2020 жылдан бастап баланың анасы жұмысқа шыққысы келген жағдайда оған бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы әрі қарай да берілуі мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы заңнаманың жаңа нұсқасына осындай өзгеріс енгізілген.
«Жаңа туған сәбилер мен олардың ата-аналарын қамтамасыз ету мақсатында бала бір жасқа толғанға дейін ата-анасы жұмысқа шықса немесе кәсіпкерлікпен айналысса да оларға әлеуметтік жәрдемақыны төлеуді жалғастыра беру ұсынылады», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.
Сондай-ақ, Жақыпова 2020 жылы бала бір жасқа толғанға дейін берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бір бала үшін 15 050 теңге, екі балаға – 17 794 теңге, үш балаға – 20 512 теңге, ал төрт және одан да көп бала болған жағдайда 23 255 теңге болатынын айтты.