Қызылжар ауданында саламаты өмір салтын ұстанған аналар арасында үстел ойындарынан спартакиада өтті.
Спорттық шараға он тоғыз ауылдық округтен 100-ге жуық ана қатысты. Олар үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақтан өзара бақ сынасты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Қожахметов көктемнің шуақты мерекесінде осындай игі шараны өткізу дәстүрге айналғанын айтты.
Бүгінде Қызылжар ауданында сегіз мыңнан астам ардагер бар. Ал Бескөл ауылдық округінде 1847 зейнеткер тұрады. Бұқаралық шараларға олардың белсене қатысатынын атап өткен жөн. Әсіресе, ақ жаулығы желбіреген аналар шуақты мерекенің көрігін қыздырып, спорттық сайыстарға жастардың қызығушылығын арттырды.
– Мен бала күнімнен шахмат ойнаймын. Бұрын мұғалімдер арасында өтетін спорттық шараларға қатыссам, зейнетке шыққан соң аға буынмен қызықты сәттерді бірге өткізудемін. Аналар қауымын назардан тыс қалдырмаған ұйымдастырушыларға ризашылығым шексіз, – дейді зейнеткер Жанкүміс Аяпова.
Сайыс соңында қатысушыларға құрмет көрсетіліп, жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.