«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРҒА ОРАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Astana Pro Team” кәсіби велоклубында Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Александр Винокуровтың ізбасарлары – Тілеген Майдос, Бақтияр Қожатаев, Жандос Бижігітов, Артём Захаров, Арман Қамышев, Алексей Луценко және Руслан Тілеубаев секілді жерлестеріміздің сәтті өнер көрсетіп, жеңістің биік сатыларына көтерілгенін білеміз.

Еліміздің бас велоклубы былтырғы маусымды сәтті аяқтады. Жыл бойғы сайыстарда 33 мәрте жеңіске жетіп, 62 жүлделі орынға ие болды. Мұндай толағай табысқа жерлес велоспортшы Бақтияр Қожатаевтың да қосқан үлесі өлшеусіз. Еліміздің мақтанышына айналған жерлесіміздің жақында денсаулығына байланысты кәсіби мансабын аяқтағаны туралы ақпарат тарады. Бұл хабар ешкімді де бей-жай қалдырмағаны анық.

Осыған орай жерлесімізбен хабарласып, мән-жайды білген едік. Бүгіндері Петропавл қаласында жүрген оның айтуынша, денсаулығында кінәрат бары былтырғы жылдың қыркүйек айында Франциядағы оқу-жаттығу барысында белгілі болған. Ол жаттығулардың бірінде есінен танып, құлап қалған еді.

– Жоғары дәрежелі дәрігер-кардиологтар бірқатар тексеру жұмыстарын жүргізді. Абырой болғанда өміріме қауіп төндіретіндей ауру анықталған жоқ. Алайда, команданың бас дәрігері Серж Ниамке “UCI” дәрежесіндегі әлемдік турлардың кәсіби жарыстарына қатысуға болмайтынын айтты. Себебі, өздеріңіз жақсы білесіздер, велоспорт – ауыр спорт түрі. Қазір жағдайым жақсы болғанымен, келесі жарыста не боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан мен кәсіби спорттық мансабымды аяқтауға шешім қабылдадым, – деді Бақтияр Ғабитұлы.

Жерлесіміз кәсіби клубтың құрамында төрт маусым бойы халықаралық турнирларға қатысып, 8598 шақырым қашықтықты бағындырған. 2014 жылдан бастап “Astana Pro Team” кәсіби велоклубының мүшесі атанған Бақтияр 2016 жылы Францияда өткен “Тур де Франс” байрақты бәсекесінде сәтті өнер көрсетіп, қазақстандық шабандоздардың жалпыкомандалық бірінші орынға ие болуына өзіндік үлесін қосты. Сол жылы Италияда өткен велокөпкүндікте “Astana Pro Team” велокомандасының капитаны, италиялық велошабандоз Винченцо Нибалидің жеңіске жетуіне көмек көрсеткені белгілі. Тынымсыз еңбек пен жаттығулардың арқасында “Бахрейн туры – 2017” велокөпкүндігіндегі командалық жарыста топ жарды. Петропавлдық велошабандоз “Тур де Әзірбайжан” турнирінде үшінші нәтиже көрсетіп, таулы кезеңнің дарасы атанды. Канадада өткен әлем кубогында да қоладан алқа таққан еді. “Тур де Л’Авенир” турнирінде үздіктер қатарында болып, төртінші орынға табан тіреді. Былтыр “Азияның үздік велошабандозы” аталымында жеңіске жетті. Жерлесіміз өткен жылдың қараша айында “Astana Pro Team” кәсіби велоклубымен 2019-2020 жылға келісімшартқа отырған болатын. Алайда, денсаулығына байланысты кәсіби клубпен келісімшартты бұзуына тура келді.

Отбасын құрған 26 жастағы спортшы зайыбы Еленамен бірге Май есімді ұл тәрбиелеуде. Жерлесіміз енді Петропавлдағы велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы “Vino-Astana Motors” құрлықтық велокомандасына жұмысқа орналаспақ.

Қанат АТАМАНОВ, ”Soltustik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp