Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында дүниеге келдім. Арғы аталарым Ұлы Отан соғысына қатысып, елімізді жаудан қорғау үшін жанын аямаған. Мен бес жасқа толған кезде отбасымызбен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келдік. Қазақ жерінде дүниеге келгендіктен, кішкентайымнан жергілікті халықтың қанына сіңген қонақжайлық қасиетін көріп өстім. Қазақ халқы әрдайым барлық ұлт өкілдеріне тең қарап, қашанда қол ұшын созуға, жылы құшағын жаюға даяр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының шаңырағында өткен салтанатты шараға қатысқан едік. Сол жолы өңір жастарының атынан сөз алып, қазақ, орыс, тәжік және ағылшын тілдерінде өзімнің жылы лебізімді білдіріп, отбасымның тарихымен бөліскен болатынмын. Қазіргі таңда алаңсыз білім алып, қалаған мамандық иесі атануымыз үшін бар мүмкіндік жасалған. Сондықтан бұл жақсылықты орынды пайдаланып, болашақта бізге және басқа да этнос өкілдеріне пана болған Қазақстанды өркендетуге атсалысуды міндетіміз санаймыз.
Бүгінде мен білім алып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінде де Алғыс айту күні аталып өтеді. Мәселен, өткен жылғы шараларға оқушылармен қоса, олардың ата-аналары да белсенді қатысты. Орталық алаңға шығып, бауырсақ пісіріп, тараттық. Мұның бірлігімізді, татулығымызды сақтау мен нығайтудағы маңызы зор екеніне сенімдіміз.
Мижгона НУРАЛИЕВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.