Биыл қайда болмасын қар жылдағыдан көп түсті. Осыған орай тас жолдағы жағдай автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыруда. Жақында “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ-ның облыстық филиалы жергілікті тілшілер үшін баспасөз турын ұйымдастырып, өңіріміздегі республикалық маңызға ие жолдарды қардан тазарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.
Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1468 шақырымды құрайды. Олардың басым бөлігі аталмыш мекеменің қарауында.
– Үстіміздегі жылы бұл жолдарды күтіп-ұстау, яғни қардан тазалау, инертті материалдар төсеу жұмыстарына ел бюджетінен 1,6 млрд. теңге бөлінді. Қыс уақытында бұл қаражаттың 400 млн. теңгесін игердік. Бүгінге дейін облыс бойынша бір мыңнан астам қар тоқтататын қалқан орнатылды, – деді “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев.
Оның айтуынша, республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстаудың 2018-2019 жылдарға арналған жоспарына сәйкес көктайғаққа қарсы материалдарды уақтылы себу және көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылған. Мақсатты жұмысқа 80 арнайы техника, екі жүзге жуық маман тартылған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен “Астана – Петропавл” тасжолының жағдайымен танысты. Тасжолдың 473-ші шақырымында бұрылыстар көп. Сондықтан бұл учаскеде автокөлік апаттары жиі орын алады. Әсіресе, қыстыгүні оқыс оқиғалардың саны арта түседі. Қазіргі кезде бұл учаске полиция қызметкерлерінің жіті бақылауында. Сондай-ақ, өтпе жолдарды қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп, жол белгілері қойылуда.
Мекеменің бас инженері Азамат Шүбековтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті техника жеткілікті.
– Осыдан үш жыл бұрын бұл учаскеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда жолдың дөңес және төмен орналасқан жерлеріне инертті материалдарды төсеудеміз. Бүгіндері тасжолдың бұл учаскесін күтіп-ұстау жұмыстарына 28 арнайы техниканы жұмылдырдық. Олардың қатарында автогрейдерлер және “КамАЗ”, “ЗИЛ” көліктері бар, – дейді Азамат Амангелдіұлы.
Қиылыстарға және қауіп-қатері мол жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себілуде. Биылғы қысқа арналып 2500 тонна инертті материал дайындалған. Бүгіндері оның 1650 тоннасы пайдаланылды. Ал қалғаны қорда сақтаулы.
Бұл жұмыстарға сыпыратын, құм төсегіш және қысқы уақытта жолдарды қардан тазартуға арналған техникалар пайдаланылуда. “Урал” автокөлігінің жүргізушісі Анатолий Самковский – жол саласында 40 жылдан астам уақыттан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол бір тәуліктің ішінде 500 шақырымға жуық жолды қардан тазартуға атсалысуда.
– Біз уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Көктайғақ кезінде жолдарға құм төсейміз. Жасыратыны жоқ, жұмыс барысында кейбір жүргізушілер жолдарды қардан тазартуымызға кедергі келтіреді. Біздің жұмысымыздың маңызын түсінбей жатқандар бар. Сонымен қатар көктайғақта жолдан шығып кетіп, жыраларға түскен көліктердің жүргізушілеріне де көмек көрсетеміз, – деді Анатолий Самковский.
“ҚазАвтоЖол” мекемесінің мамандары республикалық маңызға ие жол бойындағы бағандарға, электронды таблоларға және ескерту белгілеріне де жауапты. Яғни, аталған мекеме трассалардың шетіне осындай белгілер мен құрылғыларды орнатуы тиіс. Қысқы кезеңде жолдардың бойына 210 ескерту белгісі қойылған.
Астраханка ауылының жанындағы 444 шақырымдағы жолға да автомобиль жылдамдығын көрсететін қондырғы қойылған. Яғни, бұл жерде “темір тұлпардың” жылдамдығын 60 шақырымнан асыруға болмайды. Жүргізуші ережені ескермеген жағдайда қызыл түс жанады. Әзірге облыс бойынша осындай бір құрылғы ғана бар. Мамандардың айтуынша, заманауи жабдық жол-көлік оқиғаларының алдын алады. Алдағы уақытта мұндай құрылғылар басқа да қауіпті учаскелерде орнатылмақ.
Журналистер бұдан кейін Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылына аялдады. Болатбек Айтбаевтың айтуынша, республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының бойында 5 өндірістік база, 11 жылыту қосыны бар, көмір, құм, жанар-жағармай және тағы басқа материалдар қоры дайындалған.
“ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ-ы облыстық филиалының мамандары алдағы уақытта облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің құтқарушыларымен бірге көктемгі су тасқынының алдын алуға білек сыбана кіріседі. Яғни, мамандар жоласты құбырларын тазалауға және қауіпті учаскелердің бойына ескерту белгілерін орнатуға әзірленуде.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.