«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САНДЫҚ ЖҮЙЕ САПАНЫ ЖАҚСАРТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде денсаулық сақтау саласы сандық жүйеге көшірілуде. Алғашқылардың бірі болып тың технологияларды №3 қалалық емхана қолданысқа енгізген болатын. Медициналық кешеннің жұмысымен танысу мақсатында тілшілер қауымы аталмыш емханаға ат басын бұрды.

Бұл емханадағы 36 учаскеде тұрғылықты мекенжайы бойынша 70628 адам тіркеуде тұр. Соның 20119-ы – бала. 82 дәрігер жұмыс істейді. Кадр тапшылығы да жоқ емес. Мәселен, емдеу мекемесіне жалпы тәжірибедегі дәрігер, офтальмолог, хирург мамандар қажет. Өткен жылы мұнда жедел медициналық көмек базасы құрылған. Емханадағы “Жедел жәрдем” бригадасы төртінші санаттағы аурулар бойынша тәулік бойы шақыртуларды қабылдап, тұрғындарға көмек көрсетеді. Мамандар бір тәулікте шамамен 60-қа жуық шақырту алады. “Жедел жәрдем” бригадасының қызметі электронды жүйеге көшірілгенін де атап өткен жөн. Сондай-ақ, емханада дәрігердің қабылдауына жазылу да сандық жүйе бойынша жүзеге асады. Алдағы уақытта электронды амбулаторлық картада емделушілердің флюоротекасын құру жоспарлануда.

Облыстық кардиологиялық орталықта да бірқатар жаңашылдықтар бар. Медициналық кешен толық электронды жүйеге көшірілген. Қағазбастылықтан арылған мамандар жұмыстың едәуір жеңілдегеніне, науқастарға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туғанына дән риза.

– Науқастардың құжаттары электронды түрде толтырылады. Барлық мәлімет сандық жүйеде сақтаулы. Сондықтан қазір жұмыс жүктемесі азайды. Бүгінде біз 41 қызмет түрін электронды жүйенің көмегімен жүзеге асырудамыз. Облыс аудандарымен де телеметриялық байланыс орнады. Яғни, орталықтың мамандары шалғай аудандардағы науқастардың жағдайына қашықтықтан бақылау жүргізе алады, – деген бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асхат Молжігітов күн сайын 40-қа жуық науқасты қабылдайтындарын айтты. Сондай-ақ, ол орталықта қазір жоғары технологиялық кардиологиялық қызмет түрлері көрсетілетінін тілге тиек етті.

Баспасөз туры барысында облыстық онкологиялық диспансерге де бас сұғып, қатерлі ісік ауруларының алдын алу шараларымен таныстық. Бұл орталықта да сандық жүйе сәтті жүзеге асырылуда. Емделушілердің мәліметтері электронды картаға көшірілген.

– Бүгінде медициналық құжаттар айналымы электронды нұсқада қолданылуда. Сондықтан диспансердегі жұмыс орындары қажетті компьютерлермен қамтамасыз етілді, – деді бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Олег Дудяк.

Өткен жылы 100 мыңнан астам өңір тұрғыны скринингтік тексерулерден өткен. Жалпы, облыста скринингтік тексерулердің үш түрі жүргізіледі. Өкінішке қарай, сүт безі мен өкпенің қатерлі ісігіне шалдығушылар саны азаймай отыр.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp