С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Сенат депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлерімен кездесіп, дастарқан басында емен-жарқын әңгіме өрбітті.
“Алтын алқа” иегері Бақыт Жетібаева – жеті баланы дүниеге әкеліп, бүгінде ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған ақ жаулықты ана. Ол жұбайы екеуі жастайынан балаларын ешкімнен кем қылмай өсірді. Қазір төрт немере мен сегіз жиен сүйіп отырған әже балаларының сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөленуде.
“Бүгінгі тілегім – балаларым мен немере-шөберелерім бақытты өмір кешсе екен деймін. Ол үшін мемлекетімізде барлық жағдай жасалған. Ана мен баланың жарқын болашағын ойлаған ел ғана өсіп-өркендей алады. Қазақстан сондай мемлекеттердің қатарында”, – деді қария.
Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Nur Otan” партиясының кезекті съезіндегі тапсырмаларына сәйкес олардың тұрмыс жағдайын жақсартып, білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелеу мақсатында бірқатар қолдау шаралары қарастырылуда. Айлық табысы әр отбасы мүшесіне бөлгенде тұрмыстық күнкөріс көлемінің 50 пайызынан аз болған жағдайда көпбалалы аналарға мемлекеттен жәрдемақы беріледі. Мерекелік дастарқан басында халық қалаулылары осы және тағы басқа қолдау түрлері жайында айтты. Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов: “Төрт және одан да көп бала туған аналарға төленетін біржолғы төлемнің мөлшері 150 мың теңгеге өсті. Бес бала туған немесе асырап алған аналар зейнетке 53 жасында шыға алады. Әкімдіктер тарапынан да жергілікті бюджет есебінен көпбалалы аналар үшін қосымша қолдау қарастырылған”, – деді.
Көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардың өзекті мәселелерінің бірі – баспана. Бүгінде елімізде 28 мың көпбалалы ана пәтер кезегінде тұр. Сенатор Ольга Перепечинаның айтуынша, табысы төмен отбасылар үшін жыл сайын алты мың пәтер тұрғызылып, олар Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі арқылы екі пайыз үстемемен берілмек. Халық қалаулысы денсаулық сақтау мен білім беру салаларында еңбек етіп жүргендердің жалақысының көтерілетіндігіне де тоқталып өтті. “Біздің облыста төмен жалақы алатын 28 мың адамның еңбекақысы артады. Яғни, денсаулық сақтау мен білім беру саласында жұмыс істейтін медбикелердің, санитарлар мен зертханашылардың және тағы басқа мамандардың ай сайынғы табысы айтарлықтай ұлғаймақ.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltustik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.