«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРМЕҢКЕДЕ АРЗАН ӨНІМ ТАБЫЛА МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін апта сайын өткізу дәстүрге айналған. Ауылдың сапалы азық-түлігін арзан бағаға кімнің сатып алғысы келмесін?! Тауар бағасын тұрақтандырып, қала тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатын көздеген жәрмеңкені өткен сенбі күні біз де аралап қайттық. Бірақ жәрмеңкеде кейбір өнімдердің бағасы базар құнынан арзан емес екенін аңғардық.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Максим Панкиннің айтуынша, апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеге жеті аудан қатысады.

– Жергілікті тауар өндірушілер “Корона” сауда үйі мен “Дария”, “Алтын Арман”, “Қызылжар-Ақбастау” базарларында өнімдерін ешбір делдалдың көмегінсіз сатады. Ұсынылатын тауардың түрі жиырмадан асады. Өнімдердің бағасы нарықпен салыстырғанда 10-30 пайызға төмен. Бағаның негізсіз өсуінің алдын алу үшін қалалық әкімдіктің және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері тексеріс жүргізеді. Ал облыстық ветеринарлық инспекцияның мамандары өнім сапасын бақылайды. Жыл басынан бері Петропавл қаласында 24 жәрмеңке өтіп, 30,6 миллион теңгенің тауары саудаланды. Жалпы, жыл өткен сайын облыс орталығында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің саны артып келеді. Мәселен, 2016 жылы 137 жәрмеңке өткізілсе, былтыр олардың саны 193-ке жетіп, 281,2 миллион теңгенің тауары сатылды, – деді Максим Алексеевич.

Жәрмеңкелерге “Бескөл құс фабрикасы”, “Алекри”, “Тайынша сүті”, “Петропавл бройлер құс фабрикасы”, “Леонтьев ет комбинаты”, “Фрегат” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Пальчик” және “Әбілмәжінов” жеке кәсіпкерліктері де үзбей қатысады. Тауар өндірушілерге сауда орындары тегін беріліп, өнімдерін ұсынылған бағадан қымбатқа сатпау шарты қойылады. Мәселен, олар ірі қара малдың жамбас етінің бір килограмын 1280 теңгеден, омыртқаны – 1200, төсті – 1150, қабырғаны – 1050, жауырынды 1250 теңгеден асырмауы тиіс. Ал қойдың жамбасын – 1200, қабырғасын 1080 теңгеге өткізу ұсынылған. Сондай-ақ, тауық етінің килограмы – 840, жұмыртқа – 165, ірімшік – 600, бал 1350 теңгеге саудалануы тиіс.

Мир көшесінің бойында орналасқан “Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарында жәрмеңке күні тірлік, тіпті, қайнай түседі. Бұл жерде Есіл және Қызылжар аудандарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері азық-түлігін сөреге таңғы 8-ден жайып тастаған. Жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың. Мұнда ет басқарма ұсынған бағаға сатылғанымен, бал бағасы әлдеқайда қымбат екенін байқадық. Мысалы, “Дудкин” жеке кәсіпкерлігінің өкілі Антонина Дудкина балдың ең арзанын 1600 теңгеден сатып жатты. “Балыңыз ұсынылған бағадан неге қымбат?” – деген сауалымызға нәзік жан: “Қазір мұндай баға жоқ. Мен жәрмеңкеге жиі келіп, балды ылғи осы бағаға саудалаймын. Тұрақты тұтынушыларымыз қалада аз емес. Жәрмеңкеден 1350 теңгеге бал таппайсыз”, – деді кәсіпкер.

Бұдан соң бал саудалаған басқа шаруалардың өнімдерінің бағасымен танысып шықтық. Бәрінің сұраған бағасы – 1500-1600 теңге. Тек бір ғана кәсіпкер балын 1400 теңгеге өткізуде. Ал жұмыртқа 200 теңгеден сатылып жатыр. Арзан жұмыртқа таппадық. Бағаның қымбаттығын кәсіпкерлер шығынның көптігімен байланыстырды. “Шаруашылық ұстау оңай емес. Жемшөпке көп шығындаламыз. Сол себепті, өнімдерімізді осындай бағаға өткізуге мәжбүрміз”, – дейді Есіл ауданынан келген “Малышев” жеке кәсіпкерлігінің өкілі.

Келесі аялдамамыз Бостандық көшесіндегі “Дария” базары болды. Бұл сауда нүктесінде Мағжан Жұмабаев ауданының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынуда. Шаруалар шаһар тұрғындарына ет, май, құрт-ірімшік, балық және басқа да өнімдерін әкеліпті. Коммуналдық базармен салыстырғанда, мұндағы еттің бағасы қымбатырақ. Ірі қара етінің бағасы мүшесіне қарай 1200-ден 1600 теңгеге дейін. Мәселен, сатылымға сүйексіз еттің килограмы 1600 теңгеге, жауырын – 1400, қабырға – 1350, омыртқа 1200 теңгеге қойылған.

Ал Астана көшесіндегі “Алтын Арман” базарында Ақжар, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тауар өндірушілері жайғасқан. Қала тұрғындарына ұсынылған өнімдердің тең жартысы – бал мен ірімшік. Біріншісінің килограмы 1600 теңгеден, ал екіншісі 600 теңгеге өткізілуде. Ірімшіктің келісін 650 теңгеге қойғандар да кезікті.

Жәрмеңкенің жай-күйін сатып алушылардан артық кім білсін?! Сондықтан қала тұрғындарының ойын білген едік. “Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” дегендей, петропавлдық Айман есімді апамыз жәрмеңкеге сағат тоғыз болмай келгендердің бірі. Қария ет сатып алыпты.

– Ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен өсірген өнімдерінің құнын жақсы білемін. Жәрмеңкеге ірі қара етін сатып алу мақсатында келдім. Баға базардағымен шамалас екен. Жәрмеңке халықтың қамы үшін жасалуы керек. Қалада әлеуметтік аз қамтылған отбасылар аз емес. Ауылдан келген шаруалар да еңбектерінің қайтарымын көргені дұрыс, әрине. Бірақ баға жәрмеңкеге сай болуы керек деп ойлаймын, – дейді тұтынушы.

Бұдан соң жәрмеңкедегі өнім бағасын салыстыру үшін қаладағы ірі сауда орындарына табан тіредік. Мұнда еттің бағасы қымбат болғанымен, кейбір тауардың жәрмеңкедегі бағадан арзан екеніне көз жеткіздік. Мәселен, супермаркеттен балды 1419 теңгеге сатып алуға болады. Сонда жәрмеңкеге барып, 1600 теңгеге шығындалудың қажеті қанша? Ал бағаны бақылауы тиіс мекемелер қайда қарап отыр?

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp