теке теңізі маңында мекен еткені анықталды. Талдысай өзенінің аңғарынан (Мырзағұл ауылы) мамонттың сүйегі мен мүйіз тісінің табылуы соның дәлелі іспетті.
Неоген дәуірінің бастапқы кезеңінде климат қоңыржай болды. Тропиктік ормандар жойылып, аққайыңды тоғайлар мен жусанды өсімдіктерге алмасты. Теңіздің маңында аққайыңдар қаулап өскен. Тіпті, қаулап өскен ағаштан жалғыз қалған аққайыңды көрген ауыл тұрғындары бар. Оны киелі ағаш ретінде санады. Өкінішке қарай, сол ағаш та 1986 жылы өсуін тоқтатты.
Міне, сол Теке теңізі маңындағы аққайыңды орманда түрлі жануарлар мен бір теке өмір сүрген екен. Бұл жерге жануар ауып келген болар. Сөйтіп, осы маңды жерсініп, басқа жануарлармен бірге теңіз маңында тіршілік еткен. Көлдің “Теке” аталуы сондықтан.
Кешегі зобалаң заманда өңірдің халқын аштықтан да құтқарған осы киелі көлдің тұзы еді. Талай адам өгіз жеккен арбаларға тұзды артып, Ресейдің Омбы қаласында азық-түлік, киім-кешекке айырбастап, күн көріпті. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа тараған тарихи дерек. Сондай-ақ, ауруына араша, еміне шипа іздеген талай жан балшығы мен суынан жан рахатын тапқан. Бүгіндері оның пайдасын көріп отырғандар бар. Көл суындағы артемия шаяндары дәрі-дәрмекке, опа-далапқа, азық-түлікке қоспа ретінде пайдаланылады. Бұл шаяндардың шаруашылықта маңызы зор екені дәлелденді. Қазіргі кезде ғылымда артемияны зерттеу арқылы хромосомалардың құрылымын, нуклеин қышқылының, ақуыздың, биосинтездің құрылымын анықтайды. Сондай-ақ, оны тамақ өнеркәсібінде, фармацевтикада ақуыз, майлар, амин қышқылы, витаминдер, биологиялық қоспа ретінде пайдалануға болады. Өкінішке қарай, адамдар шаяндарды заңсыз жолмен аулауда. Егер осылай жалғаса беретін болса, көлге кері әсер ететіні сөзсіз. Шаянды аулауға Үкімет тарапынан тосқауыл қойылып, заңдастырылуы тиіс. Сонда байлығымыз шетел асып кетпей, қазақтың игілігі үшін қолданылып, қаншама жұмыс орындары ашылар еді.
Теңіздің саз балшығы күкіртті сутегіне бай екенін ескерсек, медициналық туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Осы маңда демалыс орындарын ашып, шипажайларда халық дертіне дауа тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал инвестиция тартылса, ауылымыздың да инфрақұрылымы өзгерері сөзсіз.
“Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы”, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, мен үшін Теке теңізінің тарихын зерттеу – зор жауапкершілік. Теңіздің болашағына алаңдап, оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасалса екен деймін. Теңіздің экологиясы мені ғана емес, ауыл тұрғындарын да қатты алаңдатады.
Барлық халықтың, өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болатыны, оны сол халықтың әрбір азаматы білетіні сияқты біз үшін киелі мекен Теке теңізінің тарихын өскелең ұрпаққа жеткізу – абыройлы парыз.
Жұмабай ҚҰДАЙҚҰЛОВ. Уәлиханов ауданы.