«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ТОПҚА БІРІКТІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандағы әлеуметтік қамтамасыз етудің көпсалалы жүйесі негізгі, міндетті және ерікті деңгейлерде мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы жауапкершілікті реттеуге бағытталған. Міндетті әлеуметтік сақтандыру елімізде 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Оның қызметінің бір тармағы жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау болып табылады. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) еңбек ету қабiлетiнен, асыраушысынан және жұмысынан айырылған жағдайда, аналардың жүктілігіне және босануына, ата-ананың жаңа туған баланы асырап алуына байланысты, сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне орай табысынан айырылған кезде жұмыс істейтін тұрғындардың мүдделерін қорғайтын негізгі институт болып саналады. 2018 жылдың 26 желтоқсанында “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында төртінші индустриалдық революцияның жаңа даму мүмкіндіктерін атап өтіп, сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділ жүйесін орнату қажеттігін айтқан болатын. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында зейнетақылық, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінде кірістерді есепке алу, салық төлеу және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды зейнетақы беру жүйесіне тарту жөнінде нақты зерттеу ұсынылды. Өзгеріске ұшыраған заң негізінде енді әлеуметтік төлемдерді өтеушілер бір топқа біріктіріліп отыр. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор – жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар санатына жатқызылды.
Қазақстан Республикасының “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес әлеуметтік аударымдарды төлеушілер санаты бірыңғай жиынтық төлемді өтеушілер болып табылатын жеке тұлғалар есебінен кеңейтілді.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерлемесінің өсуіне байланысты әлеуметтік аударымдарды есептеудің максималды объектісі он ең төменгі жалақыдан жеті ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) дейін қысқарды. Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес бір ЕТЖ 42 500 теңгеге тұрақтады. Сөйтіп, 2019 жылы бір төлеушіге қатысты әлеуметтік аударымдардың ең жоғары сомасы айына 3,5 пайыз * (7 * 42 500 теңге) = 10 413 теңгені құрады. Ал бір төлеушіден алынатын әлеуметтік аударымдардың ең төменгі объектісі бір ЕТЖ деңгейінде сақталған. Сәйкесінше, әлеуметтік аударымдардың ең аз сомасы биыл 3,5 пайыз * 42 500 теңге = айына 1 488 теңгені құрады.
Орташа айлық табыстан алынатын сома мөлшері 80 пайыздан 55 пайызға дейін азайтылды. Ол еңбек ету қабiлетiнен және асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін анықтау кезінде қолданылады. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен отырған аналар табысынан айырылған жағдайында оларға төленетін әлеуметтік төлемдердің ең көп мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауға тиіс, яғни 40 пайызға дейінгі көлемде болуы шарт. (2019 жылы 40 пайыз * 297 500 = айына 119 000 теңге).

 

Анар ЖҮНІСОВА, “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp