«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУЫСЫМДАЙ КӨРЕМІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1944 жылдың қысы болатын. Бір күні түс ауа ауылымызға атқа жегілген шанамен бірнеше адам келді. Мен сол кезде сегіз жастағы баламын. Олардың ақырын ғана өз тілдерінде әңгімелескендері әлі күнге дейін көз алдымда. Арада бірнеше күн өткеннен кейін көбі басқа ауылдарға көшіріліп, бір отбасы біздің шаңырақта тұратын болып шешілді. Анам марқұм олардың мұсылман екендігін біліп, құрмет көрсетіп, төрден орын сайлап берді. Шіркін, қазағымның мейірбандығы-ай! Байғұстардың төсек-орны, ішер тамақтары да жоқ екен.

Анам барын алдарына тартты. Соғыс жылдары ғой, өзіміздің де жарымай жүрген кезіміз. Бірақ қолымыздан келгенше, оларды жылы қарсы алуға тырыстық. Бір дастарқан басында отырып, әңгіме-дүкен құрып, шай ішетінбіз.

Отағасы да, бәйбішесі де дін жолындағы жандар екен. Анамның көңілін бірден жаулап алды. Шешем оларды иманды жандар деп сыйлап өтті. Бірде мен ауырып қалғанда, таспен бетім мен мойнымды үйкелеп емдегені есімде. Туысымыздай болған отбасының тегін есте сақтай алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Тым болмаса, бүгінгі күні ұлдары Ахметті іздеп табар едім. Ол маған туған ағамдай болып еді. Әлі есімде, екеуіміз ауыл сыртынан ошағанның тамырын қазып алып келетінбіз. Анам мен оның шешесі кәдімгідей тамақ дайындайтын. Сол Ахмет ержетіп, кейін кеңшардың қойын бағып, “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталды. Отбасын құрып, ауыл адамдарының арасында сыйлы болды. Жасы мен кәрісінің бәрі оны қатты құрметтейтін.

1955 жылы жағдай дұрыстала бастағанда, өзге жерден қоныс аударған бауырластар жаппай елдеріне қайта көшіп жатты. Ал Ахмет болса ауылды қимай, жылап аттанғанын ақсақалдарымыз бертінге дейін ілтипатпен еске алып отыратын.

Саяси қуғын-сүргін жылдары көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға қоныс аударды. 1937 жылы корей, түрік, иран, күрд және әзірбайжандар елімізге келді. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа ұлттар депортацияланды. Олардың жалпы саны 1 миллион 200 мыңды құраған. Тек біздің облысымызға 135 мыңдай адам жер аударылды. Бостандық ауылына қоныс тепкендердің ішінде Хамзат Израпилов есімді азамат саяси қуғын-сүргіннің қасіретін көп көрді. Туған елінен жер аударылуы аздай, кеңшарда еңбек етіп жүрген жерінен “халық жауы” ретінде ұсталып, абақтыға жабылды. Ауылымыздағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіште өзгелермен қатар оның да есімі жазулы тұр.

Тағы бір депортация құрбаны Тамара (Чараева) Калиматова болды. Ол 1955 жылы Қызылжардағы бұрынғы Калинин атындағы №5 мектеп-интернатты бізбен бірге тамамдады. Оқуда үздік, бойы тұнған талант еді. Сыныптасымыз қоғамдық жұмыстарда да белсенді болды. Жылы жүзді, жұмсақ мінезді Тамара қарындасымызды ұмытқан емеспіз. Оның облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде 2011 жылы жарияланған “Шешенстанда тұрсам да, Қазақстанымды сағындым” атты мақаласы әрқайсымыздың жүрегімізді тебірентіп, зұлмат жылдардың ауыртпалығын көріп өскен жандардың татулық пен бірлікке берік болғандығын еске салды.

Шешен бауырлар қиын сәтте құшағын ашып қабылдаған қазақ халқына разы екендерін үнемі айтып жүреді. Жақында шешендер Қазақстанға жер аударылғанының 75 жылдығына орай Қызылжар орталық мешітінде ас беріп, тағы бір мәрте алғыстарын жеткізді.

Болат САҒЫНДЫҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp