«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЖОЛЫН ҚУҒАН АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде ата-бабамыздан мұра болған ұлттық нақыштағы дүниелеріміз ортаға қайта оралуда. Әсіресе, соңғы жылдары қазақтың астауына сұраныс арта түскен. Ағаштан түйін түйіп, қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген жерлестеріміздің бірі – Жанайдар Молдабаев. Ол – бірнеше шебердің басын қосып, шағын цех ашқан іскер азамат.

Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының тумасы Жанайдар Жұмабайұлының қазақтың ертеден бері тұтынған тұрмыстық бұйымдарын, оның ішінде астау жасаумен айналысқанына үш жыл болған. Қолөнерге деген сүйіспеншілік оған арғы атасы Қоңқардан дарыған. Ол өз заманында ағаш шебері әрі аңшы болған екен. “Бармағыңнан өнер тамған шебер болғың келсе, бармақтайыңнан машықтан” демекші, Жанайдар ағаштан түрлі заттарды жасауға ерте жастан ден қояды. Әкесіне аулаға қоршау, орындық жасау сияқты үй шаруасына қолғабыс жасап өседі. Әуелгіде мұның бәрін ермек санаса, кейін ол мұны кәсіпке айналдыруды көздейді. 2003 жылы Көкшетау қаласындағы “Көкше” академиясында оқып жүріп қолөнер шеберлерінен ағаштан астау жасаудың қыр-сырын үйренеді. 2007 жылы заңгер мамандығын меңгеріп шыққан жас Петропавл қаласына оралып, жүрек қалауымен ағаш өңдейтін фирмалардың біріне жұмысқа орналасады. Осылайша, білікті мамандардың қасында жүріп, мол тәжірибе жинайды.

Қолданатын шикізаты, негізінен, қайың ағашы. Талапты жігіт қашау мен балғаның көмегімен астау, ожау, қазақ үстелінің түр-түрін жасайды. Соның ішінде астауға басымдық береді. Қолөнершінің айтуынша, ұзындығы – 70, ені 30-35 сантиметрлік, қошқар мүйіз оюмен өрнектелген астаулар сұранысқа ие.

– Соңғы жылдары ағаштан жасалған ыдыс-аяқты тұтынушылардың қатары артып келеді. Әсіресе, астаулар өтімді. Өнімдерімізді жергілікті және басқа қалалардан тапсырыс беріп алушылар аз емес, – дейді ағаш шебері.

Қолөнерші жыл өткен сайын шеберлігін шыңдауда. Бұған дейін қашаумен ғана жұмыс істесе, енді жону станогын меңгерді. Оның нәтижесінде астауды бір аптада емес, үш күннің ішінде қолға тигізетін болды. Жұмысшы кентіндегі кішігірім цехта Бағдат және Алексей есімді жігіттермен бірлесіп, әр апта сайын үш-төрт астау жасайды. Асқан ұқыптылықпен әзірленген жүзден астам астаудың бірқатары ресейлік ағайындарға да жол тартқан. Тәжірибелі шебер астау жасауда ағаш таңдаудың маңызды екенін айтады.

– Көпшілік астаудың әдемілігіне ғана көңіл бөледі. Бірінші кезекте оның сапасына мән беру керек. Осы орайда, ағаш таңдай білудің де маңызы зор. Мен қазір бұтағы жоқ қайыңды Ресейдің Түмен облысынан арнайы тапсырыспен алдыртамын. Ал емен ағашы Алматыдан жеткізіледі. Ағаш көлеңкеде кептіріледі. Біз қайың ағашын жонып, астаудың ішкі бетін жылқының іш майымен сылаймыз. Ал сыртына лак жағылады. Яғни, өңдеудің бірнеше кезеңінен өтеді. Ағаш өңдеу технологиясын меңгергендіктен және көпжылғы тәжірибемізге арқа сүйеп, сапалы өнімді уақытында дайындаймыз, – дейді Жанайдар Жұмабайұлы.

Шебердің қолынан ағаштан бесік, ойыншықтар жасау да келеді. Өкінішке қарай, өндіріске қойып, саудалайын десе, нарықта бұл заттарға сұраныс аз. Жалпы, жерлесіміз алдағы уақытта тың идеяларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алдымен биыл Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылатын қолөнер туындыларының көрмесіне қатыспақ.

Қазақ халқы ұлттық құндылықты терең меңгерген шеберлердің еңбегін қашан да жоғары бағалай білген. Жанайдар Молдабаев та дәстүрімізді түлетіп, ағаштан ою ойып отырғаны көңілді сүйсіндіреді. Соңғы жылдары астау сатып алушылардың көбейгені де жерлестеріміздің ұлттық дүниелерге деген ынта-ықыласының артып келе жатқанын білдіреді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp