«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тамырсыз тасқа тарихы қашалып жазылған қасиетті қазақ жері киелі орындар мен тарихи нысандарға кенде емес. Солардың үлкен бір шоғыры мұсылман қауымы үшін екінші Мекке саналатын – Түркістан облысында орналасқан. Әрине, олардың ең бастысы әрі бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Біз бірнеше сағат бойы оның ғимаратын аралап, ортада тұрған тайқазан жанында ескерткіш суретке түстік, кесененің тарихымен таныстық.

Ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады: “Бұл әулие мекен Алла-тағаланың рахымы жауған падиша Әмір Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды. Қожа Ахмет Ясcауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі халқы ерекше қасиет тұтады және түркі әлемінің рухани орталығы саналады.

Ахмет Яссауи шамамен XI ғасырдың соңы XII ғасырдың басында дүниеге келген. Ахметтің тұңғыш рухани ұстазы әрі тәрбиешісі атақты Арыстан баб болған. Ол дүние салғаннан кейін Ахмет Бұхараға келіп, Қожа Жүсіп Хамаданидан сопылық ілім алады. Сөйтіп, “Ақиқаттың хақ жолдарын” түсіндіре бастайды. Біраз уақыт бойы ол Бұхарадағы сопылық қоғамын басқарып жүреді. Бірақ көп ұзамай өзінің рухани дүниесін қанағаттандырмаған бұл жолдан бас тартып, Түркістан қаласына қайта оралады. Бұл жерде Ахмет Яссауи өзінің уағызшылық қызметін кеңінен өрістетеді. Аңызға қарағанда, Ахмет Яссауи пайғамбар жасына келген соң аза тұту белгісі ретінде қалған өмірін өзі уағыз айтатын мешіт іргесінде қазылған жерасты мекенінде өткізіпті.

Жазба мәліметтерге сүйенсек, көне Иасыда, қазіргі кесене тұрған орында, мұсылманның атақты әулиелерінің бірі Ахмет шайхы қабіріне ХІІ ғасырдың өзінде-ақ шағын мавзолей орнатылғаны белгілі. Кейін бұл мавзолей мұсылмандардың жаппай тәу ету орнына айналған. 1390-1395 жылдардағы қантөгіс ұрыстарда Әмір Темір Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы Сарай Беркені өртеп жібереді. Міне, осы жеңістің құрметіне Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа мемориалды ескерткіш орнатуды ұйғарыпты.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сәулет ғимараты – аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені – 46,5 метр, ұзындығы – 65 метр. Ғимараттың орасан зор бірнеше күмбезі бар. Оның орта тұсында түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Ақсақ Темірдің кезінде бас порталдың барлық құрылымы бітпей, оның құрылысын Хижра бойынша 1000 жылы (1593-1598 ж.ж.) Бұхарды билеген екінші Абдолла хан аяқтайды. Осы кезде арқасы түйістіріліп, түпкі қабырға және осы қабырғадан жоғары үлкен ойық салынады. Екінші Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған.

ХІХ ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен қорғану орындары салынып, мавзолей қамалға айналдырылған. Мұнан кейінгі ғасырларда Түркістан билеушілері өз кезеңіне сәйкес кесене құрылысын аяқтауға тырысқанымен, ешқайсысы да белгілі бір нәтиже шығара алмаған.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі адам қолымен, қоғам ықпалымен қамқорлыққа алынумен бірге, тағылықпен қирату әрекетін де бастан өткізген. 1864 жылдың 9 шілдесінде полковник Веревкиннің бұйрығымен ғимаратқа зеңбіректен он екі оқ атылып, оның бірі кесене қабырғасын зақымдайды. Бізге жеткен деректерге қарағанда, кесене қабырғаларының жарылғандығын, оның құлаған жағдайда жанындағы әскери гарнизонды басып қалу қаупін желеу етіп, жергілікті әкімшілік Қожа Ахмет Яссауи кесенесін бұзу туралы қаулы шығарып, сорақылық жасаған. Бірақ бұл қаулы Түркістан генерал-губернаторының араласуымен күшін жойған.

1978 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мұражай болып ашылғаннан кейінгі уақытта жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Тарихи ескерткіштің республикалық мұражай мәртебесін алуы онда кең көлемде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді талап етті. 1975 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп келген монша тарихи-мәдени ескерткіш ретінде, өзінің негізгі қызметін тоқтатып, 1979 жылдан бастап мұражайға айналдырылды. 1980 жылы қалпына келтірілген қорған қабырғасы мен оның қақпасын бұрынғы сақталған сурет, сызбалар негізінде жаңадан тұрғызуға тура келді. Ал жұма мешітінің 1878 жылы салынған ғимаратының бастапқы қалпы сақталып, қайта қалпына келтірілді. ХІV ғасырдың ескерткіші болып табылатын шілдехана ішінара қалпына келтіріліп, консервацияланған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мүддеден туындаған мәдени, рухани өрлеу көптеген құндылықтарды қайта қарауды, қайта бағалауды қажет етті. 1992 жылдың 29 мамырында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің “Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау туралы” қаулысы қабылданды. Бұл еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауды және оны қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырудың құқықтық негізін қалады. Мемлекет қамқорлығына алынған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүгіндері қазақстандықтардың, әлемнің көптеген елдері туристерінің баратын киелі орнына айналған.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp