«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІЛІК — БАСТЫ ТАЛАП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың маңызы артып отыр. Осыған орай облыстық әкімдікте “Аймақтың дамуына бағытталған жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің трансформациясы” тақырыбында семинар өтті. Шараға қатысқан қала және аудан әкімдері жобалық менеджменттің қыр-сырын меңгеруде.

Басқосуды ашқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.
– Былтыр Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында жобалық менеджмент бойынша 206 мемлекеттік қызметші, оның ішінде 25 ауылдық округ әкімі арнайы оқудан өтіп, біліктілігін жетілдірген болатын. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер қызметті басқару, шешім қабылдау, жауапкершілік, өзін-өзі дамыту көшбасшылық тәрізді құзыреттер бойынша деңгейлерін арттырды және жобалық басқару әдістері мен құралдарын тәжірибеде пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Кәсіби біліктілігін жетілдірген мемлекеттік қызметшілердің алдағы уақытта облыс экономикасын одан ары дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Содан кейін сөз алған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова академияның жұмысымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, 1994 жылы құрылған оқу орны халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тиімді басқару шешімдерін қабылдауға қабілетті мемлекеттік қызметшілерді даярлауға бағытталған. Қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу мақсатында академияда жобалық менеджментті дамыту орталығы құрылып, “Жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулық” ұлттық стандарты бойынша оқыту және “Prince2” жобалық менеджмент әдісі аясында сертификациялық емтихандар өткізуде.
Семинар барысында жобалық менеджмент бойынша сертификацияланған жаттықтырушы Арман Евниев аудан басшыларын ел бойынша жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жобамен таныстырды. Әр жылдары ауыл шаруашылығы саласында жоғары лауазымдарды атқарып, табысты еңбек еткен Арман Қайратұлы – бүгіндері жобалық менеджмент бойынша білікті мамандардың бірі.
– Жобалық менеджмент бүгінде бүкіл әлемде кеңінен қолданылып отырған басқарудың озық тәжірибесі болып табылады. Оны билік те, бизнес өкілдері де белсенді қолдануда. Алайда, мем­ле­­кеттік секторда біршама артта қалушылық байқалады және біз бұл кемшілікті түзетуіміз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейдегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен алға жылжымайтынын сынға алған еді. Бұл орайда жобалық менеджмент нақты нәти­­жеге қол жеткізуге бағытталған және қолда бар ресурс­­тарды барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Арман Қайратұлы.
Өркениетті елдерде бұрыннан қолданылатын жүйені он жылдан бері қазақстандық билікке интеграциялаумен айналысып келе жатқан жаттықтырушы қатысушыларға бюджеттік үрдіс пен коммуналдық меншікті басқару, ведомстволық әкімшілікаумақтық бірліктің салықтық әлеуетін ескере отырып, кіріс базасын құру бойынша тәжірибесімен бөлісті. Семинар барысында жобалық менеджменттің артықшылықтары түсіндіріліп, реформалардың сәтті жүзеге асуы және басқару жүйесінің тұтастығы менеджментті жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты екендігі айтылды.
Әр басшы өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі, жауапкершілік болған жағдайда ғана нәтиже болады. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарларына мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша міндеттер жүктелген. “Мемлекеттік бағдарлама 80-99 пайыз жүзеге асырылған жағдайда жауапты басшыға – ескерту, 50-79 пайызға орындалғанда сөгіс жарияланады. Ал 50 пайыздан төмен орындалса, қызметтен қуылуы мүмкін. Бұл қағида құжат түрінде бекітілген. Алдағы уақытта дәл осындай жауапкершілік мемлекеттік қызметтің әр деңгейінде қарастырылуы қажет”, – деді Арман Қайратұлы.
Алқалы жиынның бірінші күнін қорытындылаған Мадияр Қожахмет маңызды басқосуда айтылған ұсыныс, өтініш-тілектердің барлығы ескерілетінін, жаңа жүйені түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына көшпелі семинарлар өткізу арқылы мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментке оқыту жоспарлануда.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp