Демалыс күндері жергілікті полицейлер күшейтілген түрде қызмет атқарды. Полицияның кешенді күштерінің жаяу жасақтары екі ауысымда облыс орталығының көшелеріне патрульдеуге шықты. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Облыс жолдарында 7 – 10 наурыз аралығында жол жүру ережесінің бір мыңнан астам бұзушылығы анықталды. Оның ішінде – 565 «өрескел» бұзушылық болды, көлік құралын басқару құқығынан айрылған 13 жүргізуші ұсталды, апаттық жағдай туғызғаны үшін 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, масаң күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 9 жүргізуші ұсталды.
9 наурыз күні сағат 13 шамасында Петропавл қаласының Сәтпаев көшесі бойында «BMW» автомашинасының жүргізушісі басып озу кезінде автобус аялдамасына кіріп кеткен. Бұл оқиға салдарынан аялдамада тұрған екі зейнеткер, сондай-ақ бес жасар қыз зардап шеккен. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді. «BMW» автокөлігінде Петропавл қаласының 49 жасар тұрғыны болған. Медициналық куәландыру актісі оның масаң күйде болғанын көрсетті.
Жыл басынан бері облыс жолдарында түрлі бұзушылықтары үшін 17,2 мыңнан астам жүргізуші жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 217-сі көлікті масаң күйде басқарғандар.