«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР АУҚЫМДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес соңғы жылдары барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерін өткізуі игі дәстүрге айналды. Тұрғындармен ашық әңгіме түрінде өтетін алқалы жиын барысында әкімдер еліміздің, облыстың, аумақтық бірліктің бір жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының басты көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жылдарға жоспарларымен бөліседі, тұрғындарды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап беріп, түйінді мәселелерге тоқталады.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында өңіріміздің барлық елді мекендерінде, аудан және облыс орталықтарында әкімдер тұрғындармен есепті кездесулер өткізген болатын. Содан бері өткен уақыт ішінде тұрғындар өтініштерін, аманаттарын орындау жолында қандай істер атқарылды?
Бұл кеше өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды. Оған өңір басшысының орынбасарлары, Петропавл қаласы мен барлық аудандардың әкімдері, атқарушы билік органдарының жетекшілері қатысты.
– Үстіміздегі жылдың басында аудандық және ауылдық округтердің әкімдері тұрғындармен 622 есеп беру кездесуін өткізді. Бұл алқалы жиындарға 46 мыңнан астам адам қатысып, 1,5 мың кісі сөз сөйлеп, екі мыңға жуық ұсыныстар мен өтініштер түсті, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы Қанат Сәрсембаев.
Тұрғындар негізінен абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (барлығы-ның 31 пайызы), жолдарды жөндеу (14 пайыз), сумен жабдықтау, әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеу, жер телімін бөлу (11 пайыз) және басқа да мәселелерді көтерген. Олардың 675 ұсынысы мен өтініші бақылауға алынған, 1326 мәселе жергілікті жерде шешілген. Мәселен, Қызылжар ауданындағы Трудовая Нива ауылында екі жыл бойы сапалы ауызсу мәселесі шешілмеген. Биыл суды тазалаудың модульдік жүйесін орнатуға 7,5 млн. теңге бөлінді. Аққайың ауданының орталығында Труд пен Народная көшелерін жөндеуге жергілікті бюджеттен биыл 21 млн. теңге қарастырылып отыр.
Көп жылдар бойы Петропавл қаласының іргесіндегі жеті жүзден астам тұрғыны бар Шаховское ауылына кіреберіс жолды жөндеу күн тәртібінен түспей келеді. Жаз айларында оны жөндеуге 50 млн. теңге бөлінбек. Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында екі жыл ішінде 1,3 млрд. теңге қаржыға 47 көшедегі 68 шақырым су құбыры жаңғыртылмақ.
Облыс орталығында абаттандыру, жолдарды жөндеу және тұрғын үй мәселелері туралы өтініштер мен арыз-шағымдар көп түсті. Биыл Петропавл қаласын одан әрі көркейту бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, оған қомақты қаржы бөлінді. Бұл мәселелердің барлығы облыс әкімі аппаратының қатаң бақылауына алынған.
– Биылғы әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері барысында көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Олар тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жүйеленіп, нақты орындалу мерзімі және оған жауапты лауазымды тұлға белгіленгені жөн. Өтініш иелерін жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне сәйкес олардың қашан жүзеге асатынынан хабардар еткен дұрыс болады. Тоқсан сайын оларға мониторинг жүргізу әрбір басшының міндеті болуы керек, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қазақстан Республикасының 2011-2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен пайдаланудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы облыстық әкімдік отырысы қараған екінші мәселе болды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов жиналғандарды мемлекеттік бағдарламаның өңірімізде қалай орындалып жатқаны туралы хабардар етті.
– Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бұйрығына сәйкес ақпан айының соңында біздің облыста мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысына тексеріс өткізілді. Жүргізілген мониторинг қорытындысы өңірімізде тіл саясатының үйлесімді дамып келе жатқанын көрсетті. Бүгіндері мемлекеттік бағдарлама шеңберінде біздің облыста сегіз индикатор толық орындалды, – деді Кемел Қарашаұлы.
Соңғы жылдары тілдерді үйрену орталығының тыңдаушылары көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің мамандары болып табылады. Жыл сайын ана тілінде білім алатын оқушылар саны артып келеді. Бүгіндері облыс тұрғындарының 13,5 пайызы үш тілді меңгерген. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы сонымен қатар бірқатар кемшіліктерді атап көрсетті. Былтыр Петропавл қаласында, Жамбыл және Тимирязев аудандарында мемлекеттік тілдегі құжаттар айналымы азайып кеткен. Сонымен қатар мемлекеттік тілді білуге тест тапсыру, қазақ алфавитін латын графикасына көшіру, ономастика мәселелерінде шешімін таппаған түйткілдер баршылық.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Алмас Тілеуханов жиналғандарға үстіміздегі жылдың көктем айларында еліміздің Қарулы Күштері қатарына әскери қызметке шақыру науқанын өткізу барысы туралы айтып берді.
– Биылғы наурыз-маусым айларында алты жүзден астам солтүстікқазақстандық азамат сарбаз атануы тиіс. Бүгіндері әскери қызметке шақырылу тізімінде төрт мыңнан астам жігіт тұр. Олармен әскерге шақыру науқаны бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл істе аудан әкімдері, жергілікті билік органдары нақты көмек көрсетуі тиіс, – деген департамент басшысы Алмас Тілеуханұлы бұл жолда кездесіп отырған кемшіліктерге де назар аударды.
Облыстық әкімдіктің отырысын қорытындылаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов талқыланған мәселелердің маңыздылығын атап көрсетті және тиісті билік органдарының басшыларына міндеттер жүктеді.


Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp