«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ ЕСКЕРІЛМЕГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің мамандары жергілікті энергетика саласының субъектілеріндегі еңбек қауіпсіздігіне, апаттық және техникалық жағдайына тексеріс жүргізген болатын.

Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, былтыр қауіпсіздік талаптарын ескермеген технологиялық бұзушылықтардың 248 фактісі тіркелді. Яғни, 2017 жылмен салыстырғанда олардың саны 35-ке артқан.

Энергетика саласында жұмысын жүргізетін электр станциялары, қазандықтар, электр және жылумен қамту тораптарындағы технологиялық бұзушылықтар I және ІІ дәрежелі істен шығу апаттары бойынша бөлінеді. Тексеріс барысында II дәрежелі істен шығу апаттары негізінен “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” акционерлік қоғамында тіркелді. Кәсіпорында 2017 жылы 122 апаттық жағдай орын алса, былтыр олардың саны 182-ге дейін жеткен. Электр энергиясының жеткіліксіз берілуі 22,542 мың кВт/сағаттан 31,114 мың кВт/сағатқа дейін артты. Кабельдік және әуе желілерінің істен шығып, бұзылуынан осындай келеңсіздіктер орын алған.

“Петропавл жылу жүйелері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде II дәрежелі істен шығудың 46 фактісі орын алды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 16-ға аз. Жылу энергиясының жеткіліксіз берілуі 2762,249 Гкал/сағаттан 974,368 Гкал/сағатқа дейін кеміді. “СевКазЭнерго” АҚ-ның еншілес кәсіпорны №2 жылу-электр орталығында да II дәрежелі істен шығу фактілері азайған. Егер 2017 жылы 26 факті тіркелсе, былтыр оның саны 6-ға қысқарған. Соңғы екі жылда I дәрежелі істен шығудың бір фактісі орын алған.

Бұл кәсіпорындарда жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында жұмыс орындарында қауіпсіздік техникасын басқару және бақылау, үйлестіру, жоспарлау, проблемалық учаскелерді анықтау сияқты жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Алайда, қазіргі таңда бұл субъектілерде жұмысшылардың қауіпсіздігі қамтылмаған. Осыған байланысты жыл сайын еңбек қызметіне қатысты жазатайым оқиғалар орын алады. Былтыр “Петропавл жылу жүйелері” және №2 жылу-электр орталығында өндіріспен байланысты 2 жазатайым оқиға тіркелді. Келеңсіздіктер ұйымдастырушылық, техникалық іс-шаралардың орындалмауы және жауапты тұлғалардың қарамағындағы қызметкерлерге бақылауды дұрыс жүргізбеуінің салдарынан орын алады. Жазатайым оқиғалардың себептерімен жергілікті энергетикалық кәсіпорындар танысты.

Біздің департамент мамандары жылу маусымы барысында құбырлар мен электр желілерінде орын алатын төтенше жағдайлар кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 12 жиын ұйымдастырды. Онда республика бойынша тіркелген жазатайым оқиғалардың жартыжылдық есебі талданды.

Өткен жылы электр желілерін зақымдаған 6 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 613,2 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Ерікбай НАРМҰРАТОВ, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp