Қазақстанда әлеуметтік бастамалары бар жастардың қайтарымсыз қаржы алуына биыл да мүмкіндік туып отыр.
«Жастар корпусын дамыту» жобасына құжаттарды қабылдау 15 наурыздан 15 сәуірге дейін жалғасады. Байқауға мектеп оқушыларынан басқа, 14 пен 29 жас аралығындағы барлық қыз-жігіттер қатыса алады. Жобаны 4-5 адам бірігіп ұсынуына болады, байқаудан сәтті өткен топқа ісін жүргізу үшін 1 млн теңге беріледі. Шарт бойынша олардың алғашқы 6 айда өндірген өнімі немесе көрсеткен қызметтері әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға тегін болуы тиіс.
Жоба жетекшілерінің сөзінше, 6 айдан кейін сатып алған техникалары өздеріне қалады. Сөйтіп, бастаған ісін коммерциялық тұрғыда жалғастыра беруге мүмкіндік жасалмақ.
2017 жылдан бері аталған жоба аясында 5,5 мың іскер жас өз ісін бастаған. Ал осы жылы 3 мыңнан көп адамды жобаға тарту көзделіп отыр.