«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОБЫЗ – КИЕЛІ АСПАП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің өңірімізде сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халық аспабы – қобызды серік еткен өнерпаздар қатары аса көп емес. Солардың бірі – Жәмила Мұстафина. Ол облыс орталығындағы музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-өнер колледжі кешенінде ұстаздық етеді. Қоңыр үнді қобызымен талай байқауларда жеңімпаз атанған талант иесімен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Жәмила Қайранасқызы, киелі аспапты кәсіби тұрғыда меңгерген қобызшылардың бірісіз. Өнер жолына қалай келдіңіз?

– Есіл ауданының Бұлақ ауылында туып-өстім. Ата-анам мені мектепте оқып жүргенде көрші Корнеевка ауылындағы домбыра сыныбына берді. Өнерге ден қоюыма мектептегі ұстазым Теңдік Сәркенқызының да септігі тиді. Ол талабымды ұштау мақсатында ансамбль құрамына қабылдап, үйірмеге қатыстырды. Кейін мектепті тамамдаған соң Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжіне қобыз сыныбына қабылдандым. Колледж қабырғасында түрлі өнер додаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болуым қобызға деген сүйіспеншілігімді одан сайын арттыра түсті. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде білімімді жалғастырдым. Аталмыш жоғары оқу орнында мемлекеттік грантта тегін оқу үшін сынға түскен қобызшы жастардың арасында бағымның жануы мені одан сайын қанаттандыра түсті. Білім алып жүрген кезде түрлі өнер додаларына қатысып, лауреат атандым. Еңбек жолымды Көкшетау қаласындағы қазақ оркестрі мен “Кербез сұлу” ансамблінде бастадым. Кейін Астана қаласының филармониясында халық аспаптары оркестрі құрамында өнер көрсетіп, тәжірибемді шыңдадым. Қобыз сияқты құпиясы көп, сыры мол, күрделі аспапты игеріп, тыңдармандарды ұлттық мәдениеттен сусындатып жүргенімді мақтаныш етемін. Жұбайым – Айдос Ақылбеков те кәсіби қобызшы.

– Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші Әлқуат Қазақбаевтан білім алғаныңызды білеміз. Ол көптеген жастардың қобыздың қыр-сырын терең меңгеруіне атсалысып жүрген ұстаз. Сіздің жас өнерпаздарды тәрбиелеуіңізге ден қоюыңызға сол кісі ықпал еткен болар?

– Иә, дұрыс айтасыз. Дәстүрімізді бес саусағындай білетін Әлқуат ағамыз өзінің өмірлік бай тәжірибесін болашақ мамандарға үйретуден жалыққан емес. Оның есімі бүгінде өнер-сүйер қауымға жақсы таныс. Жаһанданудың ықпалы күшейген заманда көне қобыздың үнін тірілтіп, эстрадаға қосты. Бүгінде ұлттық мәдениетті зерттеу ісімен айналысуда. Қазір оның шәкірттері республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Мен де ұстазым сияқты жас дарындарды білім нәрінен сусындатып, өңірімізде қобызшылар қатарын көбейуге үлес қосқым келеді.

– Өнерсүйер қауымның қобыз тыңдауға деген қызығушылығы қандай?

– Ұлттық дәстүрді насихаттайтын концерттерде аға буын өкілдерін жиі көреміз. Мен облыстық филармония жанындағы Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің және “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрамында да өнер көрсетемін. Тыңдармандар қобыз үнін ерекше қызығушылықпен, ықыласпен қабылдайды. Тек мектептерде, оқу орындарында жастарға қобыздың шығу тарихы, халқымыздың тарихында алатын орны, маңызы туралы көп мағлұмат берілсе екен деген тілек бар. Әуен астарындағы ойды түсінген адам ғана қобыздың ерекше аспап екендігін ұғынады. Қазіргі кезде қобыздың жаңа түрлері шығуда. Мәселен, қазір дауысы жоғары скрипка мен дыбыс бояуы қанық қобыздан соң үш ішекті сым қобызбен орындалатын туындылар дүниеге келді. Нәтижесінде жылқы қылы тағылған екі ішектің орнына, үш қатар скрипка ішектері тағылып, жаңартылған қобыздың дыбысы күшейе түсті, ол прима қобыз немесе сым қобыз деп аталады.

– Таланттар түрлі байқауларға қатысу арқылы бойларындағы Алла берген дарындарын шыңдайды емес пе? Осыған дейін қандай додаларда төбе көрсеттіңіз?

– Қазақ халық аспаптары оркестрінің және “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, талай асуларды бағындырдық. Түрлі елдерде болып, хал­қымыздың төл өнерімен тың­дар­мандарды сусындаттық. Талантымызға риза болған шетелдіктер қошеметтерін аямады. Шетелдерде ұлттық аспаптарымызға деген ықылас қашанда жоғары. Бұл екі ұжымда білімімді кәсіби тұрғыда жетілдірдім. Көптеген байқауларда бақ сынадым. Солардың ішінде Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында өткен республикалық дода өнердегі жолымды ашты десем, артық айтқаным емес. Бұл байқауда 1-орынды иелендім. Кейін Ықылас Дүкенұлы атындағы конкурста да бағым жанды.

– Өнер адамының бос уақыты да қызықты өтетін шығар…

– Бос уақытымды отбасыма арнаймын. Балаларымызбен бірге демаламыз. Шығармашылықпен айналысып, уақытты көңілді өткізуге тырысамыз. Шахмат ойнағанды ұнатамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp