«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫЛДЫ ТЕХНОЛОГИЯ — ТОЛАЙЫМ ТАБЫС КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Экономиканың тірегі болып табылатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Себебі, бүгінде бүкіл әлем цифрлық технологиялар дәуіріне қадам басты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында сандық технологияны дамытып, жаңа индустрияны қалыптастыруды тапсырды.

Өркениетті елдер өз экономикаларын заман талаптарына сай оңтайландыруда. Яғни, цифрлық жүйелер мен автоматтандыруды, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды жылдам дамытып, игілігін көріп отыр. Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тиімді цифрландыру шаралары экономиканың қарқынды дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналды.

Соңғы жылдары біздің елімізде де экономиканың басты локомотиві саналатын аграрлық саланы жандандыру мәселесіне басымдық берілуде. Агроөнеркәсіп кешенінің алдында әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім көлемін молайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан отандық аграрлық секторды “Ақылды технологиялар” арқылы дамыту және дәлме-дәл егіншілікті қолға алу өзекті мәселе болып отыр. Бұл салаға цифрлық технологияларды енгізу климаттық өзгерістерді болжауға, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін, топырақ құнарлығын, оның ылғалдығын анықтауға, жүйені автоматтандыруға, зиянкестерге қарсы уақытында шара қолдануға және кеткен шығындарды, түсетін пайданы есептеуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерді кешенді түрде шешуге көмектесетін мекемелер мен ұйымдар құрылып, қанатқақты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл көштен біздің ұжым да қалыспай келеді. Әлемдегі озық университеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, 2015 жылы жоғары оқу орнының базасында геоақпараттық жүйе технологиясы орталығы құрылған болатын. Соның нәтижесінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ел бойынша агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың негізгі ғылыми-әдістемелік орталығына айналды.

Соңғы екі жылдан бері Қазақстанның астықты өңірлерінде егін жинаудың ғарыштық мониторингі бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаушы ретінде қатысып келеміз. Орталықтың бастамасымен ғалымдарымыз бен сарапшыларымыз 2017-2018 жылдары Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бірнеше аудандардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін цифрлық форматқа көшірді. Енді диқандар алқаптарын ғарыштық суреттермен салыстырып, жерді пайдалану үрдісін бақылау мүмкіндігіне қол жеткізуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің орталыққа ел бойынша агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың ғылыми-әдістемелік басқаруын қамтамасыз ету міндетін жүктегеннен кейін біз төрт облыстағы 9 шаруашылықта қанатқақты жобаны қолға алған болатынбыз. Бұл жұмыс барысында агроқұрылым басшыларымен кездесіп, электронды топырақ карталары және агрохимиялық картограммалармен танысты. Дрон арқылы фермерлердің тыңайтқыштар бойынша қажеттіліктерін анықтау үшін қолданылатын сандық деректер мен агрохимиялық картограммаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Фермерлік жүйеде минералды тыңайтқыштарды қолдану, ауыл шаруашылығында энергияны үнемдейтін ұзақмерзімді “IoT” (интернет өнімдерін) желісін енгізу, агроөнеркәсіп кешенінде ұшқышсыз ұшу құрылғыларын пайдалану және жасалған тәжірибелердің нәтижелері талқыланды.

Ауыл шаруашылығы дамыған елдер тәжірибесіне сүйенсек, дәлме-дәл егіншілік жүйесін енгізіп, технологияларды дұрыс пайдалану арқылы өнімділікті арттырып, шығынды азайтуға болады. Мысалы, тәжірибелер барысында жанармай шығыны – 9, минералды тыңайтқыштар – 27, ал пестицидтер 31 пайызға төмендеді. Бұл мақсатқа жету үшін фермерлер “GPS” жүйелерін, мобильді қосымшаларды, жоғары технологиялық датчиктерді, алгоритмдерді, спутниктік бақылау сияқты цифрлық технологияларды кеңінен қолданысқа енгізулері қажет.

2018 жылы Қарағанды облысындағы Осакаров ауданындағы шаруашылықтарда дәлме-дәл егіншілік элементтері енгізілген болатын. Нәтижесінде “Найдаровское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі 500 гектарды құрайтын тәжірибелік егістіктен рекордтық өнім алынды. Әр гектардың өнімділігі 50,2 центнерге дейін жетті. Бұл агроқұрылымның ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада “Агроөнеркәсіптік кешенін цифрландырудағы көшбасшы” аталымында жеңімпаз атануы еңбегіміздің жемісі деп білеміз. Бұдан кейін дәлме-дәл егіншіліктің элементтері облыстың басқа шаруашылықтарында да енгізіле бастады.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданында орналасқан “Шағала-Агро” ЖШС-нің 153 гектар жерінде де дәлме-дәл егіншіліктің элементтері қолданылды. Нәтижесінде 44 центнерден өнім алынды. Қанатқақты жоба аясында пайдаланылған танаптардың өнімділігі бұрынғы көрсеткішке қарағанда 25 пайызға жоғары болды. Әр гектардан 15 мың теңге көлемінде артық пайда табуға мүмкіндік туды. Тәжірибе көрсеткендей, қолдағы ескі техниканы біртіндеп жаңарту немесе жаңғырту арқылы дәлме-дәл егіншіліктің кейбір тетіктерін сәтті енгізуге болады. Бұл шығындар кейін өз-өзін ақтайды.

Қазақстанның ең үлкен байлығы – жер. Жерді тиімді игеріп, дұрыс қолданудың бірден-бір жолы – саланы цифрландырып, білікті мамандармен қамту екені сөзсіз. Қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы саласының 400-ге жуық маманын оқытып үлгердік. Дәріс алушылардың дәлме-дәл егіншілікке, ақылды технологияларды енгізу мәселесіне деген ынталары жоғары екенін атап айтқым келеді. Жуырда Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 49 ауылдық округ әкімі даярлықтан өтті. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын табады.

Былтыр біздің университеттің ғалымдары мен сарапшылары тағы бір жаңа қанатқақты жобаны қолға алған болатын. Жоба аясында тәжірибе полигоны “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің базасында орналастырылатын болады. Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылында жүзеге асырылған жобаның мақсаты – 10 мың гектар алқапқа дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізіп, гектар басынан кем дегенде 30 центнерден өнім алу.

Бүгінде біздің университет ізденістер мен тәжірибелердің күрделі жолынан өтіп, еліміздегі аграрлық ғылым, білімді және өндірісті шоғырландырған ірі орталықтардың біріне айналды. Нақты әрі жүйелі іс-шаралар қолға алынған жағдайда ғана агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру өз жемісін береді деп сеніммен айта аламыз.

Қайрат АЙТУҒАНОВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің проректоры.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp