«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАУРЫЗ – ТОЙДЫҢ ТӨРЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ырыс пен берекенің бастауы болған Наурыз мейрамын биыл өңірімізде кең ауқымда атап өту жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

– Тарихы тереңнен тамыр тартқан Наурыз мейрамының біздер үшін маңызы зор, мәні терең. Қытымыр қыстан аман-есен шығып, шуақты күнді қарсы алған жұртшылықтың бір-бірімен көрісіп, табысуы үлкен қуаныш. Өзге өңірлерде көрісу немесе амал дәстүрі наурыз айының 14-інен бастау алады. Облыстық ардагерлер кеңесі биыл бұл дәстүрді жаңғыртуды көздеп отыр, – деген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин жыл басы жақсылыққа толы болуына тілектестік білдірді.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов өңірде Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтетін шараларға тоқталды. Наурыз мейрамы аясында кең ауқымды мерекелік бағдарлама дайындалған.
Мереке қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейі қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақ хандығының құрылу тарихымен, сондай-ақ, Ұлы даланың этнографиясымен таныстырса, облыс орталығындағы кинотеатрларда белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевтің Қазақ хандығының құрылуына негізделген “Қазақ елі. Алтын тақ” фильмінің тұсаукесері өтеді.
Негізгі шаралар 21 наурыз күні Петропавл қаласындағы орталық алаңда жалғасын таппақ. Театрландырылған көрініс барысында ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүрді насихаттау жоспарлануда. Бұл шаралардың барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы аясында жүзеге аспақ. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Мәдени-бұқаралық шаралар облыс аудандарында да кеңінен ұйымдастырылмақ.
Баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова амал мерекесінен бастау алатын Наурыз мейрамы қарсаңында өтетін әр шараның маңызын сөз етті.
– Өңірімізде мерекелік шаралар 14-ші наурыздан бастау алады. Қарттарға қамқорлық көрсету, үлкендерден бата алу, тазалық акцияларын ұйымдастыру көзделуде. Жастардың қатысуымен де жиындар ұйымдастырылмақ. Көпбалалы аналарға, жалғызбасты қарттарға, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көрсетілетін болады, – дей келе Әсем Қалашбайқызы аулаларда Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі биыл да жалғасын тауып, әрбір кәсіпорында, ұжымда мерекелік жиын мен ұлттық киім апталығы өтуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, ол облыстық отельерлер мен рестораторлар қауымдастығына Ұлыс мейрамы қарсаңында мейрамханалардағы ас мәзіріне ұлттық тағамдарды енгізу ұсынылғанын жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp