«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫЛЫҚ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел күнтізбесіне 2016 жылы Алғыс айту күні мерекесі қосылды. Бұл мейрамда еліміздегі тағдыр тоғыстырған көпэтнос өкілдері ортақ тарихқа тағзым етеді. Қазақ топырағынан түлеген басқа ұлттың ұрпақтары жергілікті халыққа шынайы ниетімен ризашылықтарын білдіреді.

Тағдыр тәлкегімен жат жерге еріксіз қоныс аударған әртүрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған киелі топырақ біз үшін де ерекше ыстық. Сондықтан екінші Отанымызға айналған байтақ ел мен қонақжай қазақ халқына деген алғысымыз шексіз. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда біздің басымызға түскен ауыртпалықты жеңілдете білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершіліктің өнегелі өлшеміне айналды.

Қазақстанның өзге ұлт өкілдеріне жасап жатқан жақсылығын мен бір адамдай білемін. 1962 жылы Грузияның Дманисс ауданындағы Карабулах ауылында дүниеге келдім. Жергілікті орта мектепті тамамдағаннан кейін Қарулы күштердің қатарына алынып, кейін Киев әскери училищесін аяқтадым. 1996 жылы көптеген жерлестеріммен бірге алыста жатқан, бізге беймәлім Қазақстанға қоныс аударуыма тура келді. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Жиырма жылдан бері Тимирязев және Жамбыл аудандарында ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келемін. 2001 жылы жеке кәсібімді ашып, қазіргі таңда өңір экономикасына өзіндік үлесімді қосудамын. Атап айтқанда, бүгіндері Тимирязев ауданында “Тимирязев ұн үгу комбинаты”, “Кайнат” және “КЭСС” атты үш бірдей кәсіпорынның тізгінін қолыма алып отырған жайым бар. Астық өндіру, сатып алу және оларды сақтау мен өңдеу жұмыстарымен айналысамыз. Мұның барлығы – Қазақстандағы бейбітшіліктің, ұлтаралық келісімнің, қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында жүзеге асуда.

Бүгіндері біздің кәсіпорнымызда түрлі этнос өкілдерінің татулығы жарасып, жұмыс істеп жатқанын мақтаныш тұтамын. Бізде 70 адам жұмыспен қамтылса, олардың арасында қазақ та, әзірбайжан да, орыс та, татар да, беларус та және дағыстандықтар да бар. Жұмыс ауқымы зор әрі ауыр болғанына қарамастан ұжымда ауызбіршілік орнаған.

Еңбек етіп жатқандардың орташа айлық жалақылары жүз мың теңге. Жұмысшыларымыздың табысын биыл да өсіретін боламыз. Мен үшін қазақ халқы – ешкімнен қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын бұлдамайтын ұлттың бірі. Тарихтың ақтаңдақ беттерінен білетініміздей, қазақтар қуғын-сүргінге ұшырап, барар жер, басар тауы қалмаған көптеген этнос өкілдерін бауырына алып, үлкен ерлік жасады. Ешкімді кеудесінен итерген жоқ. Мен өз ұрпақтарыма да осы жердің иесі – қазақ халқының жақсылығын ұмытпауды аманат етемін.

Иса АЛЛАХЬЯРОВ, “Тимирязев ұн үгу комбинаты” ЖШС-нің бас директоры.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp