“Nur Otan” партиясының кезекті съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның даму бағытын айқындап, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады.
Қазір тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысы халықтың тұрмыстық мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, әрбір қазақстандықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызуға ден қойды. Елдің қамын ойлаған көреген басшымыздың сындарлы саясаты бізді биік белеске жеткізеріне сенімдімін. Өйткені, съезд барысында Нұрсұлтан Назарбаев барлық шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталатынын айтып, ұлттың жаңа игілігі жолында онжылдық перспективаларды белгіледі.
2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Аудандық, облыстық деңгейлерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысы орташа 25 пайызға көтерілмек. Съезде бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінетіндігі белгілі болды. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын да атап өтпеу мүмкін емес. Табысы төмен көпбалалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылып, атаулы әлеуметтік көмек көлемі артатыны көңілге қонымды бастама екенін айтқым келеді. Білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар да ескерусіз қалмады. Сондықтан бізді алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Баршамыз білек сыбана жұмыс істеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысуымыз керек.
Нұрбол АЛИН, Алқатерек ауылдық округінің әкімі.