Елімізде көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған “Көктем – 2019″ республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтуде. Оқу-жаттығудың штабы Петропавл қаласына келіп орналасты.
Шара аясында солтүстікқазақстандық құтқарушылар облыс орталығындағы “Ойқала”, “Заречный” шағынаудандарында, Жұмысшы кентінде және Мамлют ауданында төтенше жағдайларға даярлықтарын пысықтауда. 233 құтқарушы мен 46 арнайы техниканың даярлығын штаб жетекшісі, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Марат Күлдіков тексеруде.
Құтқарушылардың міндеті – сценарий бойынша баспаналарын ағын су шайған тұрғындарды құтқару, оларға медициналық көмек көрсету, ауруханаға жеткізу, суға батқан адамдарды жағаға алып шығу. Сондай-ақ, шағынаудандарды қызыл су шаймауы үшін құм салынған қаптардан бөгет жасалып, қоршаулар нығайтылуда.