«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН МЕРЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.

Өткен ғасырда Қазақстан аумағында көпэтносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі жүрді. Ғасырдың ең басында столыпиндік реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам келді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға мүліктері тәркіленген 250 мың шаруа көшірілді. Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды. Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ елінің өкілдері, 100 мың корей қоныс аударды.

Тың игерудің алғашқы кезеңінде (1954-1956 жылдары) республикамызға 640 мыңнан астам адам келген, соның ішінде 391 мың механизатор, 50 мың құрылысшы, 3 мыңға жуық медицина қызметкері, 1500 мұғалім, 1 мыңдай сауда саласының қызметкері және басқалар болған. Бұған қоса бауырлас республикалардан ұжымдық шаруашылықтарда 66 мыңнан астам механикалық училище түлектері жұмыс істеді. Бұған қоса Қазақстанға КСРО-ның барлық елдерінен 1,2 млн. адам өндіріс орындарын салуға көшіріп әкелінді. Мен бұл деректерді тарихшы ретінде келтіріп отырмын. Өйткені, он жылдай осы тақырыпты зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған болатынмын. Ол үшін көптеген архивтік құжаттарды ақтаруға тура келді.

Осындай тарихи өзгерістерді басынан кешірген жер аударылғандар мен олардың ұрпақтары үшін Қазақстан екінші Отанына айналды. Құт пен береке дарыған қазақ жерінде тұрып жатқан өзге этнос өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде бауырына тартқан қазақ халқына деген алғыс, ризашылығы шексіз.

Бүкіл ғұмырын мемлекеттің өр­кен­деуіне, ел ішіндегі ұйыған тір­ліктің сақталуына арнап келе жатқан Елбасымыз “… бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жар­қын мерекесі бола алатын” шара туралы ойын жария етерде өткен ғасыр­дағы тарихымызға шолу жасап, Ұлы далада болған зұлматтар салдарынан қазақ халқының қаншалықты зардап шеккенін, бірақ солай бола тұрғанымен қиналғандарға қол ұшын беріп, бауырына басқанын тағы бір рет еске салып, жұртшылықтың тарихи жадын жаңғыртқаны, күнтізбеге қосылар мерекенің орынды екеніне көз жеткізе түсті. Тап солай, өткен тарихыңды біл­генде ғана қазіргі күніңнің қадіріне жетесің. “Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін” білетіндердің қатары сиреп бара жатыр, олардың етегі­не жармасып келген балалардың өзі қазір ақсақал жасына жетті. Сондық­тан “бұл күн бізді бұрынғыдан гөрі жақындастыра түспек” деген сөзді – ұрпақтың өз тарихын білуін, сол қиындықта шың­далған татулық пен бірлікті нығай­та түсуін көксеуден туған ой деп қабылдауымыз керек. Қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын міндетсінбейтін, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса да масаттанбайтын халқымыз үшін – бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгілен­ген мереке емес, бұл – қажеттілігін уақыт­­тың өзі талап еткен, ХХ ғасыр­дың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадын жаңғырту мақсатында пайда болды. Сондықтан жылына бір рет барша қазақстандық осы өмірде жер басып жүргені ұрпағымыз алдыңғы толқын көрген қасыретті көрмей өсіп жатқаны, әулетіміздің өскені, таңымыз уайымсыз атқаны үшін алғыс айтуымыз керек деп ойлаймын.

Бұл күні Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ұйымдастыруымен бірнеше мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Ол “Этно-Fashion” ұлттық костюмдер фестиваль-байқауымен басталады. Барлық этномәдени орталықтардың қатысуымен өтетін мерекеде ақсақалдар алғыс айтып, қазақтың көне дәстүрімен бата береді. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ауыр сырқатқа душар болған Әділ Жәменов пен Милена Сетченконы емдеуге қаржы жинау үшін қайырымдылық концерті өтеді.

Гүлбақша МҰСАБАЕВА, “Urpag” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp