«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

26-27 ақпан күндері көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған “Көктем – 2019” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Алғашқы күні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте штаб бастығы, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Марат Күлдіковтің қатысуымен алқалы жиын өтті.

Онда еліміздегі және облыстағы азаматтық қорғау қызметтері бастықтарының есебі тыңдалды. Марат Мұхаметқалиұлы отырысқа қатысушыларға шараның мақсат-міндеттерін түсіндіріп, айтып келмейтін апаттың алдын алу жұмысына жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Өйткені, биыл қар қалың түсті. Сондықтан облыс бойынша 90-нан астам елді мекенді су басу қаупі бар. Өңіріміздегі жүзге жуық елді мекен қауіпті аймақта, ал 18 ауыл өзен жағасында орналасқан. Өңір құтқарушылары су тасқыны кезінде елді мекендерді қорғауға, адам мен мал шығынын болдырмауға, тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасауға міндетті.

Оқу-жаттығудың екінші күні құтқарушылар сценарий бойынша Мамлютка қаласындағы Корякова көліндегі су деңгейін төмендету шараларын жүргізді. Бұдан соң Марат Мұхаметқалиұлы бастаған топ облыс орталығындағы Заречный кентіне келіп, эвакуациялық қосынның жұмысымен танысты.

Су басу қаупі жоғары аймақтардың бірі – “Ойқала” шағынауданында құтқарушылар қар тазаласа, “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маңында құм салынған қаптардан бөгет жасап, қоршауларды нығайту бойынша іс-шаралар қолға алынды. Бұдан кейін штаб бастығы Жамбыл және Партизан көшелерінің қиылысында ағын сулар жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары Жұмысшы кентінде де жүргізілді.

Жалпы, бұл күні 233 құтқарушы мен 46 арнайы техниканың дайындығы тексерілді. Осылайша, өңір құтқарушылары командалық-штабтық оқу-жаттығу тапсырмаларын ойдағыдай орындап, жоғары дайындықтарын көрсете білді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp