Жыл сайын вагон тапшылығынан тығырыққа тірелетін солтүстікқазақстандық диқандардың мәселесі әлі шешімін табар емес. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, мәні жоқ басқосулар жергілікті жүк тасымалдаушыларды әбден шаршатты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында өзекті мәселеге қатысты кезекті жиын өтті. Өкінішке қарай, бұл жолы да жергілікті кәсіпкерлердің атқарылған істерден гөрі толғақты мәселені шешудің ұтқыр жолдарын күткен үміті ақталмады. Жиын барысында “Қазтеміртранс” АҚ-ы компаниясы директорының орынбасары Абзал Салықбаевтың айтуынша, былтыр Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарынан 40,8 мың вагонға тиелген 2,7 млн. тонна астық тасымалданып, 116,7 мың тонна ұнды жеткізу үшін 1896 вагон жалға берілген. Резервте 14 мыңнан астам вагон бар.
Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері делдал-оператор – “Еуротрансгрупп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне жүгінуге мәжбүр. Алайда, делдалдың қызмет көрсету бағасы кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсіруде, қызметтің сапасы да көңілден шықпауда. Кездесу барысында делдал-оператордың өкілдері де өзекті мәселеге қатысты пікірлерін білдіргенімен нақты бір ұсыныстарын айтқан жоқ.
Компания өкілдері диқандарға делдалдық қызметтің жаңартылған, оңтайлы бағасын ұсынудың орнына сырғытып салма жауаппен ғана шектелді. Темір жолдағы түйткілді түйіндерге қашан нүкте қойылары белгісіз.