«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР КӨМЕККЕ ЗӘРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамы сайланған болатын. Үш жыл мерзімге сайланған қоғамдық ұйымның алғашқы отырысы өтіп, онда маңызды деген мәселелер қаралды.

Қоғамдық кеңес назарына “Семей полигоны СҚО” қоғамдық бірлестігі мүшелерінің өтініші ұсынылды. Олардың жанай-қайын осы қоғамдық бірлестік төрағасы Асқат Төлепбергенов жеткізді.

– Үстіміздегі жылы Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жасалғанына 70 жыл толады. Осы “қаралы күннен” полигон аумағында болған қазақстандықтардың трагедиясы басталды. Қазақстан алғашқылардың бірі болып “Семейдегі ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заң қабылдады.

Ал одан кейін Семейдегі ядролық сынаққа қатысқан әскери адамдарды соғыс ардагерлеріне теңдестіру туралы нормативтік-құқықтық акті қабылданды, – деді Асқат Төлепбергенов.

Алайда, ядролық сынақ алаңында сол жылдары әскери қызметте болған сегіз жүзге жуық солтүстікқазақстандықтың бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын көріп отырған жоқ. 142 адам тиісті құжаттары болғандықтан, қоғамдық бірлестікке мүше және 25-і ғана жәрдемақы алады екен. Мұндай санаттағы адамдардың басым бөлігі Семей ядролық сынақ аймағындағы әскери қызметін өтегендігін растайтын құжаттар алуда көптеген кедергілерге тап болатын көрінеді. Өйткені, сол жылдары Семей полигоны аумағында азаматтық борышын өтегендердің қолында ешқандай арнайы белгісі жоқ әскери билеті қана бар.

Мемлекеттен арнайы жәрдемақы алу үшін Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы радиациялық қауіпті екі аймақтың бірінде әскери қызметте болғанын дәлелдейтін анықтама қағаз немесе иондық сәулемен байланысты ауруға шалдыққан адамның мүгедектігін растайтын құжат қажет. Сол кезде ғана оларға арнайы төлем тиесілі екен. Ал оны дәлелдеу үшін бір әскери билет жеткіліксіз. Архив құжаттарының Ресей Федерациясында болуына байланысты, сол елдің Қорғаныс министрлігінен тиісті анықтама алу қажет екен. Бүгіндері алпыс-жетпіс жастағы азаматтардың архив ақтарып жүруге уақыты да, денсаулығы да жоқ.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл мәселені облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Дәулет Толыбайдан сұрады. Өңіріміздегі әскери ведомство басшыларының бірі күн тәртібіндегі мәселе бойынша тұшымды жауап бермеді. Ол тек өздерінің заң аясында ғана жұмыс істейтіндіктерін алға тартып, ақталуға тырысты. Облысымызда Семей ядролық сынақ аймағында қанша жерлесіміз әскери қызмет атқарғаны, олардың мәртебесін анықтау бағытында қандай жұмыс істелгені хақында ешқандай нақты деректер келтіре алмады. Оның айтуынша, департамент қызметкерлері түскен өтініш бойынша Ресейдің Қорғаныс министрлігіне сұрау салады екен. Көрші елден көбінесе теріс жауап алынады.

Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаметтің бұл бағыттағы жұмысын сынға алды. “Қоғамдық бірлестіктің тізіміндегі адамдардың нақты мекенжайы мен телефондары көрсетілген. Мен сол бойынша Явленкада тұратын Михаил Чеботаревпен телефон арқылы сөйлестім. Ол бұл мәселеге байланысты бармаған жері, баспаған тауы қалмағандықтан көңілі әбден қалғанын, енді онымен айналысуға денсаулығы жарамайтынын айтты. Мұндай деректі көптеп келтіруге болады”, – деді қоғамдық кеңес төрағасы Қайырлы Едіресов. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтың пікірінше, бұл бағытта ешқандай нақты жұмыс жүргізілмеген. Қалалық, аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар, әкімдіктер арқылы жұмыс жүргізуге ниет керек. Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев қорғаныс істері жөніндегі департаменттің Семей ядролық сынақ аймағында әскери қызмет істеген азаматтардың мәртебесін анықтау жөніндегі жүргізген жұмыстарын алдағы отырыстардың бірінде қайтадан жан-жақты қарауды ұсынды. Бұл мәселені Парламент депутаттарына, Қорғаныс министрлігіне жеткізу арқылы шешімін табу жолдарын іздестіру қажеттілігі алға тартылды.

Қоғамдық кеңестің отырысында облыстық әкімдіктің бірқатар қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылатын жобалар, балық ауланатын көлдердің тізімі, туризм саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер және басқа да мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp