Мамандық таңдау түлектер үшін ең маңызды шешімдердің бірі екені белгілі. Болашақ мамандықты адаспай таңдаған жастың өмірде де жолы болады. Бұл орайда мен дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын.
Мен – Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылының тумасымын. М.Ахметбеков атындағы орта мектепті тамамдаған соң М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне “Машина жасау” мамандығы бойынша оқуға түстім. Әрбір ер-азамат техникаға жақын келеді ғой. Мен де техникалық мамандықты таңдадым. Қолыма диплом алғаннан кейін “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ына жұмысқа орналасуды жөн көрдім.
Бүгінде мен ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорынның инженерлік орталығының инженер-технологімін. Мұнай өндіру мен өңдеуге қажетті қондырғылар және құралдар шығарумен айналысатын, сонымен қатар энергетика, жүк тиеу-түсіру, темір жол салаларының да тапсырыстарын орындайтын зауытымыздың бұйымдары елімізде де, шетелде де сұранысқа ие.
Менің міндетім – дәнекерлеу жұмыстарын қадағалау және дәнекерлеу қондырғысының істен шықпауына бақылау жүргізу. Сондай-ақ, еңбек шығынын азайту үшін дәнекерлеудің заманауи түрлерін енгізуге де жауап беремін. Яғни, ғылыми-техникалық жетістіктер мен тәжірибелерді зерттеймін. Технологиялық құжаттарды даярлау, дәнекерлеуге қажетті материал мен электр қуатының жұмсалуын қадағалау да менің құзырымда.
Зауыттағы әрбір қызметкер әкімшіліктің алға қойған міндеттерін бұлжытпай орындау үшін белсенді жұмыс істейді. Кәсіпорын табалдырығын аттаған жас мамандарға көрсетілетін қолдау зор. Жұмысшылар арасында да өзара түсіністік орнаған, соның нәтижесінде жұмысымыз өрге басуда.
Әділбек ХАМИТОВ, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның инженер-технологі.