«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН ІСТЕРДІҢ ЖАРШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2019 жыл – “Нұр Отан” партиясы үшін маңызды кезең. Биыл біздің партиямызға 20 жыл толып отыр. Осыған орай “Нұр Отан” партиясының Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында осы саяси ұйымның кезекті он сегізінші съезі өтеді. Бұл алқалы жиында партияның алдағы жылдардағы стратегиясы, Елбасының Жолдауларында, Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында жүргізілетін жұмыстар күн тәртібіне қойылмақ, оған біздің өңірден елуге жуық делегат қатысады.

Күрделі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайларда партия өзінің басты мақсаты ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруды белгіледі және оны бұлжытпай жалғастырып келеді. Осы жылдар ішінде партия елдің ең бұқаралық және ықпалды саяси күші ретінде қалыптасты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін “Нұр Отан” партиясы еліміздегі қоғамды ұйыстыратын көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де өзіндік жолы, бағыт-бағдары айқын саяси күш. Өткенді ой елегінен өткізіп, тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, 1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Отан” партиясы құрылған болатын.

1999 жылғы 1 наурызда партияның алғашқы құрылтай съезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ, съезде Саяси кеңес, Орталық тексеру комиссиясының құрамы бекітіліп, партия Жарғысы қабылданды. Сонымен бірге съезд делегаттары “Отан” республикалық саяси партиясының Қазақстан халықтар бірлігі партиясымен, Қазақстанның демократиялық партиясымен, Қазақстанның либералдық және “Қазақстан – 2030” қозғалыстарымен бірігуі туралы қарарды қабылдады. 2013 жылғы 18 қазанда “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы “Нұр Отан” партиясы болып өзгертілді. Құрылғанына 20 жыл болған іргелі партияның қалыптасу, өсу, өркендеу жолы осылайша өрілген еді.

Қазақстан бүгінгі күні іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы күннен-күнге жаңашылдыққа ұмтылып, инновациялық-индустриалды бағытта дамыған қуатты мемлекетке айналуда. Міне, осынау тәуелсіздік алған жылдар аясындағы ел ырысын арттырып, береке-бірлігін нығайту жолындағы “Нұр Отан” партиясының үлесі зор, ізі айшықты. “Нұр Отан” партиясы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Стратегиялық бағдарламасын негізге алып, қоғам өміріндегі маңызы зор мәселелерге араласып, ел дамуына елеулі үлес қосып келеді. Тарихи құжаттың басты бағыты – халықтың әлеуетін көтеру, инновациялық-инфрақұрылымдық талаптарды негізге ала отырып, ел игілігіне бағыттау болып табылады. “Нұр Отан” еліміздің барлық аймақтарында қанатын жайған, қатары көп, халықтың зор сеніміне ие болған жетекші партия ретінде жарқын істердің жаршысына айналып отыр.

Жалпы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында партияның облыстық филиалы тарапынан жүзеге асырылып отырған іс-шараларды көптеп келтіруімізге болады. Ең бастысы, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты жолдарының бірі екенін назарда ұстап келеміз. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулардың, партиялық бақылаудың маңыздылығын айтып өту орынды болар. Халық пен биліктің арасында алтын көпір бола отырып, жиындар мен кездесулер, қабылдаулар өткізіп, онда көтерілген түйінді мәселелерді шешуде оңтайлы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Мұның өзі халықтың партияға деген сенімі мен ықыласын нығайта түсуде. Қашан да алысты болжап, биікті межелейтін Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы, осынау құнды дүниенің жалғасы болған “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы әрбір қазақстандықтың тарихи танымын кеңітіп, рухани мөлдір бастаудан сусындатқандай болды. Бұл ретте ел-жұрттың, әсіресе, жастарымыздың рухани сауаттылығы мен әдеп-салтын қалыптастыруда ата-салт, асыл дәстүрімізге негізделген мәдени шаралар, тағылымды жиындар жиі ұйымдастырылады. Осы жұмыстардың барлығында Елбасының барлық стратегиялық жоспарлары мен кешенді бағдарламаларын іске асыруға сенімді тірек болған “Нұр Отан” партиясының қолтаңбасы айрықша дегім келеді.

Бүгіндері партияның белсенді мүшелерінің саны бір миллионға жуық адамды құрайды. Партияның облыстық филиалына қарасты 15 аумақтық филиалы мен 355 бастауыш партия ұйымында қырық мыңға жуық мүше бар. Халықтың көпшілігінің мүддесін білдіретін, елді жан-жақты жаңғыртуды жүзеге асыруға қабілетті саяси ұйым – “Нұр Отан” партиясы өз қызметін саяси доктринаны, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын, “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер”, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын, Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларын және партияның сайлауалды бағдарламасын негізге ала отырып жалғастырып келеді.

Бүгінде кең талқыға салынып отырған партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы өркениетті отыз елдің қатарына кіру үшін бес институционалдық реформаларға негізделген. Жаңа бағдарламада көзделгендей, алдағы онжылдықтағы партияның мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін елді жүйелі жаңғырту болып табылады. Жұмыс бағыттарына келсек, партия Президент айқындаған стратегия шеңберінде елдегі жетекші саяси күш ретінде, өзінің негізгі күш-жігерін алдағы онжылдықтың он басты мақсатына қол жеткізуге бағыттайды.

Біз партия мүшелерінің сапалық құрамына басымдық беруге, жұмысты жетілдіруде жаңа саяси технологияларды қолдануға, жастармен белсенді жұмыс жүргізуге тырысамыз. Қазір партияның жаңа кадрлық резерві жинақталған. Бүгіндері 88 адам облыстық, ал 588 маман аудандық кадрлар резервіне қойылған. “Жас Отан” жастар қанатына өңіріміздегі барлық жастар ұйымдарының басын біріктіруге бағытталған міндеттер жүктелген еді. Міне, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы осы міндеттерді орындауға, еліміздегі әрбір азаматтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға арналған.

Жалпы Президенттің тапсырмасы бойынша “Нұр Отан” партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып жоғарыда аталған міндеттердің жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтуді қолға алған болатын. Елбасы тапсырмасына сай, “Нұр Отан” партиясының әлеуеті арқылы “Цифрлық Қазақстан”, “Рухани жаңғыру” бағдарламалары ел арасында кеңінен насихатталып, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, жаңа саяси технологияларды енгізу арқылы негізгі жұмыстардың әдіс-тәсілдері өзгерген. Мәселен, енді партия жұмысын бағалауда ұйым тарапынан өткізілген іс-шаралардың және оған қатысушылардың саны емес, халыққа көрсетілген нақты көмектер есепке алынуда. Партия тарапынан ақпараттық, коммуникациялық тетіктерді кеңінен қолдану нәтижесінде “Нұр Отанның” әлеуметтік желілердегі ақпараттарының таралымы мен оған жазылушылар саны, сәйкесінше оқылымы да арта түскен. Алдағы үш жылдың ішінде партияның бастамасымен елімізде бір мыңдай IT-сынып ашылмақ, онда жылына 150 мың оқушы бағдарлама жасау мен робот техникасы бойынша тереңдетілген білім алатын болады. Бүгінге дейін біздің облыста 31 сынып ашылған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Оқушылар сарайындағы осындай сыныптарда жүздеген оқушы робот техникасы мен бағдарлама негіздерін үйренуде. Сонымен бірге облыс жастары үшін он коворкинг орталық жұмыс істейді. Партияның “Мектеп асханасы” жобасы биылдан бастап қолға алынды. Бұл жобаларға “Туған жер” бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп жатыр. “Нұр Отан” партиясы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да бірнеше жобаны қолға алған. Жалпы, бүгінгі күннің өзекті әрі тұрғындарға тікелей қатысты мәселелерін қоғамдық бақылауға алу, жоспарлардың орындалуын қадағалау еліміздегі ең ірі саяси ұйымның күн тәртібінен түспейді. Бұл – партия Төрағасының тапсырмасы мен талабы.

Артур МОЛДАҒҰЛОВ, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp