«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Жастар – елдің стратегиялық ресурсы” атты шара өтіп, жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жайында айтылды. Жиында Қазақстан коммунистік партиясының облыстық филиалындағы жастар қанатының жетекшісі Виктор Сауков биылғы жоспарларымен бөлісті.

– Елбасының бастамасымен биылғы жыл “Жастар жылы” болып жарияланды. Осыған орай алдағы уақытта жастарды толғандырып жүрген мәселелердің түйінін тарқатуға үлесімізді қосатын боламыз. Яғни, жас буын өкілдерінің баспанамен қамтамасыз етілуіне, өзара тәжірибе алмасуы үшін жазғы лагерьлер ұйымдастыруға, өз кәсіптерін жүргізулеріне көмектесеміз, – деді Виктор Сауков.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының менеджері Мұратбек Сердалинов студенттерді шағын және орта кәсіпкерлік саласында бақтарын сынап көруге шақырды. Оның айтуынша, филиал мамандары нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жастарға кәсіпкерлік негіздерін тегін оқытып, жобалары екінші деңгейлі банктердің тарапынан қаржылай қолдау тапқанша қол ұшын береді. Сонымен қатар бұл қор ісін жаңа бастаған азаматтардың несиесінің 85 пайызына кепілдік береді. Өткен жылы үш мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жастарға инновациялық жобаларын жүзеге асыру үшін 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант алудың мүмкіндігі қарастырылған.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жанат Кәкімов жиналғандарға өз жобасын таныстырды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жанындағы “Жас кәсіпкерлер” мектебінің түлегі гипстен жасөспірімдердің латын әріптерін танып-білуіне арналған оқу құралын жасаған. Сондай-ақ, мүсіндердің көмегімен балаларға ертегі мен эпостардың кейіпкерлерін, өңіріміздің қасиетті жерлерін таныстырмақ.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp