Мысырдың Хургада қаласында таэквондодан “G2” санатындағы рейтингілік турнир мәресіне жетті. Соңғы жарыс күнінде Жансель Дениз Қазақстан қоржынын бір күміс медальмен толықтырды.
Екі жүзден астам спортшы сынға түскен сайыста Жансель 73 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Ұлттық құраманың үздігі ақтық сында германиялық қарсыласынан ұтылып, халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Жарыстың бірінші күнінде Айнұр Есбергенова мен Нұрлан Мырзабаев қола медаль тағынған болатын. Осылайша, Мысыр төріндегі рейтингілік турнирде ел құрамасы үш жүлделі орынды иеленді.