«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПОЛИЦИЯҒА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАУ — ПАРЫЗ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы облыстық полиция департаментінің бастығы Берік Біләлов “Soltustik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және WHATSAPP желісіне келіп түскен оқырмандардың сұрақтарына жауап берген болатын. Бүгін осы әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Орынбасар ӘБДУШӘКІМОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Петропавл қаласындағы Мир және Хименко көшелерінің қиылысындағы “Восток” шағын дәмханасының жаны күні-түні “ащы суға” сылқия тойып алғандардан бір арылмайды. Айтайын дегенім, сол жерден балалар мектепке өтіп жатады. Ішіп алған ессіздер бүгін болмаса ертең оқушыларға кесірін тигізбесіне кім кепіл? Оларды тәртіпке шақыратын адам бар ма, осындай дәмханалардың жұмысын тоқтатуға болмай ма?

– Полиция қызметкерлері қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды үзбей жүргізіп отырады. Ал егер заңға бағынғысы келмейтіндер табылып жатса, олар сөзсіз, жауапкершілікке тартылады. Осы орайда жыл санап облысымыздағы криминогендік жағдай жақсарып келе жатқанын айтып өткен жөн. Былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда биылғы қаңтар айында жалпы қылмыс түрлерінің саны 7,8 пайызға (614-тен 566-ға), соның ішінде ауыр қылмыс оқиғаларының көрсеткіші 16 пайызға (50-ден 42-ге) азайған. Қоғамдық орындарда және мас күйде жасалатын қылмыстар саны кеміген. Мысалы, өткен жылы қарақшылық бойынша бес қылмыс тіркелсе, биыл екеу, сондай-ақ, алаяқтық бойынша 24 факті есепке алынды, былтыр 32-і болған. Ұялы телефон және пәтер ұрлығы деректері былтырғыға қарағанда биыл аз тіркелді. Жыл басынан бері 11 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іздеуде жүрген он қылмыскер ұсталып, із-түзсіз жоғалған бес азамат табылды.

Ал облыс орталығындағы “Восток” дәмханасына келер болсақ, шынымен де, бұл жерден оқушылар мектепке өтеді. Сондықтан полицияның жаяу жасақтары, автопатрульдер, учаскелік және жедел басқару орталығының инспекторлары аталған дәмхана жанын үнемі бақылауда ұстайды. Аталмыш демалыс орны өткен жылдың қазан айынан бастап биылғы қаңтардың соңына дейін жұмыс істеген жоқ. Дәмхана иесіне және ол жерге келушілерге алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер тәртіпсіздік орын алып жатса, “102” телефон нөміріне хабарласқан жөн.

Жазира СЕРІКҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Берік Сұлтанғазыұлы, полиция департаментінің жақсы жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз, дегенмен, “бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” емес пе, тәртіп сақшылары парамен жиі ұсталып жататыны да жасырын емес. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықпен күрес біздің қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Полиция департаменті парақорлықтың жолын кесіп, жаман әдеттің тамырына балта шабу үшін аянып қалып жатқан жоқ. Бұл бағытта алдын алу жұмыстары үзбей жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаменттерімен және полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен 2019 жылға арналған өзара іс-қимыл жасаудың бірлескен жоспары әзірленді. Жемқорлық тәуекелге ішкі талдау жасап отырамыз, соның нәтижесінде соңғы екі жылда жол-патрульдік қызметі батальоны қызметкерлеріне толық ротация жүргізілді. Келеңсіздіктің алдын алу мақсатында ашық сот отырыстарын өткізу жалғасуда. Былтырғы жылы жеке құрамның қатысуымен осындай жеті отырыс өткізілді. Полиция органдары қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлықтың бірде-бір фактісі назардан тыс қалған емес, барлығына қызметтік тергеу жүргізілді. Парақорларға біздің арамызда орын жоқ. Сондықтан полицияның абыройына нұқсан келтіргендер бірден жұмыстан шығарылады. Олардың тікелей басшылары да атқарып отырған қызметтерінен босатылады.

Полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тәртіптік комиссия жұмысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен белсенді тұрғындар шақырылады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жаңа ақпараттық технологиялардың да көмегі зор екенін айтып өткен жөн. Бүгінгі күні қылмыстық істерді электронды форматта жүргізуді тәжірибеге енгізудеміз. Тергеушілер мен анықтаушылар үшін 73 жұмыс орны электронды құралдармен жабдықталған. Мұндай электронды қызмет түрі сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі әрі тергеу уақытын үнемдейді. Полицияның, прокурордың және соттың бақылауы енді қашықтан жүзеге асырылады. Бұған қоса, күдіктілерді қамауға алу санкцияларын соттар онлайн режімде жүргізеді, яғни жауапқа тартылған тұлға уақытша ұстау изоляторынан бұрынғыдай сот ғимаратына әкелінбейді.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі – мәліметтер базасы да полицияның жұмысын жеңілдете түсті. Бүгінгі күні әкімшілік хаттамалар “планшетпен” толтырылады. Әрі айыппұлдарды бірден төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ереже бұзушылық тіркелген сәттен бастап, оны өндіріп алуға дейінгі жұмыстардың барлығы автоматтандырылған, ол үшін 88 планшет сатып алынды. Патрульдік полиция қызметкерлері тасымалды бейнетіркегіштермен жабдықталған. Құқық қорғау саласын жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың тәртіп сақшыларының заманауи келбетін қалыптастыруға да ықпалы зор боларына сенімдіміз.

Ботагөз ЕРКІНҚЫЗЫ,

Тимирязев ауданы:

– Спорттың қай түрін ұнатасыз?

– Спорт денсаулық серігі деп бекер айтылмаған. Әсіресе, әскери қызметкерлер саламатты өмір салтын ұстануы керек. Мен бокстан спорт шеберіне үміткермін. Бала кезімнен спортпен шұғылданамын. Сол әдеттен осы күнге дейін қол үзген жоқпын. Волейбол, футбол ойнағанды ұнатамын. Спорт адам өмірін ұзартады, жаныңды сергітеді. Полиция қызметкерлеріне де осындай талап қоямын. Біздің ұжым облыс, республика көлемінде өтетін барлық спорттық іс-шараларға белсене қатысады. Департаменттің “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамында арнайы спорт залы бар. Ол жерде полиция қызметкерлерінің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Былтырғы жылы біз Ішкі істер министрлігінің “Қазақ күресі” бойынша және футболдан чемпионатын өткіздік. Алғаш рет шайбалы хоккейден жарыс ұйымдастырылды. Биылғы жылы да көптеген спорттық іс-шаралар жоспарланып отыр.

Бәтима КӘРІМОВА,

Бескөл ауылының тұрғыны:

– Полиция қызметкерлерінің тұрғын үй және басқа да әлеуметтік мәселелері қалай шешіліп жатыр?

– Бүгінгі таңда облыстық полиция департаментінің 700-ден астам қызметкері баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұр. Соның 190-ы қазіргі таңда жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Жалпы, тұрғын үйге мұқтаждардың 529-ы – саптық бөліністердің қызметкерлері. Әрине, тәртіп сақшыларының алаңсыз жұмыс істеуіне әлеуметтік жағдайының да ықпалы зор екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан біз қолымыздан келгенше олардың мәселесін шешудеміз. “7-20-25” мемлекеттік бағдарламасы арқылы бой көтеріп жатқан 75 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй облыстық әкімдіктің қолдауымен полиция қызметкерлері үшін бөлінді. Тәртіп сақшыларының “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” арқылы облысымызда бой көтеріп жатқан ипотекалық баспаналарды сатып алуына еш кедергі жоқ. Сонымен қатар қызметкерлердің “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі” есепшоттарына сыйақы аудару арқылы көтермелеу шаралары жүзеге асырылуда.

Былтыр “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 50-ден астам полиция қызметкері пәтер алды. Тәртіп сақшылары үшін салынған жатақханада 60-тан астам қызметкер мен олардың отбасы мүшелері тұрып жатыр. Сонымен қатар “Құқық қорғау қызметі туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес полиция қызметкерлеріне басқа да әлеуметтік жеңілдіктер жасалады. Оларға медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Ал кезекті еңбек демалысына шыққан кезде 100 пайыз еңбекақысы сақталады әрі екі айлық жалақы мөлшерінде денсаулығын жақсартуға арналған біржолғы жәрдемақы ала алады.

Алмагүл ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ,

Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Ауылдық жерлерде заңсыз арақ сататындарға қашан тыйым болады. Учаскелік полицейлер қай ауылда кімнің заңсыз саудамен айналысып отырғанын біледі, бірақ тәртіпке шақырмайды. Өңіріміздегі әрбір ауылда түннің бір уағына дейін жастарға арақ сататын екі-үш үйден бар. Берік Сұлтанғазыұлы, осы мәселені жіті бақылауға алыңызшы.

– Полиция қызметі алкоголь өнімдерінің заңсыз саудасымен күрес жұмыстарын үзбей жүргізіп келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы заңсыз айналымнан 623 литрдан астам алкоголь өнімі алынып, 283 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биылғы қаңтар айында спирттік ішімдік сату бойынша 32 факті анықталды. Дегенмен, ауылдық жерлерде заңсыз арақ сату тыйылмай тұрғаны жасырын емес. Арақ барлық жамандықтың басы екенін білсе де, арам ақшамен байып отырғандардың жолын кесуге тәртіп сақшыларымен қатар ауыл тұрғындары да ниет танытса, қаншама келеңсіздіктің алдын алуға болар еді. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі мұнымен күресуі қажет. Осы орайда біздің облысымызда “Көршілер бақылауы” бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді. Айналасында болып жатқан түрлі жағдайларға бей-жай қарамайтын азаматтардан бізге қаншама өтініштер түсіп жатады. Ауыл тұрғындары да белсенділік танытса, мұның тәртіпті қоғам қалыптастыруға көмегі зор болар еді.

Динара ЖАЛБЫРҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Полиция қызметкерлері тұрғындардың сенімінен шыға алып жатыр ма?

– Мемлекет басшысының 2018 жылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі азаматтардың полиция қызметіне сенімін арттыру болып табылады. Сондықтан біз өз жұмысымыздың ашықтығын қамтамасыз етуді көздейміз. Тәртіп сақшылары тұрғындар алдында арнайы есеп беріп отырады. Полиция қоғамның тыныштығын күзетумен қатар, жұртшылықтың сенімді серігіне, арқасүйеріне айналуы тиіс. Біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындардың құқығын қорғап, оларға адал қызмет ету. Облыстық ішкі саясат басқармасы жүргізген зерттеулер көрсеткендей, 2018 жылы азаматтардың полицияға деген сенім деңгейі 74,3 пайызды құраған екен (2017 жылы – 57%). Өз басым жұртшылықпен жиі кездесіп, олардың көкейлеріндегі сұрақтарға жауап беремін. Былтыр облыс орталығынан шалғайдағы ауылдарда барлығы 30 кездесу өткіздім, оған 5 мыңнан астам адам қатысты. Өткен жылы өз мәселелерімен қабылдауыма жүзге тарта адам келді. Бұдан бөлек, полиция департаментінде 48 рет қабылдау өткізіп, 263 адамның мәселесін тыңдадым. Сондай-ақ, “Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдауына жазылған 10 адамның жеке сұрақтарына жауап бердім. Мұның бәрі – тұрғындар сенімін нығайтуға бағытталған шаралар.

Дәстүрлі түрде полиция департаментінің жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері бойынша облыс тұрғындарының алдында есеп беремін. Мұны бейнеселекторлық режімде аудан тұрғындары да көріп әрі сұрақтарын жолдай алады. Сонымен қатар облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарына департаменттің жыл бойы атқарған жұмысы және бюджеттік қаржының жұмсалуы жөнінде баяндап отырамыз. Полиция департаментінде және барлық аудандық бөлімдерде “Ашық есік күні” өтеді.

Соңғы жылдары барлық полиция ғимараттарында халыққа қызмет көрсетудің заманауи талаптарына сай фронт-офистер ашылды. Жыл басынан бері облыс орталығының жеті шағынауданында азаматтарды қабылдадым. Жұмысшы кентінде және “Береке” шағынауданында өткен кездесулер әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Әрбір адамға заң шеңберінде көмек көрсетуге тырысамыз. Осылайша, тұрғындардың сенімінен шығуды көздейміз.

Асылхан БЕЙСЕМБИН,

Жамбыл ауданының тұрғыны:

– Көлік жүргізушілері арасында жол патрульдік полиция қызметкерлерін видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жататындар кездесіп қалады. Ғаламтор арқылы “танымалдыққа” ие болып жататын қызметкерлеріңіз көп пе?

– Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Біздің департаменттің де әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар. Тек инстаграмның өзінде бізге 17 мыңдай пайдаланушы жазылған. Көпшілік арасында полицейлердің әрекеттерін видеоға түсіріп, жариялайтындар аз емес. Олардың арасында жағымды да, жағымсыз да бейнелер болады. Барлық фактілерді біз егжей-тегжейлі тексереміз. Нәтижесі бойынша шаралар қабылданады. Полиция қызметкерлері азаматтармен сыпайы сөйлесуге міндетті және әр кез әдептілік танытуы қажет. Өйткені, тәртіп сақшысы – қоғамның бет-бейнесі, тыныштық күзетшісі, тұрғындардың сенімін арқалаған адам. Егер біздің қызметкердің тарапынан құқыққа қайшы келер әрекеттер анықталса, сөзсіз, лайықты жазасын алады. Сонымен қатар ғаламтор пайдаланушылары арасында полицейлердің жұмысына ризашылық білдіріп жататындар да аз емес. Мысалы, патрульдік полиция батальонының қызметкері Руслан Ақматов көпірден секіргелі тұрған қызды құтқарып қалды. Бұл оқиға жөнінде көпшілік әлеуметтік желі арқылы білді. Осылайша, адам өмірін құтқарып қалған ол – бүгінгі күні жұрт арасында танымал қызметкерлердің бірі.

Қанат МӘКЕНҰЛЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Петропавл қаласындағы Жамбыл және Интернационал көшелерінің қиылысындағы бағдаршамның қосымша уақыты алынып тасталды. Бұл жерде, әсіресе, түс мезгілінде және кешкілік жұрт жұмыстан шыққан уақытта көлік кептелісі орын алады. Қосымша уақытты неліктен алып тастадыңыздар?

– 2018 жылы Жамбыл мен Интернационал көшелерінің қиылысындағы бағдаршам қайта жаңартылып, заманауи үлгіге ауыстырылды. Нақтырақ айтқанда, ол жерге жаңа жарық диодты шамдары бар бағдаршам қойылды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау үшін аталмыш бағдаршамға жану уақытын көрсететін қосымша индикаторларды қою мәселесі жергілікті атқарушы органдармен келісілді. Оны биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында орнату жоспарланып отыр.

Эльмира МӘМБЕТҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Былтыр ұялы телефонымды жоғалтып алдым. Одан кейін арыз жазған едім, бірақ нәтиже болған жоқ. Телефонымның табылуына көмек бере аласыз ба? Жалпы, жоғалған телефонды қалай іздейсіздер?

– Егер сіз телефоныңызды жоғалту немесе ұрлығы жайында полицияға жүгінсеңіз, алдымен телефонға құқық белгілейтін құжаттарды, ұялы телефонның IMEI кодын ұсынуыңыз қажет. Бізде “Криминалдық заттар” біріктірілген деректер банкі” базасы бар, ол жоғалған және ұрланған ұялы телефондардың IMEI кодтарымен үнемі толықтырылып тұрады. Осы уақытқа дейін 2300-ден астам жоғалған телефон табылды. Сондай-ақ, жоғалған және ұрланған ұялы телефондарды табу мақсатында Петропавл қаласының полиция басқармасы сауда нүктелеріне және ұялы телефондарды жөндеу орындарына рейдтік іс-шаралар жүргізіп тұрады.

Дайындаған Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp