«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢТҮСТІКТЕН КЕЛГЕНДЕРГЕ ҮЙ БЕРІЛЕ МЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

WHATSAPP желісіне Мағжан Жұмабаев ауданы Медвежка ауылының тұрғыны Нағима Қалмұратовадан сауал келіп түскен болатын.  Нағима Халмұратова, Мағжан Жұмабаев ауданы Медвежка ауылының тұрғыны:

– Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы аясында Алматы облысынан Мағжан Жұмабаев ауданының Медвежка ауылына көшіп келген едік. Өкінішке қарай, өзге қоныс аударғандар сияқты әлеуметтік жәрдемақы мен тұрғын үйге қол жеткізе алмадық. Отбасымызға 477 мың теңге жәрдемақы берілді. Бұл үй алуға жетпеді. Сондықтан күнкөрістің қамымен Алматыға құрылыс саласында жұмыс істеуге кеткен жұбайым абайсызда аяғын жарақаттап, бүгінгі күні төсекке таңылған. Жағдайымыз қиындаған соң, Алматыға көшіп кеттік, қазір сонда пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысына қайта келсек, бізге баспана беріле ме?

Оқырманның бұл сауалына Мағжан Жұмабаев ауданының жұмыспен қамтуды үйлестіру орталығының маманы Ирина Кадомская жауап береді:

– Аталмыш отбасы біздің облысқа 2016 жылы көшіп келді. Сол жылы Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы қанатқақты жоба ретінде жүзеге асып, қоныс аударғандарға тек 477 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ішкі миграция қатысушыларын баспана және өзге де жәрдемақымен қамтамасыз ету тек 2017 жылдан бастап қолға алынды. Ережеге сәйкес Нағима Азаматқызы 2016 жылы көшіп келгендіктен, оған және оның отбасына 477 мың теңгеден өзге ешқандай қаржылай көмек көрсетілмейді. Ол облысымызға қайтадан көшіп келген күннің өзінде бағдарлама қатысушысы ретінде де баспана кезегіне тұра алмайды. Енді оның баспана алу жөнінен жалпы кезекке тұруға ғана мүмкіндігі бар.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp