Бүгіндері жастың да, жасамыстың да кәсіпкер болуға мүмкіндігі зор. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Осы орайда, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және олардың құқығын қорғау мақсатында ашылған облыстық кәсіпкерлер палатасының да көмегі орасан. Өңірімізде “Бизнес-мектеп” жобасы аясында “Бизнес-кеңесші” оқу курсының жаңа кезеңі басталды.
Кәсіп ашқысы келетін және ісін жаңадан бастаған азаматтарға қысқа мерзімде бизнесті жүргізу негіздерін үйретуге арналған оқу курсына 20 солтүстікқазақстандық қатысты.
– Бұл жоба – жеке бизнесті қысқа мерзімде құруға оңтайлы мүмкіндік. Палата мамандары азаматтарға екі күн бойы маркетинг, қаржы және заңгерлік негіздері мен адам ресурстарын басқаруды үйретеді. Мұндай жобалар шағын және орта бизнестің сапалы дамуына септігін тигізеді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Елена Коняхина.
Өткен жылы “Бизнес-кеңесші” оқу курсының түлектері 268 млн. теңгеге 64 жобаны жүзеге асырған. Жалпы, бұл бағыт бойынша 723 солтүстікқазақстандық білімін жетілдірді.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.