«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫНДЫРАР БЕЛЕСТЕР БИІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Оқушылар сарайында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы облыс тұрғындары алдында есеп беріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында, бағдарламалық мақалаларында айтылған ауқымды міндеттерді орындау бағытында жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті. Есепті кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қатысты. Облыс әкімінің тұрғындармен есепті кездесуі жергілікті телеарналарда және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің www.sko.gov.kz ресми интернет-ресурсында тікелей эфирде көрсетілді.

– Солтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары серпінді дамып келеді. Өңіріміз әртүрлі тың бастамаларымен басқаларға үлгі көрсетуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен астықты аймақта өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту бағытында тындырымды істер атқарылуда. Облыс орталығындағы іргелі кәсіпорындар болып саналатын “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары жемісін беруде. Бұл кәсіпорындар қондырғыларын жаңғыртып, бәсекеге қабілетті құрал-жабдықтар шығаруда, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Біз бүгін осы кәсіпорындарды аралау барысында оған анық көз жеткіздік, – деген Үкімет басшысының орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев елімізде Мемлекет басшысының Жолдауларынан, бағдарламалық мақалаларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Өңір басшысы жиналғандар алдында облысымыздың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталып, солтүстікқазақстандықтардың қол жеткізген табыстарын барлық салалар бойынша айтып шықты.

– Тарих қойнауына енген 2018 жыл еліміз, облысымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Тәуелсіздіктің символы – Астана қаласының 20 жылдығы, Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен Петропавл қаласында өткен ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы шоқтығы биік саяси-қоғамдық іс-шаралар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен облысымыздың 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданды. Осы жылдар ішінде мемлекет қазынасынан бөлінген қомақты қаржыға облысымыздың көптеген өзекті мәселелері шешілетін болады, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Біздің облыс Қазақстанның астықты өңірі саналады. Былтыр өңір диқандары қомақты табысқа қол жеткізіп, 5,2 млн. тонна астық жинады. Гектар берекелігі – 18,7 центнер. Мұндай жетістік ауыл шаруашылығы құрылымдарының жаңа аграрлық және цифрлық технологияларды пайдалану, машина-трактор паркін жаңарту есебінен мүмкін болды. Облысымыз ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша елімізде бірінші орында келеді. Егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша да көш басында. Былтыр майлы дақылдардың егістік алқабын 1 млн. гектарға жеткіздік, бұл көрсеткіш те көңілге қонымды. Майлы дақылдар экспортқа бағдарланған өнім болып саналады. Егіншіліктегі мұндай өзгерістер жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Агроөнеркәсіптік кешенде 2017 жылы еңбек өнімділігі 7,8 пайызға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 25 пайызға дейін жетіп, ел бойынша үздіктер қатарынан көріндік.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, дайын өнім шығару міндетін қойған болатын. Былтыр облысымыздағы 82 өңдеу кәсіпорны 110 млрд. теңгенің тағам өнімдерін шығарды. Біз сүттің 44 пайызын өңдейміз, бұл көрсеткіш республика бойынша 25 пайыз. Алайда, ет өңдеу бағытындағы көрсеткішпен мақтана алмаймыз. Былтыр 56 мың тонна ет өндірілсе, соның 15 пайызы ғана өңдеуден өткізілген. Өңіріміздегі ет өңдеу кәсіпорындары қуатының үштен бірі ғана пайдаланылуда. Оларды шикізатпен қамтамасыз ету үшін былтыр “Тайынша Астық” ЖШС-де үш мың басқа арналған бордақылау алаңы ашылды. Тайынша ет комбинатын жаңғыртуға былтыр 700 млн. теңге инвестиция тартылса, биыл 1,3 млрд. теңге жұмсалмақ.

Өнеркәсіп те облысымыздың негізгі салаларының бірі болып саналады. Былтыр өңіріміздегі өнеркәсіп кәсіпорындары 250 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Былтыр “Биооперейшн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің крахмал мен балуыз өндіретін цехы сегіз жыл бойы тоқтап тұрғаннан кейін қалпына келтірілді. Үстіміздегі жылы қайта жаңғыртудың үшінші кезеңінде астықты тереңдете өңдейтін биоэтанол өндірісі іске қосылмақ. Бүгіндері әлемде осы тектес жиырма шақты ғана кәсіпорын бар. Көрші Ресейде отын этанолын шығаратын зауыт жоқ. Бір тонна бидайды терең өңдеген кезде 108 мың теңгенің өнімін алуға болады, яғни екі-үш есе көп пайда түседі. Индустрияландыру күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің металлпластикалық бұйымдар зауыты іске қосылды. Онда қайталама полимерлер толық өңделеді және халық тұтынатын тауарлар шығарылады, барлық өнімнің 20 пайызы экспортқа жіберіледі

Облыс әкімі соңғы жылдары инвестиция тарту ісі серпінді екенін тілге тиек етті. Былтыр инвестиция көлемі 8,1 пайызға өсіп, 212 млрд. теңгеге жеткен, оның үштен екісі жеке салымдар болып табылады. Бір жыл ішінде 1 теңге бюджеттік инвестицияға 3 теңге жеке инвестиция салынған. Үстіміздегі жылы “АlageumElektric” АҚ-ның трансформатор зауыты мен “GLAAS” неміс компаниясы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауытының құрылысын бастау жоспарланған. Бүгіндері өңірімізде жеті инвестициялық жоба жасалуда, олар жүзеге асырылған соң екі жыл ішінде облыс экономикасына 80 млрд. теңгеден астам қаржы түсіп, 1500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін курортты аймақтардың перспективалық учаскелері анықталды. Имантау-Шалқар курорттық аймағы еліміздегі басты он туристік аймақтың қатарына кіргізілді. Былтыр 3,2 млрд. теңгеге 105 шақырым жол жөнделді. “Шалқар су” санаторийінің меншік иесі оны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек, оған 1 млрд. теңге инвестиция тартылмақ.

Шағын және орта бизнес тұрғындардың табыс көзінің драйвері болып саналады. Бұл салада өңірімізде 106 мың адам еңбек етеді. Былтыр солтүстікқазақстандықтар 1300 жаңа нысан ашып, кәсіпкерлік субъектілерінің санын 29 мыңға жеткізді. Олар жергілікті бюджетке барлық салықтың 56 пайызын төлеп, 370,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бизнесті жүргізудің жеңілдігін арттыру үшін бүгін бос жер телімдері туралы ақпараттар онлайн режімде ұсынылады, инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын алу мерзімі қысқартылды, мемлекет тарапынан қолдау күшейтілді, “Даму” қорынан несие алуға өтініш бес күн ішінде қаралады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін былтыр 2,8 млрд. теңге несие берілсе, бұл көрсеткіш биыл 5 млрд. теңгеге дейін өспек. Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіптік кешен саласында шағын және орта бизнес кәсіпорындарына өңдеу және экспорт үшін жеңілдетілген несие берілмек. Ол үшін екінші деңгейдегі банктер арқылы 600 млрд. теңге бөлініп отыр.

Облыс шетелдерге өнімдерін экспорттауды ұлғайтты және керісінше импорттық тауарларды сатып алу қысқарды. Есепті кезеңде экспорт 19,6 пайызға артса, импорт 10,2 пайызға азайды.

Өңір басшысы облыс тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету, жұмыспен қамту, орташа айлық еңбекақы мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Елбасының Жолдауында айқындалған міндеттерге сәйкес жыл басынан бері бюджеттік саланың 43 мың және экономиканың нақты секторының 102 мың қызметкерінің айлық жалақылары бір жарым есе өсті. Сонымен қатар биыл жылуға, электр энергиясына және басқа да коммуналдық қызметтерге тарифтерді арзандатуға қол жеткізілді.

Цифрлық технологияны енгізу нәтижесінде 2018 жылы озық агроқұрылымдар еңбек өнімділігін екі есе көтерді, ауруханаларда кезек күту уақыты қысқарды, коммуналдық қызметтер үшін төлем жинау артты.

Өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келе жатыр. Былтыр сегіз мыңға жуық солтүстікқазақстандық қоныстойын атап өтсе, биыл 2240 пәтер пайдалануға берілмек. Облыс орталығындағы “Жас өркен” шағынауданында 640 ескі және апатты баспана сүріліп, ол қазір жаңа ғимараттардың құрылыс алаңына айналған. Петропавл қаласын көркейту, оны өмір сүру үшін ыңғайлы ету билік құрылымдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.

Былтыр Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақастық форумы қарсаңында облыс орталығын абаттандыру бағытында көп жұмыс атқарылды, биыл жалғасын таппақ. Үстіміздегі жылы 500 орындық қазақ театры, “Достық Мол” сауда-ойын-сауық орталығы, басқа да нысандар пайдалануға берілмек. Есепті кездесу барысында өңір басшысы қала мен аудан әкімдеріне елді мекендерді абаттандыру жұмысына кірісуді тапсырды.

Облыс әкімі білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы жетістіктер мен кемшіліктерге жан-жақты тоқталып, оларды шешу жолдарын атап көрсетті, тиісті тапсырмалар жүктеді.

Биыл елімізде “Жастар жылы”. Үкімет жол картасын бекітіп, жастарды қолдаудың теңдесіз іс-шаралары қабылданбақ. Облысымызда “Жастарды қолдаудың 100 қадамы” іс-шаралар жоспары жасалған. Биыл “Жасыл қала – жасыл ауыл” жобасы жүзеге асырылмақ, Петропавл қаласында және әр ауданда “Жастар саябағы” ашылады. Облыс орталығында тұңғыш рет “Ivent” жастардың инновациялық форумы өтеді, киберспорттан турнир, әртүрлі конкурстар мен кездесулер ұйымдастырылады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындар алдындағы есепті баяндамасын аяқтаған соң ең алдымен Саll-орталық арқылы түскен сауалдарға жауап берді. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье, Куломзино, Қарағанды, Пролетарка ауылдарының тұрғындары тозығы жеткен жолды жөндеу мәселесін шешуді өтініпті. Үстіміздегі жылы бөлінген қаржы есебінен Лебяжье, Пролетарка ауылдарына кіреберіс, сондай-ақ, Конюхово-Куломзино, Надежка-Қарағанды жолдарына жөндеу жүргізілмек. Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде құрылысшы мамандығын ашу мәселесі облыстық білім басқармасының алқа мәжілісінде талқыланатын болды. Мамлют аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Талғат Әлжанов бірнеше елді мекеннің сапалы ауызсуға зәру екенін жеткізіпті. Бұл мәселені шешу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленетін болды. Сондай-ақ, Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында жаңа жылу желісін тартуға жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалған, енді оны қаржыландыру мәселесі шешілу үстінде. Тайынша ауданындағы бірнеше мектеп үстіміздегі жылы жөндеуден өткізілмек.

Алқалы жиынға қатысушы тұрғындар да өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылының тұрғыны жерлестерінің арыз-шағымын арқалап келіпті. Облыс орталығынан 15 шақырым жердегі ауылға қатынау бүгіндері үлкен проблемаға айналған, жолдың жағдайы тіптен мүшкіл екен. Үстіміздегі жылы ауылға кіреберіс жолды жөндеуге жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ, бұл жолды күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама дайындалмақ. Еңбек ардагері Мара Базарбаева жерлес жазушы Герольд Бельгердің биыл 85 жылдығын атап өту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Қазір Сергеевка қаласындағы бір көшеге жазушының есімін беру мәселесі шешілуде, Шал ақын ауданында мерейтойға байланысты іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аққайың ауданындағы Астраханка ауылдық округінің жетекші маманы болып істеген Айман Еламанова былтыр негізсіз қудалауға ұшырап, жұмыстан заңсыз босатылғанына, тиісті органдарға барғанымен нәтиже шықпағанына шағымданды. Құмар Іргебайұлы облыстық әкімдіктің аппарат басшысына жұмыс комиссиясын құрып, жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді тапсырды.

Тұрғындар әлеуметтік сақтандыру, денсаулық сақтау, білім беру, елді мекендерді абаттандыру, балалар алаңын салу, жолдарды, су құбырларын жөндеу, жолаушылар тасымалы сияқты сан алуан мәселелерді көтерді.

Өңір басшысы екі жарым сағатқа созылған тұрғындар алдындағы есепті кездесуін қорытындылай келіп, алдағы биік белестерді бағындыру үшін бірлесе еңбек етуге шақырды. Сұрақ қойып үлгермеген барлық адамды алқалы жиыннан кейін орынбасарларымен бірге жеке қабылдап, әрқайсысының мәселесіне қатысты жауап берді, көтерілген мәселелерді шешуді тиісті органдарға тапсырды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp