Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес үстіміздегі жылдың наурыз-маусым айларында еліміздің Қарулы Күштері қатарына шақыру науқаны жүргізіледі. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы полковник Алмас Тілеухановтың айтуынша, көктем айларында 600 солтүстікқазақстандық жігіт сарбаздар қатарын толықтыруы тиіс.Бүгіндері облысымызда төрт мыңнан астам әскер жасындағы азаматтар тіркелген. Алайда олардың басым бөлігі объективті және субъективті себептерге байланысты әскери қызметке алынбайды.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында жүргізілген алдын ала іріктеу барысында шақыру пункттеріне келген жігіттердің 63 пайызы ғана сарбаз атануға әзір екен. Денсаулығы нашар болғандары қосымша медициналық тексеруге жіберілген. Сонымен қатар жігіттерді әскери қызметке шақыру үшін қорғаныс істері жөніндегі қалалық және аудандық басқармаларға жеткізу мәселесі дұрыс шешімін таппай отыр.
Бүгіндері облыс бойынша 761 азаматқа әскери қызметтен бас тартқаны үшін іздеу жарияланған.Бірқатар аудандарда медициналық комиссия құрамында дәрігерлердің жетіспеуі де бұл іске нұқсан келтіруде.