“Soltustik Qazaqstan” газеті алғаш 1920 жылдың ақпанында “Кедей сөзі”, кейіннен “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаулармен шығып, содан бері туған еліміз бен халқымыздың тарих-тағдырымен сабақтас жарық көріп келеді. Келесі жылы ғасыр жастың төріне озғалы отырған басылым алғашқы күннен бастап ұлт жанашырына, қоғам жаршысына, оқырманның рухани серігіне айналды. Сондықтан да елмен бірге жасауда. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды алаш жұртының асыл перзенттері іргесін қалаған “Soltustik Qazaqstan” газеті өмір көшіне ілесіп, уақыттың жүгін көтеріп, заман тынысын, дәуір болмысын шынайы суреттеп, ел-жұртының мақсат-мүддесіне қызмет етуден әсте бір жалыққан емес.
Күмісқанат уақытқа ілесіп келе жатқан басылым халықтың қолдаушысы, төл дүниелеріміздің насихатшысы болып қала берері сөзсіз. Дегенмен, біз қай кезде де басылымның жанашыры – тұрақты оқырмандарымызға арқа сүйейміз. Әсіресе, ақпараттық технология қарыштап дамыған уақытта газет пен кітап қажет емес деп адасып жүргендер аз емес. Журналистермен бірге оқырмандарымыз да теріс ойдың жетегіндегілермен күресіп, еліміздің ертеңіне жанашырлық танытып отырғаны бізді қуантады. Сондықтан биылғы баспасөзге жазылу науқанында басылымның таралуына белсене атсалысқан шын жанашырларымызды редакция төріне шақырып, құрмет көрсеткен едік. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Шал ақын ауданының тұрғыны, белгілі кәсіпкер Талғат Теменов, Ақжар аудандық пошта бөлімінің басшысы Жәнібек Байкишов, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Ділбар Бегалина, қазақ мектеп-гимназиясының директоры Бұлбұл Ахмадиқызы, облыстық полиция департаментінің қызметкері Жанат Сұлтанов, Бәйтерек орта мектебі директорының орынбасары Самал Оралқызы “Soltustik Qazaqstan” газетінің таралымын көбейту үшін қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, жұртшылықтың намысын қамшылағандардың арасында болғанын айтып өткен абзал.
Басылымның қолдаушысына айналған тұрақты оқырмандарымызды Алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапаттағаннан кейін олармен “дөңгелек үстел” басында жастардың тәрбиесі, бүгінгі қоғамдағы рухани жұтаңдық, газет оқымаудың зияны төңірегінде әңгіме өрбіттік. Келелі ой, кесімді пікір айтылған жиынды “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов жүргізді.
Жарасбай Сүлейменов:
– Газет әрқашан салмақты сөзімен, салиқалы ойымен оқырманға қымбат. Осындай жауапкершілік үдесінен көрінуді көздеген ұжымымыз жұртшылық көңілінен шығу үшін аянбай еңбек етуде. Биылғы жылдан бастап оқырмандарымызға “Alash ardaqtysy”, “Bizde qonaqta” , “Tikeleı baılanys”, “Demalys saǵatynda”, тағы басқа жаңа айдарларды ұсынып отырмыз.
“Bizde qonaqta” айдарының аты айтып тұрғандай еңбегімен, өнерімен халыққа танылған атақты жерлестерімізбен қарашаңырақ төрінде әңгіме өрбітеміз. Өздеріңіз де газеттен оқыған шығарсыздар, бүгінгі күнге дейін елімізге белгілі хирург, оташы, медицина ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Серік Тоқпанов, Канн фестивалінің жеңімпазы, жерлесіміз Самал Есләмова редакция қонағы болды. Әрқашан біздің ұжым үшін оқырмандар пікірі құнды. Сондықтан алдағы уақытта жұртшылықты қалай баурауға болады. Басылым бетінен қандай тақырыптарды оқығыларыңыз келеді, басқа да ұсыныс-пікірлеріңізді, ойларыңызды ортаға салып отырсаңыздар.
Ескендір Елеусізов:
– Мен – “Soltustik Qazaqstanның” байырғы оқырмандарының бірімін. Бұл басылымның тарихы тереңде жатыр. Амандық болса, келесі жылы ғасыр жастың төріне озғалы отырсыздар. Газет осы күнге дейін халыққа қызмет етіп келеді әрі қарай да осы жолынан айнымайды. “Soltustik Qazaqstan” халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтаудан шаршаған емес. Бұдан бөлек, елімізге белгілі жазушылар Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Диқан Әбілев, Тайыр Жароков, Сафуан Шәймерденов, тағы басқалар осы қарашаңырақтан түлеп ұшқанын білеміз.
Бүгінгі күні газеттің мазмұнына сын айта алмаймыз. Тарихи, танымдық, тәрбиелік мәні зор мақалалар үзбей беріліп тұрады. Жақында алаштың ардақты ұлдарының бірі Ғалауетден Мәмеков, Орынбай Бертағыұлы, Сүйіндік батыр жайлы мақалалар, атақты жерлесіміз Евней Букетовтің немере інісі Ерден Сұрағановпен сұхбат, тағы басқа да материалдар жарық көрді. Айтайын дегенім, тарихымыздың әлі талай ашылмаған ақтаңдақ беттерін парақтап, есімі ескерусіз қалып жатқан жерлестерімізді оқырмандардың жадында жаңғыртуға үлкен еңбек сіңіріп жатқандарыңызды көріп отырмыз. Ел-жұртының жанашыры болып, басын бәйгеге тіккен асылдарымыздың арасында әлі де есімі аталмай жатқандар бар екенін білеміз. Тағдыр тайталасында қиындық көрген ардақтыларымызды ұмытпай, ұлықтау жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта да осы тақырыпты назарда ұстап, жұртшылыққа қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар жайлы мақалалар ұсынып отырсаңыздар деген тілегім бар.
Ділбар Бегалина:
– Сөз орайы келгенде, ең алдымен, өзіміздің сүйікті газетімізге алғысымды айтқым келеді. Тұрақты оқырмандарды қарашаңыраққа арнайы шақырып, ілтипат білдіріп жатқандарыңыз біздің де көңілімізді өсіріп отыр. Газет – халқымыздың абыройы. Ел мен жердің иесі бола тұра, өңір өмірінің айнасына айналған “Soltustik Qazaqstan”-ның таралымы азаяр болса, бұл біздің бәрімізге сын. Мерзімді баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқан уақытта газеттің жанашыры ретінде мен де үнсіз отыра алмадым. Меніңше, жүрегінде намыс оты бар әрбір қазақ ұлтымыздың ұлы перзенттері қазығын қаққан басылымның абыройын ойлауы керек. Әлі де болса, жайбасар екеніміз көрініп қалып жатады. Әсіресе, биылғы газетке жазылу науқаны барысында жас ұрпаққа ақыл айтып, жөн сілтеп жүрген ұстаздардың арасында да газет оқымайтындардың аз емес екені байқалып қалды. Ал бүгінгі қоғамға ой салу, кітап пен газеттің баға жетпес құндылық екенін түсіндіру алдыңғы толқынның, ұстаздардың парызы екені, айтпаса да түсінікті.
Шынымен де, ғаламтордың екпіні күшті. Қазіргі жастарды кітап оқуға баулу бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі екенін жақсы білеміз. Интернетті ашып қалсаңыз, қоғамды асыл құндылықтардан жұрдай қылатын небір сорақылықтарды көруге болады. Сондықтан редакция тілшілерінің ертеңгі күнге, жастардың болашағына алаңдап, көпшілікке ой салу мақсатында “дөңгелек үстел”, оқырмандармен кездесулер, басқа да шаралар ұйымдастырып жатқаны құптарлық жай.
Менің ұсынысым, бүгінгі күні оқушылар арасында ғылыми жоба жазу трендке айналған. Келесі жылы ғасыр биігіне көтерілгелі отырсыздар. Жас ұрпақты газет-журнал оқуға баулу үшін газет тарихы, мүмкін басылымның әр кезеңдегі көтерген мәселелері төңірегінде немесе осы жерде қызмет атқарған тұлғалар жайлы оқушыларға зерттеу жұмыстарын ұсынып, өздеріңіз соған жетекшілік жасасаңыздар. Олар үшін газеттің арғы-бергі тарихын зерделеу еш артық емес. Меніңше, тың тақырып әрі жас оқырмандар санын арттырудың тиімді тәсілі.
Әрине, біз жастарды кітап оқымайды деп кінәлаймыз. Бірақ олардың арасында өте білімді, алғыр, ізденімпаз жастар өте көп екенін де айтып өту керек. Бүгінгі қоғамда үш тілді меңгерген, білімді ұрпақ өсіруге мән берілгенімен, Мағжан, Ахмет, Міржақып секілді ұлтын сүйетін азамат тәрбиелеуге құлшыныс таныта бермейміз. Халқымыз “тәрбиесіз берілген білім – қауіпті” демей ме? Сондықтан өскелең ұрпақ қазақы құндылықтарды бойына сіңіріп, жақсы қасиеттерді жинақтаса, ертеңгі күні ұлтжанды азаматтар қатары көбейе түсер еді. Ал бұл орайда бізге кітап пен газеттен артық ешкім де көмек бере алмайды.
Бұлбұл Ахмадиқызы:
– Орынды пікірге мен де қосыламын. Қазақшаға шорқақ, ана тілінде сөйлей алмайтын оқушыларға жаным ашиды. Ұлтының тілін білмейтін жастар ертеңгі күні қазақтың намысын қолдан бермейді, халқына қызмет етеді дегенге илану қиын. Сондықтан жас ұрпақтың тәрбиесіне біз де жауапты екенімізді ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі күні жаһанданудың жөні осы екен деп, ғаламтордағы дүниелерді талғаммен таңдап, өзімізге пайдасы барын ғана сұрыптап алудың орнына, жастардың тәрбиесіне зияны мен зардабы бірдей ақпараттарды қабылдап жатырмыз. Соның кесірінен небір сорақылықтар орын алуда. Жақында еліміздің Оңтүстік өңірінде бір топ жасөспірімнің өз сыныптастарын аяусыз соққыға жыққаны туралы бейнетаспа интернетте жарияланды. Аяушылық сезімнен жұрдай, адамгершіліктен ада, үлкенге деген құрметі азайған ұрпақтың өсіп келе жатқанынан қорқуымыз қажет. “Soltustik Qazaqstan” газеті орынды мәселе көтеріп отыр. Жастардың тәрбиесін уысымыздан шығарып алған сияқтымыз. Балалардың қолынан ұялы телефон түспейді. Ата-ана жұмысбасты, ұстаздың сөзі құнсыз. Өйткені, оқушыға дауыс көтеруге, жөнге салуға болмайды. Сабақ барысында тапсырмалар берілсе, оны бұрынғыдай оқушылар кітапханадан іздеуге ерініп, интернеттегі мәліметтерге арқа сүйейді. Бұл тығырықтан шығудың жолы – оларды кітап пен газет оқуға баулу екеніне бүгінгі әңгіме барысында көзіміз жете түскендей.
Ақпан айынан бастап қазақ мектеп-гимназиясы оқушыларының арасында “100 жаңа кітап” деген атаумен ауқымды шара қолға алынатынын айтып өткім келеді. Оқушылар ана тіліміздегі әдебиеттермен қатар, шетел ақын-жазушыларының шығармаларын оқудан бәйгеге түседі. Сондай-ақ, жергілікті газет-журналдарды да парақтап, басылым бетінде жарияланған әңгімелермен танысатын болады. Асыл сөздің парқын түсінетін жастардың қатарын көбейту мақсатында осындай шара ұйымдастырып отырмыз.
Жарасбай Сүлейменов:
– Жақсы бастама екен, істеріңізге сәттілік тілейміз. Биылғы баспасөзге жазылу науқанында аудандарды аралап, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізгенде көңілімізге түйгеніміз, намысшыл азаматтар белсенділік танытып жатса, біраз сұрақтың түйіні шешіледі екен. Шал ақын ауданына жолымыз түскенде газетіміздің таралымы мұнда бар болғаны 100-ден ғана асқанын естіп, көңіліміз су сепкендей басылып еді. Талғат Қабиұлы газеттің тарамай жатқанын білгеннен кейін осы іске білек сыбана кірісіп, көпшілікке қозғау салғанын естідік. Ерінбей пошта бөлімінен газетке жазылғандардың тізімін алып, жазылмағандарды да түгендеп шыққанын естігенде азаматтығына тіпті сүйсіндік. Әрбір қазақ газет менің ұлтым мен ұрпағым үшін қажет деп, осылай жанын салып жатса, қандай ғанибет! Талғат Қабиұлы өз ауданында газет таралымының 500-ге жетуіне бір кісідей үлес қосты. Мен бұл азаматтың “Soltustik Qazaqstan”-ның ежелгі оқырманы әрі жанашыры екенін жақсы білемін. Әрбір нөмірін қалдырмай, барлық мақалаларды оқып шығады. Талғат Қабиұлы, Сізге сөз кезегін ұсынсақ.
Талғат Теменов:
– Он жеті мыңнан астам тұрғыны бар Шал ақын ауданында Жаңажол, Қаратал, Кеңес, Ысқақ Ыбраев секілді іргесі сөгілмеген ауылдар бар. Бірақ біздің ұлтымыз жоғарыдан бұйрық күтіп үйреніп қалған ғой. Қазақылықты сақтап, айрандай ұйып отырған ауылдар өңіріміздегі ұлт газетіне қолдау білдірсе, оқырмандар қалың ормандай көбейе түспей ме?! Меніңше, өзгеден гөрі өзіміздің қандастарымыздың үлесі басым Шал ақын, Ақжар, Уәлиханов, Айыртау сынды аудандар газеттің шашбауын көтеруі керек. Азаттықтың ақ таңы атқанға дейін тіліміздің, дініміздің үні шықпай келді. Ал енді егемен ел болған тұста неге құлашымызды сермеп, биікке ұмтылмасқа? Сондықтан жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілік танытып, қазақтілді басылымның таралымын арттыруға жанымызды салайық. Міржақып Дулатовтың “Айқапқа” деген өлеңі есіме түсіп отыр:
“Жомарттықта бірінші
Орын алған ел едік.
Үш теңгеден өлмеспіз,
Кел, мырзалар, берелік.
Білгіштердің соңынан
Шұбырып біз де ерелік”, – деген екен асыл азамат. Сол секілді “Soltustik Qazaqstan” газетінің жартыжылдық құны үш мың теңгенің ғана көлемінде. Бүгінгі күні бұл көп ақша да емес. Сондықтан бағасы қолжетімді газетті жаздырып алған адам қаншама рухани құндылықтарды оқи отырып, жан дүниесін байытады.
Айтайын дегенім, 2025 жылдан бастап еліміз латын әліпбиіне көшеді. Озық ойдың бойтұмары деп құрмет көрсететін біздің ардақты газетіміз осы бастан қысқа хабарлардың латын әліпбиіндегі нұсқасын беріп жатыр. Бір жағынан көзімізді үйретуге әрі әріптерді жаттап алуға мұның да көмегі зор. Бүгінгі күні еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін басылым бетінен өз керегін таба алады. Жастарға арналған “Jas qyran” қосымшасы да ақ семсердей жарқылдаған өрендерді жігерлендіреді. Алдағы уақытта даңқты спортшылардың өмірі, мансабы, қол жеткізген биігі жайлы мақаларды, осы саладағы жаңалықтарды топтастырып беріп тұрсаңыздар деген тілегім бар.
Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, бүгін редакция газет жанашырларын шақырып, келелі мәселе төңірегінде ой бөлісіп жатыр. “Soltustik Qazaqstan”-ды біз секілді құрмет тұтатын азаматтар ауылдық жердерде әлі де аз емес. Сондықтан редакция жанынан көпшілікке сөзі өтетін, беделі зор тұрғындардан арнайы топ құру қажет секілді. Газет журналистері мерзімді баспасөзге жазылу барысында табандарынан тозып, жер-жерді аралап шығады. Ал топ мүшелері басылымның сөзін сөйлеп, халыққа үгіт-насихат жұмысын жүргізіп отырса, оқырмандар саны да әжептәуір өсер ме еді деп ойлаймын.
Ділбар Бегалина:
– Менің де бір ұсынысым бар, Талғат Қабиұлы қысқа хабарларды латынша беріп жатқандарыңызды айтып өтті ғой. Мен де ол материалдарды үзбей оқып отырамын. Бірақ кейбір әріптерді ұмытып қалып жатамыз, сондықтан газеттің бір бұрышына латын әліпбиін қоса беріп тұрсаңыздар. Бұл ауылдағы аға-апаларымыз үшін де қажет деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырдан бері “100 жаңа кітап” сериясымен қаншама философиялық, тарихи шығармалар жарық көрді. Меніңше, мұндай құнды дүниелер ауыл тұрғындарының қолына түсе бермейді. Солардың ішінен сұрыптап, газет бетінде жариялаудың да артықтығы жоқ деп ойлаймын. Мұны айтып отырған себебім, бүгінгі күні газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыруға тыйым салынды. Кейбір ұстаздар бөркін аспанға лақтырып, газет алмайтын болдық деп қуанып жүр. Сондықтан оны оқуға қажеттілік тудырудың бірден-бір жолы – қарапайым ауыл тұрғынының да, оқушының да, ұстаздың да талғамынан шығатын мақалалар ұсыну деп ойлаймын.
Жарасбай Сүлейменов:
– Бүгінгі “дөңгелек үстелге” пошта қызметкері де қатысып отыр. Мерзімді баспасөзге жазылу науқанында біз пошташыларға да көп үміт артамыз. Ауыл адамдары бұл кісілердің сөзін жерге тастамайды. Сондықтан газеттің шын жанашырының бірі пошта қызметкері деп ойлаймыз. Жәнібек Төлеубайұлы, бүгінгі біз қозғап отырған мәселе төңірегінде Сіз не ойлайсыз?
Жәнібек Байкишов:
– Естеріңізде ме, бұрын пошташылар үлкен сөмкесіне газет-журналдарды толтырып алып келгенде ауыл тұрғындары қолына тигенше тағат таппайтын. Заман өзгерді, өмірімізге ғаламтор енді десек те, ол газет пен кітаптың орнын баса алмайды. Сондықтан біз де қолымыздан келгенше газет таралымын көбейтуге үлесімізді қосып келеміз. Бүгінгі күні Ақжар ауданындағы тұрғындардың 85 пайызы – өз ұлтымыздың өкілдері. Жергілікті жұртшылыққа 26 пошташы қызмет көрсетеді. Аудан бойынша 12 округ бар. Жоғарыда сөйлегендер айтып өткендей, әлі де газеттің таралымын арттырудың мүмкіндіктері мол. Соның жолын табатын болсақ, ең алдымен, қазақ тіліндегі төл газетіміздің оқырманы арта түседі әрі қоғамның бет алысы дұрысталады.
Жарасбай Сүлейменов:
– Бізге әрдайым қол ұшын беріп, қолдау білдіретін ұжымдар аз емес. Жеңіс Сұлтанов басқарып отырған “Қызылжар су” серіктестігіне, Шекара қызметіне, сондай-ақ, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Бөгенбай Жүсіпов, “Киров” зауыты директорының орынбасары Серік Ахметбеков сынды азаматтарға алғысымыз шексіз. Облыстық полиция департаментінің бастығы Берік Біләловті ерекше атап өткім келеді. Оның журналистердің салмағы зіл батпан еңбегін бағалап әрі қазақ газетіне жанашырлық таныту арқылы ұлтымыздың абыройын ойлап отырғанына қуанамыз. Бүгінгі “дөңгелек үстелге” аталмыш департаменттің қызметкері Жанат Сұлтанов арнайы келіп отыр, Сіздің ойыңызды білсек.
Жанат Сұлтанов:
– Жүз жылдық өмір белесінде газетке небір өтпелі кезеңдердің салқыны тигенін де жақсы білеміз. Сталиннің жазалауын да, Хрущевтің жылымығын да, Брежневтің тоқырауын да бастан кешірген басылым “мың өліп, мың тірілген” ұлтымызбен бірге жасап келеді. Ал бүгінгі күні жаһанданудың салқыны қоғамға кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Соның нәтижесінде газет оқымайтын ұрпақ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп келеді. Бұл бір ұлт тағдыры таласқа түскен уақыт десек те болады. Ата-баба қанымен, дәстүрімен бойымызға дарыған небір асыл дүниелерден айырылып қалғалы тұрмыз. “Soltustik Qazaqstan” газеті тілшілері де осыған алаңдап отырғанын жақсы түсінеміз. Халқымыздың ұлттық құндылықтардан ажырап қалмауына, тілімізді құрметтеуге, дәстүрімізді дәріптеуге, адамгершілік қасиеттерді насихаттауға қолына қалам ұстаған тілшілер қауымынан артық еңбек сіңіріп жатқан адам жоқ шығар. Бұл кісілер газеттің таралымын көбейту арқылы көпшілікке ой салғысы келеді. Мұны өңіріміздің әрбір азаматы терең түсініп, қолдау білдірсе, біз ұтпасақ, еш нәрседен ұтылмасымыз анық.
Тәртіп сақшылары қоғам тыныштығы күзетінде тұрса, журналистер уақыт алдындағы парызы мен қарызын өтеу жолында тынымсыз еңбек етуде. Сондықтан біз сіздерді әрдайым қолдаймыз. Осы орайда айта кеткім келетіні, біздің полиция департаментінде мұражай бар. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихи жәдігерлер, майдангерлердің хаттары, басқа да құнды дүниелер сақталған. Жүз жылдық мерейтой қарсаңында газеттің өткен тарихын тағы бір жаңғыртып, латын әліпбиімен басылған мақалаларды жариялаймыз деп сөз арасында айтып өттіңіздер ғой. Егер соғыс жылдарындағы газет қолдарыңызға тиіп жатса, біз оны мұражайда көздің қарашығындай сақтап, рухани орынға келушілер назарына ұсынуға дайынбыз.
Сондай-ақ, Сұраған Көпеев жетекшілік ететін бастауыш ардагерлер ұйымы да “Soltustik Qazaqstan” халықтың газеті, оның беделін түсірмеуіміз қажет деп, биыл басылымды бәрі бір кісідей жаздырып алып отырғанын да айтып өткім келеді.
Жарасбай Сүлейменов:
– Жанат Рыскелдіұлы біздің газетіміздің тарихын тілге тиек етіп кетті ғой. Шынымен де, сұрқия саясаттың салқыны бұл басылымның да басына қара бұлт үйіргенін айтып өткім келеді. 1932-1937 жылдар аралығында “халық жауы” деген желеумен бұрынғы “Ленин туы”, қазіргі “Soltustik Qazaqstan” газетінің редакторлары Есіркеп Қалымбетов, Елжас Бекенов, Әбдірахман Айсарин, Зәйтүн Сыздықов атылып кетті. Ұлт басылымының өгейлік көрген кездері де аз емес. Небір қиын-қыстау кезеңдер тарихтың ақтаңдақ парақтарына айналды. Бүгінгі күннің биігінен таразылар болсақ, нәубет жылдарда да біздің газет ұлт басылымы болып қала бергенін көреміз. Ал бүгінгідей мамыражай өмір орныққан сәтте небір келеңсіздіктерге тап болып отырмыз. “Дөңгелек үстелге” Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылындағы орта мектеп директорының орынбасары Самал Оралқызы келіп отыр. Қалың қазаққа қоныс болған бұл ауылға да үлкен үміт артамыз.
Самал Оралқызы:
– Ахмет Байтұрсыновтың “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді” деген сөзі бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Басылым беттеріндегі алтыннан да ардақты сөзді бүгінгі ұрпақ жадына түйіп, санасына сіңіріп, жүрегінің төріне қондырып өссе, ертеңгі күні елім деп еміреніп, жерім деп жанын бермей ме?! Бізді алаңдатып отырған жастар тәрбиесі, газет, кітап оқымаудың зардабы, қоғамдағы басқа да мәселелерді халық болып жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігімізді танытып шешу қажеттігін көтеріп отырсыздар. Бұл пікірлеріңізбен мен де келісемін. Шынымен де, халықтың мүддесі таразыға тартылып тұрған шақта бір кісідей жұмылуымыз қажет. Сіздердің әңгімелеріңізді тыңдап отырып, өзіміздің мектебімізде өтетін іс-шараларға редакция тілшілерін де шақырып, рухани дүниелер төңірегінде оқушыларға ой салатын кездесулер өткізсек, пайдасы зор болар еді деп ойлап отырмын.
Жарасбай Сүлейменов:
– Әрине, біз жас ұрпақпен кездесулерге қуана-қуана барамыз. Өйткені, біз келешек ұрпақтың тәрбиесіне бейжай қарай алмаймыз. Газет жастарды жоғарыда айтылған небір сорақылықтан сақтандыра алады.
Жұртшылық “қарашаңырақ” деп қадірлейтін “Soltustik Qazaqstan” газеті әрқашан халқымыздың болашағы сәулелі болғанын қалайды. Сондықтан да ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жолымен қоғамдағы жақсылықтарды сүйіншілеп, келеңсіздіктерге күйзеледі. Біз бұған дейін де талай рет газет, кітап оқымайтын қоғамның болашағы бұлыңғыр екенін айттық, әлі де көпшілікке ой салу мақсатымен жаза беруден жалықпаймыз. Мұның тамырына қалай балта шабамыз, мұндай келеңсіздіктен қалай құтыламыз? Осы мәселе төңірегінде қаншама пікір айтылды. Газет оқырмандары өзіне қажеттіні жадына түйетініне сенімдіміз.
Дайындаған Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltustik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.