«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қиын-қыстау кезеңде жер ауып келген жат жұрттықтарға жергілікті халық көмек қолын созып, бауырына тартты. Этносқа бөлінбеді, адам деген ғана ұғым болды. Заман қиындығына қарамай, адамдардың ниеті таза еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жағдай қазақ халқының өз жерiнде көптеген этнос өкiлдерiн ашық-жарқын, құшақ жая қарсы алып, төзiмдiлiкпен бiр үзiм нанды бөлiсiп жеп, Отанынан жырақ келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiмді ұялатты.

Қашан да қонағына төрiнен орын берген халықтың қонақжайлылық дәстүрiнен таймағаны ХХI ғасырдағы Қазақстанның ұлтаралық келiсiм орнаған тұрақты қоғам орнатуына бiрден-бiр себеп екенi даусыз.

Күнтізбеге қосылған жаңа мерекені қазақ халқының ізгі ниетіне тағзым деп білген жөн. Адамгершілік құндылықтар азайып бара жатқан мына заманда бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алады.

Облысымызда бүгіндері 1,5 мыңнан астам армян ұлтының өкілі тұрып жатыр. Олар әртүрлі салада еліміздің гүлденуі жолында еңбек етуде. 1997 жылы құрылған “Кентрон” армян этномәдени орталығының төрағасы ретінде мен мемлекетіміздің осыған дейінгі алған асулары мен бағындырған белестерін тікелей халық бірлігімен, оны көздің қарашығындай сақтап келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамын. Өйткені, бүгінде азаматтық қоғамның үлгілі институтына айнала білген Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы Елбасымызға тиесілі. Ел заңнамасы мен ортақ талапқа сүйене отырып қызмет ететін ұйым тек армяндардың ғана емес, барша қазақстандықтың рухани-мәдени әлеуетін арттырып келеді.

Мен Қызылжар өңіріне осыдан қырық жылдай бұрын жоғары оқу орнын тамамдаған соң жас маман болып келгенмін. Ауыл шаруашылығы саласында біраз жылдар еңбек еттім, кеңшар басқардым. Қазақстан – менің Отаным, мен – елімнің патриотымын. Алдымен, еңбегімнің, екіншіден, қазақстандықтардың арқасында табысқа жеттім.

Ең бастысы, бізде әр адамның еңбегіне қарай бақуатты өмір сүруіне, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Бұл мереке адамдарды бір-біріне жақындастырады. Ендеше, тағдыр тәлкегімен келгендерге құтты қоныс болған Қазақ жеріне, Қазақ еліне алғысым шексіз.

Геворг ГЕВОРКЯН, “Кентрон” армян этномәдени орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp